Батырлардың Ұрпағымыз

Жауапкершілікті сезінуден туындайтын саналы ұрпақтың әрекеті ата-баба өсиетін жалғастырушы деп түсінемін. Менің ойымша, бұл тақырып жас ұрпақ, бізді маңызды ой толғауға, пікір білдіруге ойландыратыны анық. Себебі, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары қаншама жауынгер бабаларымыз ұрыс даласында қалың жаумен бетпе-бет шайқасты. Біздің жарқын өміріміз үшін естен кетпес ерлік жасаған аталарымыздың бірі -  Қорабай Балкенов.

Біз – Ұлы Жеңістің мұрагерлеріміз. Иә, жарқын болашағымыздың амандығын сақтап, ата-бабамыздың аманатын мұра еткен ұрпақпыз. Ал біздің отбасымыз май-дангер Қорабай Балкеновтің ерлігімен мақтанады. Бұл – біз үшін құнды тарих.

Қорабай атамыз соғыс жылдары барлаушы қызметін атқарған. Еліне аман-есен оралып, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, үш дүркін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ерлігі - бізге және келешек ұрпаққа үлгі. Ол үшін біз әрқашан бас иеміз.

Ұлы Абай атамыздың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» дегеніндей, ел іргесінің нық қалануына әрқайсымыз міндеттіміз. Жеңіс күнін бізге сыйлаған бабалар ерлігін мақтан етемін. Мен де өзімді Ұлы жеңістің мұрагерімін деп есептей отырып,  болашақта Отаным үшін майдангер атамның ерлігін қайталауға, ата-ана үмітін ақтауға дайынмын.

Қорыта келе айтарым, қан майданда ұзақ жылдар бойы жаумен арпалысқан барша бабаларымыздың ерлігін ұмытпайық. Батырларға мереке қарсаңында ғана емес, басқа уақытта да құрмет көрсетейік.


Атамды үлгі тұтам!

Менің атам Болат Жапарханов – тыл ардагері. Ол тың игеру кезінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мол үлес қосқан. Біз оның өте еңбекқор жан екенін мақтан етеміз.

Атам 1930 жылы 28 қарашада Аққулы ауданының (бұрынғы Лебяжі) Черное ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған уақытта ол небары 11 жастан ғана асқан екен. Сол кезде атам жас болса да еңбекке ерте араласып, елі үшін аянбай тер төккен. Ал соғыстан кейінгі жылдары да қалалар мен ауылдарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына бір кісідей үлес қосады. Осы еңбегі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президенті атынан және Павлодар облысы атқару комитеті мен халық депутаттары Кеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері» медалі берілді. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 50 жылдығы мен 60 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен де марапатталды.

Мен атамның өте еңбекқор әрі мейірімді жан екенін білемін және оны үлгі тұтамын. Бүгінде ол арамызда жоқ болса да, халық үшін жасаған жақсы істері ешқашан ұмытылмайды.

Ақлима ҚАЙРОЛЛА, Потанин орта мектебінің 3-сынып оқушысы.


Мың тағзым!

Ұлы Отан соғысына көптеген қазақ жауынгерлері мен батырлары қатысты. Солардың бірі - біздің жерлесіміз, батыр атамыз Тұрсын Хамитов.

Ол 1914 жылы Павлодар облысында дүниеге келді. 1937 жылы колхоздың малын бақты. 1939 жылы әскерге шақырылып 45-атқыштар бөлімшесінде қызмет атқарып, сол жылы Фин соғысына қатысты. 1941 жылы Рига қаласының маңындағы Артиллерия полкінде қызмет атқарып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталды. Сөйтіп, ол соғысқа аттанады. 1942 жылы тамыз айында оның бөлімшесі қоршауда қалып, үш ай тұтқында болды. Бұдан кейін Беларусь майданында 138-атқыштар полкінде бақылаушы, кейін  Польша қалаларын жау қолынан азат етуге қатысты. Ал 1946 жылдың жазында армия қатарынан босатылып, туған еліне оралды. Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Соғыстағы ерлігі» ордендерімен, түрлі медальдармен марапатталды.

Кейін ауыл шаруашылығы саласына қосқан мол еңбегі үшін «Социалистік жарыстың иегері», «Еңбек ардагері» медальдарын тақты.

Бар ғұмырын халқына арнаған атамыз 2010 жылы өмірден өтті. Бүгінде оның өзі ортамызда жоқ болса да, ерлік істерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Жас буын осындай соғыс қаһармандарын танып, олардан өнеге алуы тиіс!

Шеризат МӘЖЕНОВА, Екішоқ орта мектебінің 9-сынып оқушысы, Железин ауданы.


Бас иеміз!

Менің нағашы атамның есімі - Сұлтан Әбелдінов. Ол - соғыс ардагері.

Атам 1924 жылы Омбы облысына қарасты Русская поляна ауданының Қаратал ауылында дүниеге келген.

1942 жылдың наурыз айында 10-сынып бітір-местен соғысқа аттанады. Майдан даласында 351-атқыштар полкінде Сталинградты қорғау үшін соғысады. Кейін ауыр жарақат алып, госпитальге түседі. Сауығып шығысымен сержант атағын алып, абыроймен еліне оралады.

Соғыс біткеннен кейін ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. Кейін отбасын құрып, балаларын тәрбиелеп өсірді.

Біз, Сұлтан атаның ұрпақтары, атамызды мақтан етіп, оның ерлігіне бас иеміз!

Әмір БЕКІШ, №14 мектептің 4-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.


Соғыс болмасын!

«Соғыс» деген суық сөзді естіген адамның жүрегінде үрей болады. Ал үрейленген адамның бойын бірден қорқыныш сезімі билейді. Кітаптан оқып-білуімше, 1941 жылы басталған қан майдан сандаған адамның өмірін жалмаған екен. Мыңдаған азамат мүгедек болып еліне оралды. Көптеген бала әкесіз қалды.

Міне, биыл тарихта сызы қалған сол сұм соғыстың аяқталғанына 75 жыл толғалы отыр. Біздің халқымыз 75 жыл бойы 9 мамырда «Жеңіс күнін» тойлайды. Бұл күнді елге жеңіспен оралған аталарымыз бен олардың ұрпақтары ерекше атап өтетіні белгілі. Ал соғыстан оралмаған азаматтардың, яғни ерлікпен қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етіледі. Бұл - баршаға ортақ парыз.

Ал біз, бүгінгі ұрпақ, соғыс жылдарындағы балалардың басынан өткерген қиындықтарын көрген жоқпыз. Бейбіт күнде бақытты өмір сүрудеміз. Сол үшін де Аллаға шүкіршілік етуіміз қажет.  Өз басым жыл сайын 9 мамырда Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымызды еске аламын. Өзге балаларға да қан майданда елі үшін қаза тапқан батыр аталарымыздың ерлігін ұмытпай, солардан үлгі алыңдар деймін.

Ең бастысы, енді соғыс болмасын деп тілеймін!

Айзада САҒАДАТ, Б.Уахатов атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы, Аққулы ауданы.

saryarka-samaly.kz