Аймағымыздың полицейлері облысымыздың аумағымында орналасқан блок-постағы тәртіпті қадағалап, күні-түні жұмыс істеуде. Учаскелік инспекторлар өздері жауапты аумақтағы тұрғындардың тыныштығын қадағалауда.

Дүкендер мен кәсіпкерлік нысандарын аралап, төтенше жағдай режимі ережесінің сақталуын бақылауда. Жағалауда да жұмыс істеп жүрген сақшылар бар. Қылмыс жасауға бейім адамдарды тексеріп, тұрмысы төмен отбасыларды да аралайтын - солар. Осыдан-ақ, олардың медицина қызметкерлері сияқты індетті жұқтыру қаупімен бетпе-бет келетінін анық көреміз.

Қызметін борышым деп білетін сақшылардың қатарында Павлодар қалалық полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Ғалымжан Кәбір де бар. Облыс орталығындағы №18 учаскелік полиция пунктінің қызметкері Қамзин, Толстой, Катаев, Шевченко көшелерінің тыныштығына жауапты. Яғни, полицей бір өзі 3500 адамның қауіпсіздігіне жауапты. Осыдан-ақ, оған жүктелген міндеттің жауаптылығын аңғару қиын емес.

- Облысымызда карантиннің енгізілуіне байланысты өңір полицейлері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Осы саланы таңдаған мамандар өзіне жүктелген міндетті жақсы біледі. Сондықтан коронавирус пандемиясын болдырмау мақсатында қолға алынған шараларды абыроймен атқарып келеміз. Блок-постағы қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істеуде. Мамандарымыз Ұлттық Ұланның сарбаздарымен бірге түнгі уақытта қоғамдық орындарды, көшелерді аралауда. Бұл жұмыстардың барлығы еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы үшін жүргізілуде, - дейді полицей.

Ғалымжан Кәбір де жұмысының күшейтілгеніне байланысты күніне көптеген адаммен жолығатынын айтады. Өйткені ол таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 23.00-ге дейін еңбек етеді. Өзі жауапты аумақта 10-ға жуық азық-түлік дүкені бар. Аталмыш сауда нысандарын күніне екі мәрте аралап, санитарлық-дезинфекциялық шараларының қатаң сақталуын қадағалайды. Сатушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өз ісіне жауапты маман жедел әрекет ету арқылы талай адамға жоғалтып алған ұялы телефон мен әмияндарын тауып берген. Учаскелік аумағының тұрғындары оны адал еңбегі үшін құрмет тұтады.

- Өз басым құқық қорғау саласында қызмет етуді бала күнімнен армандадым. Әкемнің ағасы тергеуші болып қызмет атқарды. Сол кісінің киім үлгісіне қатты қызығатынмын. Мамандығымды адаспай таңдадым деп айта аламын. Қазіргі күрделі кезеңде ішкі істер органдарының мамандарына зор жауапкершілік жүктелуде. Бұл індетті бірлесіп жеңеміз деген ойдамын. Сондықтан тұрғындардың үйден шықпай, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамын, - дейді Ғалымжан Қайырлыханұлы.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz