Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов баспасөз жиыны барысында айтты. Аталмыш шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Комитетіне қарасты ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалы жүргізуде.

- Қазіргі уақытта полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) тестілеуіне қатысты сұрақ көп туындауда. Бұл мәселені ерекше назарға алып отырмыз. 28 сәуірдегі жағдай бойынша Павлодар облысында COVID-19-ға 120 адам шалдықты. Бұл ретте науқастармен байланыста болған 2 925 адам бақылауға алынған. Оның ішінде 585 адам стационарда, 2 340 адам үй жағдайында дәрігерлермен телефон арқылы байланыс орнатты. Жалпы, өңірде тәулігіне 700 тест алынып келген еді. Жақында бұл көлемді екі есеге арттырып, күніне 1500 тест алынуда. Сол арқылы облыс Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін үшінші орында тұр. Ал облыстар бойынша өткізілген тест саны бойынша бірінші орындамыз. Қазіргі уақытта 13 мыңға жуық өңір тұрғынынан тест алынды, - деді А.Оралов.

Атап өтерлігі, мұндай сараптама алдымен науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар арасында, қауіпті жағдайда жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге, блок-постардағы полицейлерге, Ұлттық ұлан сарбаздарына жасалады. Сонымен қатар, пневмония, ЖРВИ белгілері бар адамдардан да тест алынуда.

Өкінішке қарай, аймағымызда коронавирусқа шалдығушылардың саны бойынша Екібастұз қаласы көш бастап тұр. Бүгінде кеншілер шаһарынан 30 науқас облыс орталығына тасымалданған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмайылов Екібастұзда төсек-орын саны шектеулі екенін айтады. Сондықтан қолданыстағы бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес және эпидемиологтармен келісе отырып, СOVID-19-ға шалдыққан науқастарды облыс орталығына әкелу жөнінде шешім қабылданған. 28 сәуірдегі жағдай бойынша коронавируске шалдыққандардың 72-сі Екібастұзда тұрады. Қауіпті кеселді жұқтырған 23 баланың 18-і кеншілер шаһарында тіркелген.

Біржан Досмайылов Екібастұз қаласында жүргізілген қызметтік тергеу нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша,  №1 қалалық емхананың директорына сөгіс, бас дәрігерге қатаң сөгіс жарияланған. №2 қалалық емхананың  бас дәрігері жұмысынан босатылса, №3 емхананың бас дәрігері қатаң сөгіс алды.

Аймағымыздың бас санитар дәрігері Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, Екібастұз қаласының медициналық мекемелерінде эпидемияға қарсы іс-шараларды бақылау жұмысы көңілден шықпайды. Науқастар дер кезінде оқшауланбаған, байланыста болған адамдар анықталмаған. Екібастұз қаласының бас санитар дәрігері жұмыстан босатылды. Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай бақылауда.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz