Бұрнағы күні облыстық полиция департаменті өкілдері журналистермен бірге Шідерті кенті маңындағы блок-посттың жағдайын бақылап қайтты. Аңғарғанымыз, көлік қозғалысы кәдімгідей саябырлаған. Павлодар қаласынан Шідерті кентіне дейінгі жолда жеңіл көлікті кездестірмедік десек те болады. Ара-тұра жүк көліктері жүйткіп жатты.

Әу баста блок-постты Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларына бұрылыс жолда орнату көзделіпті. Алайда ол учаскеде көпір құрылысы жүргізіліп жатқандықтан, Шідерті кентінің дәл тұсына қойылған. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың мәліметінше, жол шектеу кезінде азық-түлік және басқа да тауарлар тиелген транзиттік жүк көліктері, дипломатиялық қызмет, медициналық көмекке зәру азаматтар ғана қатынай алады. Сондай-ақ, жұмыс барысымен іссапарға шығатындар арнайы рұқсат қағазын көрсетуі тиіс.

- Блок-постта құқық қорғау, медициналық қызмет және әкімдік қызметкерлерінен жасақталған 12 адам тәулік бойы кезекшілік етеді. Қажетті құрал-жабдықтар жеткізілді. Бұдан бөлек, облыс аумағының елді мекендерінде жол-патрульдік қызметінің сақшылары тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі сақтық шараларын түсіндіруге көшті. Кезекшілікке 1000-ға жуық қызметкер тартылды. Сөйтіп, 100 шақты маршруттық бағыт бақылауға алынды, - дейді Ж.Қайыров.

Жолдың екі бойында орналасқан карантиндік бекеттерде жұмыс қауырт. Әсіресе, Павлодар облысына кіретін шекарада 10-нан аса жүк көліктері кезек күтіп тұр екен. Екібастұз қаласының тауарлар, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен  қауіпсіздігін бақылау бөлімінің бас маманы Күміс Айтбаеваның мәліметінше, карантиндік бекет іске қосылғаннан бері 1200-ден аса азамат тексерістен өткен. Ешкімнен вирус белгілері анықталмапты.

- Карантиндік бекетке кірген адам ең әуелі антисептикпен қолын залалсыздандырады. Кейін 12 сұрақты қамтыған анкетаны толтырады. Соңғы кезекте жолаушының дене қызуы өлшенеді. Әр адам кем дегенде 5-10 минут уақытын жоғалтады. Уақытты тиімді пайдалану үшін кезек күтіп тұрған азаматтарға анкетаны алдын ала таратып жатырмыз. Көбіне көкөніс, азық-түлік өнімдері тиелген жүк көліктері қатынап жатыр. 2 сәуір күні сағат түнгі 00.00-ден таңғы 8.00-ге дейін 99 көлік өтті. Әсіресе, түстен кейін көлік қозғалысы күрделене түседі,- дейді К.Айтбаева.

Көлік жүргізушісі Рафаэль Сағитов Павлодар қаласынан елордаға азық-түлік өнімдерін тасымалдауда.

- Алматы қаласының тұрғынымын. Нәпақа табу үшін еліміздің кез келген облысына қатынай береміз. Павлодарға банан әкелген едім. Енді кері қайтып барамын. Кезекте 30 минут уақыт күтіп тұрдым. Жүргізушілер біраз уақытын жоғалтса да, сақтық шараларының маңызын түсініп отыр, - дейді Рафаэль.

Бозшакөл тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейтін екібастұздықтар арнайы рұқсат қағазын көрсетіп қатынап жүр. Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Наталья Нефедованың айтуынша, көмірлі шаһарда жағдай тұрақты. Тек 6 адам провизорлық стационарда бақылауда.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ.

saryarka-samaly.kz