Спортшымен кездесу барысында аймақ басшысы Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет павлодарлық боксшы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия жеңіп алғанын атап өтті.

- Бұл – Павлодар облысы үшін де, бүкіл еліміз үшін де аса елеулі оқиға. Әрине, сіз көп уақыт пен күш-жігеріңізді осындай жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін жұмсағаныңызды ескерсек, ең алдымен, бұл сіздің еңбегіңіз. Осындай үлгі аларлық істерге қарап, өскелең ұрпақ спортты таңдап, республикалық және әлемдік аренада біздің өңірді даңққа бөлейді деп үміттенемін. Өз тарапымнан Олимпиадаға дайындалуға барынша қолдау көрсетемін, - деді Ә.Сқақов.

Серік Теміржанов Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу құқығын биыл наурыз айының басында Иорданияда өткен іріктеу турнирінде иеленді. Өкінішке қарай, коронавирус пандемиясының салдарынан Олимпиада ойындары 2021 жылға шегерілді.

- Шын мәнінде, осындай үлкен турнирде шаршы алаңға шығуға үлкен ниет бар. Бірақ қазір әлемде орын алған жағдай әр адамның жоспарына түзету енгізді. Енді менің әлемдік аренада өнер көрсетуге дайындалуға уақытым жеткілікті, - деді Серік Теміржанов.

Облыс басшысы талантты боксшыға және бапкерлік штабына толағай табыс тіледі.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz