Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: - рухани жаңғыру» атты мақаласы 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланды. Бұл ел халқының мүддесімен, идеяларымен, құндылықтарымен тығыз байланысуы арқылы үлкен қолдауға ие болды. Осы үш жылда жаһандық әлемдік ауқымда ел мен облыс өмірінде көптеген маңызды оқиғалар, игілікті істер орын алуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарла-масының басты бағыттары сана мен ойлаудың жаңа моделін қалыптастырумен байланысты екенін анық түсінеміз. Бұл тек өз мәдениетіне, тарихи тәжірибесіне, ұлттық-мәдени тамырларға арқа сүйеу ғана емес, сонымен қатар, адамзатқа төнген қауіп алдында ұлт бірлігінің ауадай қажет екендігін түйсінуімен құнды деп білеміз.

«Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңа бастамаларға ерекше серпін берді. Сол бастамалардың бірқатары үш жыл ішінде облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде іске асты. Атап айтқанда, музей алғашқылардың бірі болып флэшмоб өткізді: қыс мезгілінде музей ауласындағы аппақ қарға салынған «Рухани жаңғырудың» ресми логотипі - түрлі түсті құс бейнесінің айналасында зиялы қауым өкілдері - ақындар, жазушылар, журналистика ардагерлері, жас ақындар мен музей қызметкерлері жиналды. Олар өз туған ел мен жеріне арналған шығармаларын оқыды. Бұл шара құс биігінен квадрокоптер арқылы түсірілді.

Жас ақындар шығармашылығын насихаттау мақсатында «Тарихым өлеңде» атты мазмұнды жоба іске асырылды. Бұл жоба арамызда нағыз отансүйгіш жастардың баршылық екенін көрсетті. Туған жердің қадір-қасиеті мен келбетін жырға қосқан талап-керлер арасында Бейбіт Бөжен, Алмас Ақтасов, Алтынбек Мақсатхан, Оразбек Саят, Алтай Кәдірбек, Еламан Хасен, Ерболат Әміренов, Бақытжан Хакім, Алпысбай Хонж, Айбек Оралхан, Қуандық Башойдың шығармалары жеке дискімен шықты және әлеуметтік желілерде таратылды. 

«Рухани жаңғыру» бағдарла-масы туған өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеуге ерекше серпін бергені даусыз. Облыс көлеміндегі тарихи және рухани, киелі орындар: Әулиекөлдегі Исабек ишан мен Жандарбек қожа, Шарбақты ауданындағы Ғабдыл Уахит Хазірет, Ескелдідегі Мәшһүр Жүсіп кесенелеріне мектеп, лицей оқушыларына, колледждер мен жоғары оқу орны студенттері  үшін экскурсиялар  ұйымдастырылды. Тағы бір жаңалық - белгілі қоғам қайраткері, Тереңкөл ауданының тумасы Сайділдә қажы (Шайдолла) Түйтібекұлының жерлеу орны Павлодар облысындағы киелі жерлер географиясының картасына енді. Оның жақында табылған жеке заттары - Құран, қолжазбалар, тақиясы келушілердің қызығушылығын тудырды. Қазіргі таңда Сайділдә қажының өмірі мен қызметі туралы, оның білім беделін, сауаттылықты, жоғары рухани мәдениетті нығайтуға қосқан үлесі жайында толық ақпараттар жинақталды.

Павлодар ауданы әкімдігінің қолдауымен «Ел іші - өнер кеніші» атты мәдени-көпшілік бағдарлама іске асырылды. Мәдениет үйінің фойесінде «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі қонақта» атты ауқымды тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Новоямышево ауылының тұрғындары Бұқар жырау Қалқаманұлы мен аты аңызға айналған Абылайханның қазақ этносының тарихында ерекше орын алатын театрландырылған қойылымды жылы қабылдады.

Өткен жылы «Кино әлеміндегі Ертіс-Баян өңірінің ұлы тұлға-лары» циклды кинолекторийлерде (Ш.Айманов атындағы кинотеатрдың  №3 кинозалында режиссердің дәл туған күнінде өткізілді), «Актер, әнші Кәукен Кенжетаев», «Қуат Әбусейітов - алғашқы дубляж жасаушы режиссер» (Қ.Әбусейітов атындағы орталықта) атты кештерде басты кейіпкерлерінің қатысуымен түсірілген киноленталар көрсетілді.

Жас дарындар әрқашан музей қолдауына ие. Соның бір мысалы - Жастар жылы музейде «Жастар залы» ашылды. Көптеген шығармашыл жастар Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өнер көрсету құрметіне ие болды. Тағы бір жаңалығымыз - жаңа форматта ұйымдастырылған «Поэзия шеруі» байқауы табысты өтті. Байқауға қатысушылар Павлодар өңірінің жетістіктерін жырлауға алдын ала тапсырма алды. Фестиваль аясында жас ақындар арасында «Бұқар жырау ауылында» атты сайыс өтті. Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушылар дипломдармен, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Алғаш рет музей тарихында «Дала фольклорына мың жыл» атты фольклорлық-этнографиялық экспедиция өткізілді. Экспедицияға қатысушылар Железин, Ақтоғай және Тереңкөл аудандарында фольклорлық материалдарды жинай отырып, үш аудандағы 20-дан астам елді мекенге барып, осы аудандар тарихының білгір-лері - 12 ақсақалмен кездесті. Жиналған материалдардан ірік-теліп «Сыр сандық» атты жинақ жарыққа шықты.

Павлодарлықтар арасында шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай іске қосылған «Рухани кортеж» акциясы кеңінен танымал болды. Әрбір көлік жүргізуші музейге келіп, қалауы бойынша қос көрнекті қайраткердің қанатты сөзі мен портретін өзінің темір тұлпарына жапсыртып алды. Бүгінгі күні қаладағы көптеген көліктер ұлы философтардың портреттерімен, қанатты сөздерімен безендірілген. Аталмыш акция жалғасын табуда.

Биылғы жылы «Менің сүйікті ақыным» атты  мобильдік поэзия жоба қолға алынды. Бұл жобаның бастамасы елде жарияланған төтенше жағдаймен сәйкес келді. Әлеуметтік желілерде павлодарлық танымал ақындар - Арман Қани, Шолпан Байғалы, жас ақындар - Еламан Қабдыләшім, Нұрбек Кеңесбай өз өлеңдерін оқыды. Жобаны басқа өңірлердің, атап айтқанда, Алматы, Түркістан, Семей қалаларының, тіпті Моңғолияның белгілі ақындары қолдап, жалғас-тырып әкетті. Танымал ақын, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы біздің бастамамызды қолдап, өзінің жалынды өлеңін жолдады.Ал поэзияны сүйіп оқитын жастар ақын Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың және Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқуда. Жүрек тереңінен шыққан бұл жолдар махаббатқа, жарқын болашаққа деген сенімге толы.

Ең бастысы, біз біргеміз! Қоғамдағы рухани серпілісті, ел болашағы үшін атқарылып келе жатқан ізгіліктерді қолдаймыз. Биыл жарыққа шыққанына 3 жыл толған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының көздегені де осы!

 

Мағзия  ӘБЕНОВА, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі басшысының орынбасары.

saryarka-samaly.kz