Әріптестерім һәм туыстарым әзіл-шынын араластырып, ол кісіні «Фархаттың атасы» деп атайтын. Шынында да, біздің жақындығымыз ата мен немере арасындағы туыстық байланыспен бірдей еді. Ал бізді байланыстырған шалғайдағы Шұға ауылы болатын.

Төлеубек Қоңыр 1950 жылдардың соңында біз дүниеге келген Шұғада студенттік еңбек жасағының құрамында болып, жұмыс істеген. Осы ауылдағы Қазыкен, Қайкен, Бармақ бастаған жігіттермен бертінге дейін дос болған. Өкінішке қарай, аты аталған ағалардың барлығы да өмірден әлдеқашан өтіп кетті. Өз атам Қыздарбекпен де сол жылдары танысқан екен. Біздің ауылда өткізген күндері туралы Төлеубек Қоңырдың «Шұға әңгімелері» деген кітапшасында толық жазылған.

Төлеубек ата бұдан кейін Шұға ауылына 1990 жылдардың басында келіпті. Атақты әнші-сазгер Естай Беркімбайұлының 125 жылдығына арналған мерейтойға қатысқан. Торқалы той Шұғадан қырық шақырым жердегі Жолболдыда өткені белгілі. Сол жолы Төлеубек ата мінген көлік екі ауылдың арасында аударылып, келеңсіз жағдайға тап болғаны бар. Аталмыш сапар жайлы да «Шұға әңгімелері» жинағында егжей-тегжейлі баяндалған.

Міне, Төлеубек Қоңырды Шұғамен байланыстыратын осындай елеулі екі оқиға бар. Осының бірі болмағанда, белгілі журналистің біздің ауылға деген алабөтен құрметін де көрмеуіміз мүмкін еді ғой.

Төлеубек атаны біздің ауылмен байланыстыратын тағы бір дүниені айтпай кетуге болмайды. Ол – белгілі журналистің Шұғадағы Хасен Шаяхметов атындағы орта мектептің оқушыларына жасаған қамқорлығы. Дәлірек айтсақ, ол «Сарыарқа самалы» газетінің «Айналайын» қосымшасына арагідік шимай-шатпақтары жарияланып тұратын ұл-қыздардың жазған дүниелерін үнемі жинақтап, сырттай тілеулес болып жүреді екен. Жалпы, Төлеубек атаның Шұға десе, ет-жүрегі елжіреп, елең ете қалатынын бертін талай мәрте көргенбіз.

Төлеубек атаның қамқорлығын көп көрген шұғалық оқушылардың бірі біз болдық. Атақты журналистен ауылда жүріп талай рет хат та алғанбыз. Ол бізге арнаған жазбаларын әрдайым «журналистикаға дайындал, университетке түсуіңе қолғабыс жасаймын» деп аяқтайтын. Солай болды да. Оқуға түскенде қажет болады деп жинақтарымды шығарды, газет редакцияларынан арнайы мінездемелер алдырды. Әйтеуір, мектепті бітіріп, қалаға келгенде, артымызда тіреу боп Төлеубек атаның тұрғанын шын сезінген едік.

Журналистік жолдағы азды-көпті жетістіктерімізге балаша қуанып, шын жанашыр бола білген Төлеубек атаның өмірден түйгені мол. Жиі болмаса да, арагідік орайлы тұста ұтымды ой-пікір айтып, дұрыс жол нұсқайтыны бар. Ал тиянақтылығы мен жауапкершілігі қашанда бізге үлгі еді. Өзіне қатысы жоқ дүниеге қайырылып қарамайтындығы, көлденең сөзге ермейтіндігі, мінезінің жайлылығы, үнемі ізденіс үстінде жүретіндігі аяулы ағаның тұлғасын әрдайым аспандатып тұратын.

* * * * *

2014 жылы Төлеубек ата қатты ауырды. Жүрегі құрғыр сыр беріп, ауруханаға жиі түсетін. Оңаша жолыққанда «алдағы күнім қалай болар екен» деп қамығатыны бар. Сол кезде мына жалғанмен іштей бақұлдасқандай да болатын.

Кейін ұл-қыздары «көз алдымызда жүріңдер» деп Елордаға көшіріп әкетті. Шыны керек, ауылдан, ағайын-туыстан алыстап кеткісі келмеді. Бірақ амалы да жоқ еді. Сырқаты асқынып бара жатқан-ды. Ақыры, арқа төсіндегі ару астананың тұрғыны атанды.

Аптасына екі-үш мәрте газет редакциясына келіп тұратын Төлеубек ата бір жолы өзінің суретін сыйлады. Сурет 1970 жылы Баянауылдың Әулиелі Қызылтауында түсірілген екен. Артында маған арнаған тілегі де бар:

 

«Фархат балам, мына бір суретті өзіңе сыйлаймын. Ескерткіш болсын. Кейін бұ дүниеден өте қалсам, «Сарыарқа самалында» пайдаланарсың.

Құрметпен, атаң Төлеубек Қоңыр.

24.07.2014 жыл».

 

Суреттің сыртындағы жазуды оқып селк ете түстім. «Қоштасып тұрғаны ма?!» деп ойлап үлгергенше, құшағына қысып, мейірлене бір иіскеді. Сосын жұмыстан соң үйге соғуымды өтінді.

– Балам, менің жағдайым өзіңе аян. Жинаған кітаптарымды, көп жылдан бері үзбей жазып келе жатқан күнделіктерімді, қолда бар барлық блокнотымды өзіңе қалдырамын деп ұйғардым. Көзім кеткен соң, керегін алып, қажетіңе жаратарсың. Бәлкім, мен жайлы кітап та жазарсың. Өзіңе сенем ғой, – деді Төлеубек ата.

Әдетте біреу кітап беремін десе, қолыма тигенше тыншымайтын басым, бұл жолы қатты қиналдым. Алу былай тұрсын, үйіне бару мұңға айналды. Атаның алыстап бара жатқанын тек сол кезде ғана шын ұқтым. Оның үстіне маған сенім артып, жауапкершілік жүктеп отыр және онысы- күнделікті тірліктің емес, болашақтың шаруасы.

Айтпақшы, 2014 жылы Төлеубек атаның бертін жазған дүниелерін жинақтап кітап қылып шығарғанымыз бар. Бұл оның көзі тірісінде шығарып, оқырманға ұсынған ең соңғы кітабы еді. «Журналистің жазбалары» атаның алыс жолға жинақталып жүрген шағында басылып шықты да, таныстырылымы сол күйі жасалмай қалды. Аз ғана данамен басылған кітаптің біразын өзіне алып, бірнешеуін бізге қалдырды. Жеке кітапханамда екі-үш жыл жатқан сол кітаптың төрт-бес данасын осы қыста С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға тарту еттім.

* * * * *

Бірде Елордадан Төлеубек атам хабарласты. Павлодарға келетінін айтты. Бірнеше күндік шаруалары бар екен.

– Сенің үйіңе түсемін. Вокзалдан күтіп аларсың, – деп ескертті.

Айтар дүниесі жинақталып қалыпты. Түнімен сөйлестік. Таңға таяу төсегімізге қисайдық. Сол жолы аяулы ағаға сый-құрметімізді көрсетіп, шығарып салдық. Реті келсе, жұмыс бабымен астанаға ауыспақ ойымыз барын да ашып айттық.

– Жалғызсырап жүр едім. Келсең, кел, – деді жүзі жадырап.

2017 жылдың тамызында бас қалаға жұмысқа орналасып, әбден орныққаннан кейін ұстазыма сәлем бере бардым. Есілдің жағасында екі сағаттай сейілдеп жүріп әңгімелестік. Қоштасарда «жиі келіп тұр» деді.

Өкінішке қарай, жұмыстың жайымен жүріп, жиі барып тұра алмадық. Соңғы рет қайтыс боларынан бір ай бұрын, 16 наурызда кездесіппіз. Көңілсіз еді сол күні. Дала салқын болды да, ұзақ сөйлесе алмадық. Кетерде суретке түстік. Денсаулығының күрт нашарлап кеткенін айтты. Наурыздың демалысында елге баратынымды естіп, «мені сұраған адамның бәріне сәлем айт» деп тапсырды. Арада бір айға жуық уақыт өтер-өтпесте қаралы хабарды естідік. Журналистикаға 1955 жылы 16 жасында келген Төребұлақтан шыққан Төлеубек Қоңырдың татар дәмі таусылыпты.

* * * * *

Суырылып алға шықпай, көштің соңы да болмай, қоңыр ғана тірлік кешкен Төлеубек Қоңыр есімінің ұмытылмайтыны тағы анық. Соңында қалған кітаптары мен ізін жалғаған ұл-қызы барда оның есімі ешқашан өшпек емес.

Төлеубек ата ең соңғы кітабы «Журналистің жазбаларын» былай деп түйіндеген екен: «Бұл күндері журналистикаға келген сонау Шұға ауылының жасөспірім баласы Фархат мені «ата» дейді. «Төребұлақтан шыққан Төлеубек ата» дегені неге тұрады?! Осындай ұрпақтар кейін мені еске алар, бір данышпан еді дер. Мұны ұрпақ еншісіне қалдырдым».

Айтпағым, бүгінде Төлеубек Қоңырды еске алатындар көп. Кездескен жандар ол туралы әрдайым жылы бір естеліктер айтады. Осы күнге дейін Төлеубек ата жайлы теріс пікір де естімеппін. Ғибратты ғұмыр кешті деген осы шығар, бәлкім.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz