Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрыл-ғанына 25 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай достық ұясының ұжымы бірқатар ауқымды істерді жоспарлаған еді. Өкінішке қарай, елдегі төтенше жағдайға сәйкес, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні тек отбасында ғана тойланбақ. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Айнұр Сәрсенбаеваның айтуынша, биыл Ассамблея мүшелері қайырымдылық жасауды мықтап қолға алған.

- Қазіргі таңда өңірлік Қазастан халқы Ассамблеясы елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жолында атқарып жатқан жұмыстардың қатарына қайырымдылық шараларын көптеп қосуды жөн көрді. ҚР Президенті Әкімшілігінің нұсқаулықтарына сәйкес, жыл бойы атқаратын істердің жоспары бекітілген. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайға сәйкес, бірқатар жоспарларымыз тоқтап тұр, - дейді А.Сәрсенбаева.

Хатшылық меңгерушісі этномәдени бірлес-тіктердің кезек-кезегімен мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істейтін ұжымдарға арнайы барып, концерттер қойып, ассамблеяның мақсаты мен міндеті туралы әңгімелеп жүргенін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, ассамблеяда өткен жылы қолға алынған ерекше жобаның бірі – «Бесік жыры» бар.

- «Нұр-Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігі қолға алған «Бесік жыры» жобасы өңірдегі 24 этно-мәдени бірлестікті толығымен қамтыған ауқымды шараның бірі болды. Мұнда әр ұлттың ана тілінде бесік жыры шырқалды. Тілдері басқа болса да, әуенімен-ақ сәбиіне жыр арнаған ананың тәтті үнін тануға болады. Сонымен қатар, өзге ұлттардың нәрестеге қандай махаббатпен қарайтынын көріп тәнті болдық, - дейді ол.

Соңғы жылдары Ассамблея құрамындағы жастардың мемлекеттік маңызы бар іс-шараларда белсенділік танытып келе жатқаны анық байқалып, этнос өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі мен құштарлығының артқанын аңғару қиын емес. Осы биіктікті ұстап тұру үшін бастаған игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Ассамблея тұтас Қазақ елі болып атап өтетін Конституцияның 25, шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтуді қаңтар айында бастап кеткен еді. Мұнда «Нұр-Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігі бастап «Абай әлемі» атты эстафеталық акцияны қолға алғаны есімізде.

Бірлігі мен берекесі жарасқан Достық үйінің тыныс-тіршілігі, ондағы этнос өкілдерінің бір-біріне туғанындай бауыр басуы, Қазақ елінің өркендеуі мен өсуі жолында бірлесіп күш салуы талайды тамсандырғаны анық. 25 жылдық мерейтойларына орай бұған дейін жұмысы кенжелеп қалған қырғыз, грузин және ұйғыр этномәдени орталықтарының жұмысын қайта жандандырған достық шаңырағының алға құрған жоспары аз емес.

 

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz