«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Нүрия Көбенованың айтуынша, аймағымызда аталмыш бағдарламаны сәтті іске асыруға павлодарлықтар белсене атсалысуда.

- Әсіресе, ғалымдар, жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары, меценаттар, «Қоғамдық келісім» этномәдени бірлестіктері, жастар және еріктілердің зор үлес қосқанын атап өткен жөн. Мысалы, ПМПУ ректоры Алтынбек Нухұлы оқытушылар құрамымен бірге «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғалары» сериясынан 50 фильм шығару туралы бастама көтеріп, қолға алды. Өңірдегі үлкен мәдени оқиғалардың бірі осы бейнефильмдердің тұсаукесері болды.

Аталмыш бейнефильмде Шәкен Айманов, Бұқар жырау, Қаныш Сәтбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев және өзге де белгілі жерлестеріміздің өмір тарихы, шығармашылығы мен еңбектері туралы баяндалады. Бұл кинохроника өскелең ұрпақ үшін құнды рухани оқу құралы болмақ. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға сүбелі үлес қосқан жас буын өкілдерінің бірі – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Margulan Centre» ғылыми зертхананың меңгерушісі Еңлік Әбеуова. Ол көптеген халықаралық деңгейдегі «Сарыарқаның археологиялық мұрасы», «Ұлы дала елі», «Археологиялық зерттеулердегі геодезиялық және геологиялық әдістер» атты археологиялық қазбаларға қатысты. Сондай-ақ, 2019 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасының қатысушысы. Қазіргі кезде ғалым аймақтағы республикалық маңызы бар киелі жерлердің жаңа тізімін ашуды мақсат етіп, археологиялық экспедицияларды ұйымдастырумен айналысуда.

Талантты жастарымыздың тағы біреуіне тоқталсақ, ол - Алексей Лодочников. Өнерлі бозбала - 2017 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, облыстық және республикалық музыкалық байқаулардың лауреаты. Бүгінде ол республикалық деңгейдегі гала-концерттерде өнер көрсетіп қана қоймай, мемлекеттік тілде «Адам жолы» атты кітап жазуда, - дейді Нүрия Қалымқызы. Оның айтуынша, бағдарламаны іске асыруға үкіметтік емес ұйымдар да белсенді атсалысуда. Ұмыт бола бастаған ұлттық мәдениетті, рухани құндылықтарды дамыту, жастарға тәлім-тәрбие беру бағытында «JEBE» және «Қағандық» қоғамдық бірлестіктері де жұмыла жұмыс істеп келеді.

Атап өтерлігі, бұл бағдарлама 13 арнайы жоба бойынша жүзеге асырылады екен. Олардың әрқайсысының өз мақсат-міндеттері бар. Солардың ең негізгілерінің бірі –отандастарымыздың бойында патриотизм сезімін қалыптастыруды мақсат еткен «Туған жер» жобасы. Осы жоба аясында толағай жұмыстар атқарылған. Бұл ретте, облыс тұрғындарының барлық бағдарламаға белсенді қатысқанын айрықша айта кеткен жөн. Атап айтар болсақ, аймақта әлеуметтік нысандар салынып, ауылдар мен қалаларды абаттандыру шаралары қолға алынды. Сонымен қатар, меценаттардың қолдау көрсетуінің нәтижесінде облыс орталығында «Ertis» мультимедиялық музейі, білім беру ұйымдарында домбыра және IT-кабинеттері ашылды, спорттық ойын алаңдары салынды. Сондай-ақ, қалталы азаматтар өткен жылы балалар лагеріне жолдама алу үшін 3 миллионнан астам теңгенің қайырымдылық көмегін жасады. «Мектебіме тағзым!» акциясы аясында да түлектер өз мектептеріне көмек көрсетіп, спорттық құрал-жабдықтар, музыкалық аспаптар сатып алуға жәрдемдесті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды арнайы жобаларының бірі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы». Осы жоба аясында облысымызда 46 тарихи нысан абаттандырылды. Оның жетеуі республикалық маңызы бар киелі орындар картасына енген.

- Облыстағы туризм саласын дамытудың басым бағыттары Баянауыл, Шарбақты және Аққулы аудандарында жүзеге асуда. Мәселен, Баянауыл ауданында Мырзашоқы тау шаңғысы базасы жұмыс істеп, Жасыбай көліне апаратын жолдар қайта жаңартылды. 2017 жылы Шарбақты ауданындағы Маралды көлінде жаңа курорттық аймақ ашылды. Сонымен қатар, Аққулы ауданында «Tuz city» этноауыл жобасы іске асырылды. Қазіргі уақытта облыста 65 туристік бағыт жұмыс істейді. Өңірімізде ТМД-ның барлық елдерінен туристер жиі келетін белгілі орындар шоғырланғаны белгілі. Солардың қатарында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесі, халық емшісі Мерғалым атаның зираты, рухани ағартушы, діни қайраткер Ғабдул-Уахит Тіленшіұлының және Исабек ишанның кесенелері бар екенін атап айтуға болады, - дейді Нүрия Көбенова.

Аталған жоба аясында Toraighyrov University ғалымдары алғаш рет Май ауданына қарасты Ақшиман ауылындағы «Қалмаққырған» жерінің археологиялық мұрасына зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жобаның қорытындысы «Қалмаққырған жерін археологиялық-этнографиялық зерттеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және «Серектас шайқасы» атты кітаптың тұсаукесерімен аяқталған. Бұл кітапта Қалмаққырған шайқасының тарихи деректері туралы тарихшылар мен энтографтардың ғылыми зерттеулері және мазмұнды мақалалары жинақталған. Сонымен қатар, алғаш рет ЮНЕСКО халықаралық ұйымының ғалымдар тобы мен шетелдік сарапшылар «Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті» бағдарламасы аясында Павлодар өңіріндегі тарихи ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізген екен.

Тізбектеп айта берсек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асқан 3 жылдың ішінде аймақта көп жұмыс қолға алынған. Соның ішінде павлодарлық тұрғындар арасында үлкен қолдауға ие болып, қызығушылық тудырғаны – «Көрші» жобасы дейді, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілдері.

- Бұл жобаны көршілер арасындағы қарым-қатынас дәстүрлерін нығайту мен қайта жаңғырту мерекесі десек, артық айтқандық болмас. Біздің кеңсе аймақ тұрғындары үшін «Nur Otan» партиясы, «Jas Otan» жастар қанаты, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасымен бірлесе отырып, өңірдегі шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт, ұлттық ойындар жарысын ұйымдастырады. Жыл сайын жаз мезгілінде осы мерекені өткізу қала тұрғындары үшін дәстүрге айналатын болады, - дейді Нүрия Қалымқызы.

Айта кетерлігі, биыл аталған бағдарламаны іске асыру жұмыстары 3 бағыт бойынша жүргізілуде. Біріншісі – тұлғаны дамыту. Екінші – ұлтты дамыту. Үшіншісі – мемлекет, азаматтық қоғам және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы. Осы бағытта та атқарылған жұмыстар аз емес. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Абай Құнанбаев, Әбу Насыр әл-Фараби, Иса Байзақов, Майра Шамсутдинова, Жаяу Мұса, Жүсіпбек Аймауытов сынды дара тұлғалардың мерейтойлары мен Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арналған атаулы іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде.

Бағдарлама іске қосылған 3 жылдың ішінде «Рухани жаңғыру»  жобалық кеңсесі әлеуметтік желілер арқылы бірқатар тың жобалар бастап, байқаулар ұйымдастыруды қолға алған. Соның бірі – облыстағы білім беру мекемелері арасында өткен «Үздік «Рухани жаңғыру кабинеті» байқауы. 2018 жылдан бастап аймағымыздың барлық қаласы мен аудандарындағы мектептер мен колледждер базасында оқушылардың рухани-адамгершілік дамуын қалыптастыру мақсатында 103 мамандандырылған сынып ашылған. Мұнда тарих, география, қазақ және орыс тілдері сабақтары, сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер мен түрлі кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұратынын атап өткен жөн.

Екінші жоба - «Rýhanı jańǵyrý». Бұл жобаның мақсаты – облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты бағыты бойынша жүзеге асқан және ерекше орын алған үздік идеяларды насихаттау. Сондай-ақ бағдарламаның соңғы жобасын дәріптеу үшін PechaKucha форматында «Ертіс өңірінің маңызды идеялары» атты диалог алаңы мен «Менің санамды жаңғырту» челленджін өткізу жоспарлануда екен.

Осылайша, рухани құндылықтарды қайта жаңғыртуды мақсат еткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы облысымызда табысты жүзеге асуда. Бұл – павлодарлық қоғам белсенділерінің ұлттық руханиятқа деген шексіз жанашырлығы мен ұрпаққа деген аманаттың белгісі деп білеміз.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz