Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 22.00-6.00 аралығында бір такси паркінің тек бес көлігі жолға шығуы тиіс. Осы уақытта облыс орталығында 7 такси паркі жұмыс істейді. Ал күндізгі уақытта ресми тіркелген 16 такси паркінің қызметін пайдалануға болады. Ол үшін де маңызды себеп болуы керек. Алайда, кей адамдар таксимен қонаққа барып жүргені байқалады.

- Көшеде үш адамнан артық жүруге, себепсіз далаға шығуға болмайды дегенді естіген кейбір таныстарым қонаққа таксимен барып жүр. Себебі таксилерді ешкім тоқтатпайды, кері қайтармайды. Сонда қауіпсіздік, сақтық шаралары қайда қалды деген сұрақ туындайды, - дейді зейнеткер Алтын Рахымова.

Құқық қорғау саласының өкілдері күндізгі уақытта таксимен қатынайтын адамдардың да қайда, қандай мақсатпен бара жатқаны анықталып, жіті тексерілетінін айтады. 

Осы орайда «Яндекс», «InDriver» сервистерінің қызметін пайдалануға тыйым салынғанын атап өткен жөн. Соған қарамастан, аталмыш мобильді қосымшалар арқылы тапсырыс қабылдаған жүргізушілерге тиісті шаралар қолданылады. Осы уақытқа дейін ережеге бағынбаған  20-ға жуық павлодарлық  жауапқа тартылды.

- «Яндекс» және «InDriver» сервистері ресми тіркелген такси парктері емес. Сондықтан бұл сервистер арқылы жолаушылар тасымалдауға болмайды. Әйтпегенде, жүргізушілердің 15 тәулікке дейін қамалуы немесе 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Көлігі бірден айыппұл тұрағына қойылады. Оны тек карантин мерзімі аяқталған соң ала алады, - дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Ал «Яндекс.Такси» компания-сының халықаралық нарықтағы мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директоры Александр Высоцкий мұндай тыйым тек Павлодар облысында барын айтты.

- Өзге өңірлерде біздің сервисті қолданатын жүргізушілер ресми түрде берілген анықтамалар арқылы жолаушылар тасымалымен емін-еркін айналыса алады. Ал Павлодар облысында неліктен мұндай шектеу қойылғаны біз үшін әзірше белгісіз. Бұдан табыстан қағылған жүргізушілер де, такси қызметіне әдеттегі бағадан артық төлейтін жолаушылар да жапа шегеді, - дейді А.Высоцкий.

Шынымен, кей жолаушылар бұған дейін мобильді қосымшалар арқылы діттеген жерге жету әлдеқайда арзан әрі жылдам болғанын алға тартады.

- Бұған дейін үйімнен банкке дейін жету үшін «InDriver», «Яндекс»-ке 350-400 теңге шамасында төлесем, осы айда несиені төлеу мақсатында банкке ресми тіркелген таксимен барып, жүргізушіге 550 теңге бердім. Оған қоса, көлікті ұзақ күттім, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Назерке Ерланқызы.

Жолаушылардың таксиді біраз уақыт күтуі – заңдылық. Себебі, бүгінгі күні көліктер тұрғындарды тасымалдаумен ғана емес, онлайн жүйе арқылы тапсырыс берілген азық-түлік, дәрі-дәрмектерді жеткізумен де айналысады. Өз кезегінде Павлодар қаласының басшылығы такси парктерінің тарифтері өзгеріссіз қалатынына сендірді. Егер жүргізушілердің бағаны негізсіз өсіргенін байқасаңыздар, құзырлы органдарға хабарласқан жөн.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz