Уақыт өткен сайын Ұлы Отан соғысы жылдарында ортақ Отан үшін оққа кеудесін тосқан азаматтарға қатысты тың деректер, мұрағаттық мәліметтер көптеп табылуда. Бұл іске соғыс жылдарындағы деректерді іздестіріп, жадыны жаңғырту, тарихи кезеңнің болмысын ұрпақтарға насихаттау мақсатында құрылған арнайы қоғамдар мен орталықтардың, бірлестіктер мен интернет ресурстардың үлесі өлшеусіз. Белсенді азаматтар жүргізген  іздестіру жұмыстарының нәтижесінде майдангерлерге қатысты жаңа деректер табылып, көптеген тарихи құжаттың сарғыш тартқан парақтары ашылуда. Әлбетте, бүгінгі ұрпақ сонау сұрапыл соғыс жылдарында қару ұстап, кескілескен ұрыстарға араласқан өзінің атасы, әкесі, туысы, замандасы туралы бұрын түрлі себеп-жағдаяттарға байланысты беймәлім болып келген тың ақпараттармен қауышып, қуануда. Сондай жағымды жаңалықпен, жаңа мәлімет-дерекпен қауышушылардың бірі – Жұмабаевтар әулеті. Осы әулеттен Ұлы Отан соғысына қатысқан тұлға – Хамза Жұмабайұлы.

1925 жылдың 17 маусымында Лебяжі (қазіргі Аққулы) ауданының Қызыләскер ауылдық кеңесіне қарасты Қаракесек ауылында дүниеге келген Хамза Жұмабаев әскер қатарына 1943 жылдың қаңтарында шақырылады. Бұл кезде ол он жеті жаста еді және мектепте оқып жүрген-тұғын. Аудандық әскери комиссариаттан шақырту алған қылшылдаған бозбала Қызыләскер мектебіндегі оқуын тоқтатып, намысты жігіттердің тобына қосылып, Тамбов жаяу әскер училищесінде курстан өтеді. Одан соң жауынгерлік дайындығын Өзбекстанның Самарқанд қаласында, Түркіменстанның Прохладный қаласында жалғастырады. Бұл жерде ол өзінің атқыштар тобындағы машығын, сарбаздық шеберлігін барынша жетілдіреді. Әскери курстардан ойдағыдай өткен Хамза Жұмабайұлы 1944 жылы 1-Белорус майданы 102-атқыштар полкінің сарбазы ретінде алғаш Польша елінің аумағында ұрысқа түседі. Жауға қарсы кескілескен соғыста қаймықпай алға ұмтылған жауынгер Жұмабаев Ұлы Отан соғысы кезінде екі мәрте  - аяғынан және кеуде тұсынан ауыр жараланады. Жарақаттарының ауырлығына  қарамастан, аз уақытта-ақ қайта сапқа қосылып, жеңісті жақындату үшін жұртпен қатар барлық күш-қайратын жұмсайды. Майдан шебіндегі өрлігі мен ерлігі, қайтпас қайсарлығы  үшін кейін 2-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және жауынгерлік 7 медальмен наградталған. Десек те, Хамза Жұмабайұлы өзінің майдан даласында көрсеткен ерекше ерлігі үшін тағайындалған аса маңызды наградасын көзімен көре, қолымен ұстай алмай өмірден озды. Ол туралы сәл кейінірек тоқталайық.

Әскерге он жеті жасында, 1943 жылы алынған Хамза Жұмабайұлы 1945 жылы сәуірде ауыр жараланып, Тамбов қаласына бет алып бара жатқан эвакуациялық поезда Жеңістің жағымды хабарын қарсы алады. Госпитальде емделіп, жарақатынан айыққан жауынгерге қатысты «Әскери сапқа жарамды» деген дәрігерлік қорытынды шығарылады. Сөйтіп соғыс жеңіспен аяқталса да, жауынгер Жұмабаев әскери қызметін одан әрі жалғастыруға қалады. 1946-1947 жылдары Тамбов қаласындағы Танктік оқу полкінде курстан өтеді. Одан соң, 1947-1950 жылдары Австрияның Брук қаласындағы әскери бөлімде қызмет етеді. Х.Жұмабаев әскери қызметтен 1950 жылы ғана босатылып, туған еліне – Аққулы мекенге абыроймен оралады.

Сол жылы Тоқтаған Шаймарданқызы Оспановамен көңіл жарастырып, тағдыр табыстырып, шаңырақ құрады. Бейбіт өмірдің тірлігіне белсене араласқан Хамза Жұмабайұлы Лебяжі (қазіргі Аққулы) ауданы Қызыләскер ауылындағы кітапхананың меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды. Одан соң Лебяжі аудандық комсомол комитеті есеп бөлімінің меңгерушісі, Лебяжі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Лебяжі аудандық атқару комитеті ұйымдастыру тобының меңгерушісі, Лебяжі аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы қызметтерін жемісті атқарып, еңбек майданында ерен табысқа, зор құрметке, былайғы жұрт алдында жоғары беделге қол жеткізеді. Жауапкершілігі мығым, іскерлігі мен талапшылдығы тегеурінді, табанды да қайсар кешегі жауынгер Жұмабаевтың азаматтық қабілет-қарымы шаруашылық жұмыстарында да жоғары сұранысқа ие болса керек. Жергілікті партия комитетінің басшылығы оны аса күрделі де жауапты істерге тартып, үлкен сенім артады. Хамза Жұмабайұлы қай салада, қай бағытта қызмет етсе де, еселі еңбектің жемісі мен нәтижесін танытып, ұйымдастырушылық шеберліктің биігінен құлдыраған жоқ дейді көзін көріп, қызметтес болған замандастары. Лебяжі кеңшарының бөлімше меңгерушісі, Автоклуб басшысы, Лебяжі аудандық киностудиясының директоры, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы бола жүріп, өзіне артылған зор сенімге сызат түсірмей, әрдайым іскерліктің үдесінен шыға білген. Кейін XXIII съезд атындағы кеңшердың кәсіподақтар ұйымының төрағасы болып еңбек етіп, 1985 жылы зейнетке шықты.

Өкінішке қарай, соғыс жылдарындағы ауыр жарақаттардың салдарынан Хамза Жұмабайұлы 1992 жылы, 67 жасында өмірден озды. Қатарластары, әріптестері, замандастары айтқан естеліктерге көз жүгіртсек, Хамза Жұмабаев аса әділ, жаны таза, құшағы кең, азаматтық ұстанымы мығым, біліктілігі терең, талабы тиянақты адам болғанын тани түсеміз.

Енді кіші сержант Хамза Жұмабайұлының ерекше ерлігі үшін тағайындалған, бірақ өзінің көзі тірісінде берілмей қалған аса маңызды наградаға оралайық. Жоғарыда айтып өткеніміздей, соғыс жылдарының түрлі себептермен беймәлім болып келген дерек-мәліметтері, құжаттары арнайы құрылған орталық-ресурстардың арқасында айқындалып, жұрт назарына ұсынылуда. 2007 жылдың 8 мамырында Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрінің «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қызыл Әскер және Әскери-Теңіз Флотының құпиялылық мәртебесі алынған мұрағаттық құжаттары туралы» №181 бұйрығы шыққан еді. Осы бұйрыққа сәйкес бұрын құпия болып келген көптеген мұрағаттық құжаттар жариялылыққа ие болды. Ол тарихи құжаттардың дені арнайы құрылып, «Подвиг народа» («Халық ерлігі») деп аталатын ақпараттық ресурста жария-лана бастады. Міне, нақ осы ақпараттық ресурста 2019 жылдың 9 мамырында: «КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Атынан Қызыл Әскердің Қызыл тулы Атқыштар дивизиясының 1945 жылғы 24 сәуірдегі №018/Н Бұйрығы бойынша неміс басқыншыларымен күрес майданында әскери басшылықтың тапсырмаларын үлгілі орындағаны және бұл істе ерен ерлік, батылдық танытқаны үшін 102-Атқыштар полкінің 5-атқыштар бөлімшесінің командирі, кіші сержант, 1925 жылы туған  Джумаваев Камза «3 дәрежелі Даңқ» орденімен наградталды» деген мұрағаттық құжат, яғни 1945 жылдың сәуір айында шыққан бұйрық жарияланады. Бұйрыққа Қызыл тулы 41-Атқыштар дивизиясының командирі, Кеңес Ордағының Батыры, Гвардия генерал-майоры Черняк қол қойған.  Сонымен қатар ақпараттық ресурста жауынгер кіші сержант Камза Джумаваевты «Наградтау парағы» да қоса берілген. 1945 жылдың 16 сәуірінде толтырылған «Наградтау парағына» 102-атқыштар полкінің командирі, подполковник Дудник: «1945 жылдың 14 сәуірінде Германияның Бранденбург провинциясының Лебус елді мекенінің батысына қарай 800 метр аумақта жолдас Джумаваев батылдық көрсетіп, орнынан тұрып, шабуылға шықты. Қолындағы гранатасымен немістердің траншеясына ұмтылып барып, жаудың ату нүктесін және сарбаздарын жойды. Жарақатына қарамастан, сарбаздар сапында қалды» деп жазып, қол қойыпты. Сондай-ақ, осы мұрағаттық құжатта: «Кіші сержант Камза Джумаваев, Қызыл Тулы 41-Атқыштар дивизиясы 102-атқыштар полкі, 5-атқыштар ротасының командирі. 1925 жылы туған. Ұлты қазақ. 1944 жылы жарақат алған. Қызыл Әскер қатарына 1943 жылғы 25 қаңтарда Павлодар облысы Лебяжі аудандық әскери комиссариатымен шақырылған. «3-дәрежелі Даңқ» орденіне ұсынылады» деген жазбалар бедерленген.

Өкінішке қарай, 19 сәуірде болған ұрыста Хамза Жұмабайұлы ауыр жараланып, госпитальге аттанып кете барады. Шамалы күндерден соң, яғни 1945 жылдың 9 мамырында Кеңес әскерінің неміс басқыншыларына қарсы соғыста Жеңіске жеткені туралы ақпарды Тамбовқа бара жатқан эвакуациялық поезда естиді. Бірақ өзінің Дивизия мен Полк басшылығы тарапынан Отанымыздың жоғары наградасына ұсынылғанынан, арада көп уақыт өтпестен ол ұсынысқа КСРО Жоғары Кеңесі Президиумы атынан қол қойылғанынан мүлде бейхабар қалады.

Осылайша, күндер көшіп, жылдар алмасып, уақыт өз ырғағымен өте береді. Ал Үкімет тарапынан қол қойылған награда өз иесіне жетпестен, ұмытылып қалады. Өкініштісі сол, Хамза Жұмабайұлы бұл туралы өмірінің соңына дейін білмей, 1992 жылы дүние салды.

Жоғарыда аталған «Подвиг народа» ресурсына жарияланған мәліметтерді Хамза Жұмабайұлының Ресей Федерациясы Санкт-Петербург каласында тұратын немересі Жұмабаева Ақмарал Елубайқызы көріп, танысып, атасына қатысты мұндай тың жаңалыққа жаны елжірейді. Ардақты атасының майдандағы ерлік ісінің лайықты бағасы сол кездің өзінде-ақ берілгеніне көңілі марқайса, ол награданы атасының қолмен ұстамастан, көзбен көрместен өмірден озғанына өкініп, жүрегі мұңаяды. Дегенмен, тірлікте мұндай жайттар аз кездеспейтінін ойлап, тарихи деректің табылғанына, жария етілгеніне тәубе айтып, көңілге жұбаныш ұялатады.

Мұрағаттық құжаттардың жария етілгенінен хабардар болған жауынгердің ұлы Қуаныш Хамзаұлы әкесіне қатысты сол деректерді алға тартып, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Бас басқармасының бастығы Виктор Горемыкинге шығып, өтініш хат жазады. Ол өз жазбасында әкесі Хамза Жұмабаевтың өмірдеректері жөнінде, құпиялық мәртебесі алынып тасталған мұрағаттық құжаттарға сәйкес ерлігі үшін «3 дәрежелі Даңқ» орденіне ұсынылып, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен наградталғанын, өкінішке қарай, ол награда туралы әкесінің тіпті бейхабар болғанын және орденді мүлде алмағанын, арада тура 75 жыл өтсе де, ерен ерліктің бұл ордені отбасы үшін аса құнды әрі қастерлі екенін жеткізеді. Сондай-ақ кеш болса да әкесінің осы орденін және мемлекеттік наградамен наградтау туралы кітапшасын тікелей ұрпақтарына беруге жәрдемдесуін өтінеді. Қуаныш Хамзаұлы өз әкесінің аты-жөні түрлі құжаттарда әркелкі  - бірде «Хамза Жумабаев», бірде «Камза Джумаваев» болып жазылып келгенін де атап көрсетеді.

Арада аз уақыт өтпей Ресейден Павлодардағы жергілікті «Славян орталығы», жетекшісі Татьяна Кузина арқылы хабар келеді. Онда Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Жұмабаевтың ұлы Қуаныш Жұмабаевтың өтініш хаты қолға тигені, осы мәселе бойынша оң шешім қабылданғаны туралы айтылады.

Сөйтіп, араға 75 жыл салып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында, 2020 жылдың ақпан айында Хамза Жұмабаевтың ерлігі үшін «3 дәрежелі Даңқ» ордені ұрпақтарына салтанатты жағдайда табыс етіледі. Павлодар қаласындағы «Әскери даңқ» музейінде өткен рәсімде Ресей Федерациясы Бас консулдығының Өскемен қаласындағы Вице-консулы Алексей Юршин Хамза Жұмабайұылының «Даңқ» орденін ұрпағы Қуаныш Хамзаұлының қолына табыстады.

«Біз үшін бұл - аса зор қуаныш. Әкеміздің ардақты есімін ұрпақтарымызға ұлықтауға, ерлігін елге ұран етуге, жауынгерлік болмысын тереңірек танып-білуге одан әрі жол ашып отыр. 75 жылдан кейін орнаған әділеттілік үшін қол ұшын созып, жәрдем көрсеткен барлық жандарға, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне, Бас консулдығына, «Славян орталығының» ұжымына Жұмабаевтар әулетінің атынан зор алғысымызды айтамыз. Тағдырдың жазуымен осындай ұмыт қалған оқиғалар аз кездеспейді. Менің әкем секілді жоғары наградаға ұсынылғанын білмей кеткендер қаншама. Енді олардың лайықты бағасын ұрпақтары, елі білуі тиіс деп ойлаймын», - дейді Қуаныш Жұмабаев.

Хамза Жұмабайұлы бейбіт өмірдегі еселі еңбегі үшін де лайықты марапаттарға ие болды. Тағдыр қоқсан жары Тоқтаған Оспанова  екеуі дүниеге 8 бала әкеліп, өсіріп-бағып, әрқайсысына лайықты тәрбие мен білім меңгертіп, қатарға қосты. Бүгінде балалары мен олардан тараған ұрпақтар өмірдің әр саласында елдің гүлденуіне өз үлестерін қосуда. Әулеттен тараған әр жас ұрпақ аталарының азаматтық ерлігін мақтаныш етеді және жер бетінде енді соғыс болмасын деп тілейді.

 

Асыл ӘБІШЕВ.

saryarka-samaly.kz