Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу», – деп атап көрсетті. Озып тұрған отыз елдің сапына қосылудың алғашқы қадамы – «Жаһандағы заманауи мәдениет» жобасын іске асыру екені даусыз. Мәдениетімізді жаңа сатыға көтеріп, дәріптеу үшін біз кітапты айналып өте алмаймыз. Осы жерде бір мәселе бар. Бүгінде кітапхана сөрелерінде сиясы кеппеген әдеби туындылар сиреп қалды. Неге? Себеп мынада. Дәл қазір кітап жазып, байып кету ешкімнің қолынан келмейтіні айдан анық. Себебі, қаламгерлерге мардымды қаламақы төленбейді. Тіпті, кейбірінің жаңа кітаптары елеусіз қалып та қояды. Бүгінде осы олқылықтың орнын еліміздегі кітапханалар толтыруға тырысып отыр. Зиялы қауымның, қаламгерлердің тың туындылары рухани жаңғыруға ықпал ететіні мәлім. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын-жазушылардың  шығармашылығына, жаңа кітабының тұсаукесеріне, мерейтойларына жергілікті кітапханалар көңіл бөліп отыр.

Ең бастысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы сан қырлы. Бағдарлама негізінде С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана құлашын кеңге жайып, рухани бағыттағы жұмыстарды кедергісіз атқаруға мол мүмкіндік алды. Бағдарлама іске қосылған алғашқы жылдың өзінде кітапханада бірқатар тың жобалар атқарылды. Мәселен, 2017 жылдың 20 қыркүйегінде облыстық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, рухани әлемге жетелейтін тамаша көрме ұйымдастырды. Көрмеде облыстық кітапхана қорынан 200–ден аса басылым таныстырылған. «Ұлы даланың жаңғыруы», «Рух мәдениеті – асыл қазына», «Туған жерге тағзым», «Қазақ әліпбиінің тарихы» бөлімдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бөлімдерінің мазмұнын аша түсті. Бұдан бөлек «Кітапхана әлемі» атты Кітапхана түні де оқырмандарға ерекше әсер қалдырды. Өткен жылдың 20 қазанында ғалым, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезовпен кездесу өтті. Сонымен қатар 2017 жылдың 25 қазанында қоғамдық– демократиялық Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Азаттықты аңсаған Алаш» атты дөңгелек үстел өтіп, зиялы қауым өкілдері жас ұрпаққа кешегі Алаш қайраткерлерінің жанкешті еңбегі туралы келелі әңгіме өрбітті. Сондай-ақ облыстық «Ақбеттау» журналының тұсаукесер рәсімі облыстық кітапханада өтті. Мұндай игі шаралар тек облыстық кітапханада ғана емес, ауылдық өңірлерде де ұйымдастырылды. Мәселен, Шарбақты ауданының орталық кітапханасында облысымыздың барлық кітапханалық мамандарының қатысуымен «Рухани қазына» жобасы шеңберінде «Кітапхана – рухани байлық мекені» атты облыстық семинар–departure өтті.

«Туған жер» бағдарламасы аясында Шарбақты орталықтандырылған кітапханалық жүйе мамандары әзірлеген «Александровка - құтты мекен, ырысты өлке» атты жергілікті сайттың тұсауы кесілді. Сондай-ақ Павлодар облысының кітапханалары арасында «Тарих альбомы ашық» үздік мультимедиялық веб-ресурсы конкурсының қорытындысы бойынша үздік шығармалар марапатталып, бағалы жүлделер табыс етілген еді. Былтырғы 30 қарашада «Есімдер шоқжұлдызы: Павлодар облысының мәдениеті мен өнері» атты жаңа web-жобаның тұсаукесері өтті. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде жасалып, Павлодар облысының 80 жылдығына арналған. «Есімдер шоқжұлдызы: Павлодар облысының мәдениеті мен өнері» атты электронды ресурсқа өңірдің мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы туралы құрылымдалған мәліметтер жинақталған.

2018 жылы бағдарламаның жүзеге асу қарқыны үдей түсті. Сол жылдың 8 қаңтары күні облыстық кітапхананың «Айна» галереясында қойылған «Рухани жаңғыру» кітап көрмесін Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Айзада Құрманова мен Айгүл Нуркина тамашалады. Кітап көрмесінің «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны», «Тәрбие және білім» атты бөлімдері оқырмандарды Қазақстанның тарихы мен әдебиеті, мәдениеті, рухани қызынасымен таныстырады. Былтырғы жылдың 30 сәуір күні облыстық кітапхана «Мәңгілік ел» этноауылында жалпықалалық «Наурыз мейрамы» мерекесін өткізу шеңберінде Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының 4-бөлімінің 3-тарауы бойынша «Рухани жаңғыру» кітап экспозициясын көпшілікке таныстырды. Көрмеде қазақ және орыс тілдеріндегі 100–ден аса басылым тамашалаушылардың назарына ұсынылды. 3 тамыз күні Қазақстанның көрнекті ғалымдары, тіл мамандары, әдебиет сыншыларының қатысуымен «ҰЛЫ ДАЛА МҰРАСЫ: ТАРИХ, ТҰЛҒА, ТАҒЫЛЫМ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Атап өтерлігі, облыстық кітапхана келушілерге кітап оқытумен ғана шектелмейді. Бүгінде кітапхана қоғамның көптеген саласына бейімделген әмбебап орынға айналды. Мәселен,  2018 жылдың 22-24 қазан күндері аралығында облыстық кітапханада «Интенсивная подготовка кадров для реализации программы модернизации общественного сознания «Рухани жаңғыру» тақырыбында семинар-тренинг өтті.  Семинарға мемлекеттік және жергілікті басқару органдарының қызметкерлері, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің басшылары, БАҚ пен қоғамдық ұйымдар өкілдері, студенттер қатысты. Семинар тақырыбы қызықты және әркелкі болды. Әртүрлі бағытта квалификацияланған жаттықтырушылар семинарға қатысушыларға дәріс өткізді. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы басқару институтының директоры Ерлан Әбіл, Қазақстандық медиация орталығының директоры И.Виговская, халықаралық сертификатталған жаттықтырушы Р.Рузахунова, қаржы порталының директоры А.Чеботарев, еркін журналист А.Джалдинов, «Мирас» қоғамдық кеңесі мен насихатты-ақпараттық топтың, «Nur Оtаn» партиясының мүшесі К.Қазбеков және тағы да басқа азаматтар бар. Аталған тренингтер «Рухани жаңғыру» бағдарламасының БАҚ пен әлеуметтік желілерде жоспарлануы мен алға жылжытылуына, сыртқы және ішкі байланыстың нәтижелі жүргізілуіне, сандық жүйеге көшірілуге, этносаралық саясатқа және тағы басқа тақырыптарға арналды.

2019 жылы кітапхана танымдық тақырыптарға көбірек көңіл бөлді. Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәрістер, лекциялар, конференция- лар жүйелі түрде өткізілді. «Археологиялық мұражайлар құру бойынша атқарылған жұмыстар. Торайғыров сақ қорғанына зерттеу жұмысын жүргізу, «Кемпіртас» тас қабірі, «Әулиекөл археологиялық кешені» тақырыбында тарих ғылымдарының кандидаты, Margulan Centre орталығының директоры Тимур Смағұлов дәріс оқыды. «Латын әліпбиіне көшу - өркениетке бетбұрыс» тақырыбында тіл жанашыры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы, «Қазқонақ – табиғаттың қайталанбас ескерткіші» тақырыбында мәдениеттанушы Валентина Алиясова мол мағлұмат ұсынды. Сонымен қатар облыстық кітапхана белгілі жыршы, абайтанушы Даниял Әсеновпен бірге Павлодар – Нұр-Сұлтан - Павлодар бағытындағы электропойызда «Абай жолы» жобасын ұйымдастырды. Еларалық іскер жастардың бастамаларын қолдауға арналған «Zhastar» жобасы да көптің көңілінен шықты. Жыл соңында «Кітапхана - тарихи білім орталығы» атты халықаралық конференция облыстық кітапханада өтті. Шара Елбасы бағдарламасында көрсетілген «Бәсекелік қабілетті» арттыруға мол мүмкіндік берді. Ауқымды шараға Қазақстан, Ресей, Моңғолия елдерінен белгілі ғалымдар мен кітапханашылар қатысып, тәжірибе алмасты. Жиын барысында заманауи технологиялар жетістігін кітапхана саласында тиімді пайдалану, дамыған елдердің кітапхана жұмысында қолданысқа енгізген озық нәтижелерін сараптау, мемлекеттер арасындағы әдеби, рухани сабақтастықты арттыру секілді бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер қарастырылды.

Ал 2020 жылы кітапхана ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды жалғастыру мақсатында көптеген жобаларды қолға алуда. Бұл бағыттағы жұмыстарға өскелең ұрпақ пен алдыңғы толқын арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға арналған «Ұрпақтар сабақтастығы», кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға арналған облыс орталығындағы қоғамдық орындар мен әртүрлі мекемелерде ұйымдастырылған «Кітапкеруен» жобасын, Қостанай мен Павлодар аймақаралық әдеби ахуалды дамытуға бағытталған «Ертіс пен Тобыл арасы» онлайн телекөпірін айтуға болады.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсетілген «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға да айырықша көңіл бөлінуде. Мәселен, кітапхана ұжымы 2018 жылдан бері «Павлодар облысы баспасының цифрлық банкі» авторлық жобасын қолға алды.  Қазіргі уақытта «Қызыл Ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетінің  1943 жылдан бергі нөмірлері, «Объединение» (қазіргі «Звезда Прииртышья») газетінің 1919 жылдан бастау алатын шығарылымдары цифрландырылуда. Бүгінге дейін аталған екі басылымның 6 мыңнан астам нөмірінің электронды нұсқасы жарыққа шықты. Көнерген басылым беттері бүгінде тозығы жетіп, үлбіреп тұр. Газеттердің кейбір парақтары жыртылып қалған. Жазулары да дұрыс көрінбейді. Сандық жүйеге ауыстыру барысында газеттер барынша қалыпқа келтірілді.

Аталған бастама Павлодар облыстық мемлекеттік архиві мен өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып отырған «ERTIS MEDIA» ЖШС, Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл жұмысты іске асыруда кедергілер де жоқ емес. Мәселен, 90 жылдық тарихы бар қазіргі «Saryarqa samaly» газетінің алғашқы нөмірлері ешқайда сақталмаған. Әзірге біздің қолымызға түскен қазақ газетінің ең көне шығарылымы - 1943 жылғы. Аймақтың басты басылымы - «Saryarqa samaly» газетінің алғашқы нөмірлерін табу жұмысы  алдымызда тұр.

Аталған жобада газеттер ғана емес, сирек кездесетін кітаптарды да цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр кітапхана қорындағы 1882 дана сирек кездесетін кітап сандық форматқа көшті. Биыл да осындай көлемдегі кітаптарды цифрландыру жоспарда тұр. Бұл жұмыстар кітапханамыздың «Онлайн кітапхана» жобасында жүзеге асуда. Тың жоба өзгелерден заманауи қырымен ерекшеленеді. Жаңа жоба негізінде оқырман сайтқа кіріп, өзі іздеген кітаптың облыстағы қай кітапханада тұрғандығы жайлы мәлімет алады. Әрі сол кітапқа тапсырыс беру мүмкіндігіне де ие болады. Егер тапсырыс берген кітабы шалғайда болса, электронды нұсқасын «Онлайн кітапхана» сайтынан оқуға мүмкіндігі бар.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру негізінде кітапхана өлкетану жұмыстарына білек сыбана кірісті. Бүгінде облыстық кітапханадан арнайы бөлім ашылып, өлкетану саласындағы мәселелер, аймақтың жеткен жетістігі кітапхананың ресми сайтында жүктелуде. Кітапхананың ресми сайты арқылы кез келген адам өзіне қажетті мәліметтерді ала алады. «QR кітапхана», «Ертістің Павлодар өңірінің әдеби картасы», «Есімдер шоқжұлдызы», «Павлодар - Қазақстанның индустриалды жүрегі», «Баспаның цифрлық банкі», «С.Торайғыровтың виртуалды энциклопедиясы», «Шекарадағы кездесу» секілді облыстық кітапхананың ресми сайттарынан сан қырлы ақпараттар алуға мол мүмкіндік бар.

Бүгінде шығыс ғұламасы Әбу Насыр Әл- Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Алтын орданың 750 жылдығына арналған шаралар жүйелі түрде өтуде. Абайға арналып кітапханамызда «Абай алаңы» ашылды. Сонымен қатар, «Абай - әр үйдің төрінде» кітап сыйлау акциясы ұйымдастырылуда. Көзі көрмейтін және нашар көретін аламдарға арналып нүктелі қаріпте Абай өлеңдерінің топтамасы жарыққа шықты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы жарияланған төтенше жағдайлар кезінде де тоқтаған емес. «Коронотерапия» жобасы негізінде көптеген жұмыстар онлайн режимінде атқарылуда. «Абаймен серуендеу», «Кітап оқу марафоны», «Дәстүрлерді дәріптейміз», «30 тәулікте - 30 кітап», «Бір ел, бір кітап - 2020» секілді басқа да тың жобалар кітапхана жұмысының алға басуына оң ықпал етуде.

Қорыта айтқанда, жарияланғанына үш жыл болған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамға қажетті, үлкенге де кішіге де маңызды рухани бағыттағы көптеген жұмыстарға бастама болды. Жол ашты. Болашақта аталған бағдарламаның жүзеге асырылу сапасы арта түсеріне сенім мол. Бастысы, тәп-тәуір бағдарлама науқаншылдыққа айналып кетпесе болғаны. 

 

Қарлығаш ҚАШҚЫНБАЙҚЫЗЫ, кітапхана қызметкері.

saryarka-samaly.kz