Бұл туралы онлайн брифинг өткізген Павлодар қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрлан Рәшитов мәлімдеді.

- Бүгінде шамамен 21 мыңға жуық павлодарлықтан өтініш түседі деп күтілуде. Оның 40 пайызы пәтер жалдап тұрушылар болуы мүмкін. Жалдамалы пәтерде тұратын азаматтар өтініш берместен бұрын коммуналдық мекемелерге («Павлодарэнергосбыт», «Павлодар-Су арнасы» және тағы басқалары) пәтерді жалға алу келісімшартының суретін жіберуі тиіс. Құжатта пәтер иесі мен жалға алушы туралы мәліметтер қамтылуы керек. Ең бастысы, коммуналдық төлемді жалға алушының төлейтіні көрсетілуі қажет. Кейін өтініштерді әлеуметтік қорғау бөлімі мамандарымен жіті тексеріп, коммуналдық мекемелерге жібереміз.

Өзгерістер орын алса, қосымша хабарлайтын боламыз. Бұл ретте, өтініштерді қабылдау үшін арнайы сайт іске қосылатынын атап өткен жөн. Басқа да сауалдар туындап жатса, қалалық әкімдіктің Instagram-аккаунтындағы нұсқаулықтардан танысуға болады, - дейді Нұрлан Рәшитов.

Өтініштерді қабылдау 11 мамырдан басталмақ. Сәуір айының коммуналдық есебі жөніндегі түбіртек үйге мамыр айында келетіндіктен, төлем сол уақытта жүзеге асады. Сәйкесінше мамыр айының төлемақысы маусым айында беріледі. Егер берілген ақша екі айдан артылса, келесі айларға төлем жасауға болады.

Естеріңізге салсақ, төлем алушылардың тізіміне 1, 2, 3 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оған теңестірілгендер, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау барысында, әскери қызметте, ғарышқа ұшуға дайындық немесе оны орындау кезінде, адам өмірін және құқықтық тәртіпті сақтау сәтінде қайтыс болған адамдардың отбасылары, ең төменгі зейнетақы немесе одан төмен зейнетақы алатындар, атаулы көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер кіреді.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz