Қалалық ішкі саясат бөлімі басшы-сының орынбасары Гүлжан Әпсалықованың сөзінше, облыс орталығында майдангерлерге арналған билбордтар ілу жұмыстары 24 сәуірде басталған. Отан үшін от кешкен батыр аталарымыздың бейнесі онда 25 мамырға дейін тұрады.

- Қалалық бюджет есебінен орнатылған 34 билборд Кеңес Одағының Батырлары мен «Даңқ» орденінің иегерлеріне арналды. Бұдан бөлек, қала тұрғындары өздерінің соғыста болған әкелерінің, аталарының, ағаларының, басқа да жақын туыстарының портреттері бар билбордтарды өз қаражаттары есебінен жасатып орнатуға болады. Әкімдік оған рұқсат берген. Сонда Павлодарда шамамен 300-ден астам билборд қойылуы мүмкін. Ардагерлердің суреттері салынған үлкен баннерлер Жеңістің 75 жылдығына арналған бірыңғай дизайнмен әзірленеді. Дизайн үлгісін қала әкімдігі мақұлдады. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында мерекелік жалаулар ілінген, - деді Гүлжан Әпсалықова.

Қазіргі таңда облысымызда Ұлы Отан соғысына қатысқан 55 адам бар. Олардың 37-сі облыс орталығында тұрады. 5 мамырдан бастап қаламыздағы төрт үлкен LED-экраннан майдангерлердің өнегелі өмір жолдары туралы қысқа бейнеролик көрсетіледі.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының хабарлауынша, облысқа қарасты барлық қалалар мен аудан көшелеріне 459 майдангердің билборды орнатылған.

Жалпы аймағымызда Жеңіс мерекесіне арналған 150-ден астам онлайн-шара өткізу жоспарлануда. Мысалы, Ақтоғай ауданында Кеңес Одағының Батыры Серікбай Мүткеновке, Баянауыл ауданында Бақыт Қайдаров, Василий Христенко, Иван Кудинки және Жылбек Ағаділов сынды жерлестерімізге арналған ескерткіш мүсін орнатылады деген жоспар бар.  Естеріңізге сала кетейік, биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында өңірдегі барлық соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 1 млн. теңгеден сыйақы беріледі.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz