Біздің аймағымыздың визиттік карточкасына айналған «Ertis Promenade» жобасы осы жылдар ішінде аймағымызда өткен мәдени-көпшілік іс-шараларды, концерттер мен шоу-бағдарламаларды ұйымдастырудың алтын ордасына айналды. Төменгі жағалауда орналасқан жабық амфитеатр 2 жыл қатарынан жаз бойы облыс тұрғындары мен қонақтарын түрлі қызықтарды тамашалауға жол ашты. Ең бастысы, жерлестеріміз қазақ халқының дәстүрлі мәдениетімен танысуға, оның тарихын, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін білуге, жергілікті, қазақстандық, ресейлік және шет елдердің шығармашылық ұжымдары мен ансамбльдерінің, әртістері мен эстрада жұлдыздарының өнерлерін тамашалауға мүмкіндік алды.

Ал биылғы елде жаппай коронавирус инфекциясының таралуына орай «Ertis Promenade» сахнасының қашан ашылатынын нақты айту мүмкін емес. Осы ретте облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов көпті толғандырған сұраққа жауап берді.

- Жазғы маусымда «Ertis Promenade» сахнасында 15 сенбінің ішінде түрлі бұқаралық-мәдени шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Негізгі шаралардың бағдарламасы құрылған. Әзірге маусым айынан бастап өткізуге рұқсат беріле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Егер рұқсат берілсе, алғашқы концерт COVID-19 індетімен күресіп жүрген жандарға арналатын болады, - деді Е.Дәуенов.

Басқарма басшысының айтуынша, 8 тамызда Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы шеңберінде «Абайдың өшпес әндері» жоспарланып отыр. Кеш барысында ақынның барлық өлеңдері орындалады. Биылғы жылы ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес өткізілетін шаралар екі есеге азайған. Негізгі атаулы күндер - Елорда күні, Қала күні, Металлургтер күні, Жастар күні мен Конституция мерекесіне арналған шаралар өтеді.

- Бұған дейін павлодарлықтар отандық және әлемдік өнер иелерінің қатысуымен өткен кештерді тамашалап келгені белгілі. Бірақ біз елдегі жағдайды ескере келе, биылғы шаралардың басым бөлігін облыстық өнер ұжымдарының күшімен ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Оның ішінде Иса Байзақов атындағы облыстық филармония және қалалар мен аудандардың әртістері бар, - деді ол.

Айта кетелік, былтыр 50 мың павлодарлық Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Муз-Арт» ансамблімен бірге ақынның «Көзімнің қарасы» әнін «Ertis Promenade» сахнасында орындаған болатын.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz