200-ден астам әскери қызметкер студенттік жатақханаға орналастырылды.

– Павлодарда біздің әскери қызметшілер үшін тамаша жағдай жасалды, – деп атап өтті «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Талғат Сапарбаев. – Тамақтану мен тұруға қатысты ешқандай мәселе жоқ.

Облыс әкімі қиын-қыстау кезеңдерде әрқашан әскери қызметшілерден көмек сұрайтынымызды атап өтті.

– Біз Қорғаныс министрлігінің басшылығынан Павлодар облысында дезинфекциялық жұмыстар жүргізуге көмек көрсетуін өтінген едік. Өтінішімізге оң жауап алдық, – деді Әбілқайыр Сқақов. – Сіздердің қойылған тапсырманы белгіленген мерзімде орындап шығатындарыңызға сенімдімін. Еңбектеріңіз үшін үлкен рахмет!

Әскери қызметшілер бір апта бойы Павлодар қаласының қоғамдық орындарын санитарлық өңдеумен айналысады. Облыс орталығы алты секторға бөлінді. Дезинфекция жұмыстары «Химқалашық» шағын ауданынан басталды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz