Жеңілдету шаралары Үкімет деңгейінде қолға алынғаны белгілі. Нәтижесінде облыстың бас санитар дәрігері 30 сәуірде қаулысына өзгерістер енгізді. Қаулыға енгізілген өзгерістер жайында облыстық тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы, бас санитар дәрігер Зәмзәгүл Дощанова онлайн брифинг барысында баяндады.

Сонымен, ағымдағы аптадан бастап аймағымызда сұлулық салондары, азық-түлік емес тауарлар сататын сауда нүктелері, жекеменшік медициналық орталықтар жұмысын жандандырады. Бірақ, олардың жұмыс кестесінде шектеу бар. Яғни, таңғы 9.00-ден 16.00-ге дейін, алдын ала жазылу арқылы жұмыс істей алады. Облыстың бас санитар дәрігері мұндай шектеу адамдардың көптеп жиналуының алдын алу үшін жасалып отырғанын атап өтті. Тағы бір ескеретіні, әр сұлулық салонында бір адамнан қабылдауға кеңес беріліп отыр. Дегенмен, нысанның аумағы әр клиент арасындағы қашықтықты 1,5-2 метр шамасында қамта-масыз етуге мүмкіндік берсе, онда бірнеше маманның қатарынан жұмыс істеуіне рұқсат.

Сауда орындарына келетін болсақ, аумағы 500 шаршы метрден аспайтын нысандар жұмысын бастайды. Бірақ, облыстың бас санитар дәрігері тұрғындарға барынша тұрғылықты мекені маңынан тауар сатып алуға басымдық беру керек, деді. Егер алыстағы сауда орнынан киім-кешек немесе басқа тауарлар алуға аттансаңыз, таксимен ғана жете аласыз. Ал жеке көлігіңізбен барған жағдайда әрекетіңіздің аса қажеттіліктен туындағанын құзырлы органға дәлелдеуіңізге тура келеді. Сондықтан, спикер 11 мамырды күтіп, әзірге үй маңындағы дүкендермен шектелуге шақырды. Үшінші кезеңде эпидемиологиялық жағдай тұрақ-талса, қоғамдық көліктер қозға-лысына рұқсат берілуі мүмкін.

- Қазіргі таңда қоғамдық көлікпен тек қолында тиісті құжаты бар саяжайшылар ғана қатынай алады. Екінші кезеңде жұмысын жандандыруға рұқсат етілген нысан қызметкерлері жеке көлігімен жүре алады, - деді З.Дощанова.

Екінші деңгейлі банктер, Қазпошта, нотариустар мен адвокаттар, халыққа қызмет көрсету орталықтары бұған дейін жазғанымыздай тек заңды тұлғаларға қызмет етеді. Оның өзінде алдын ала жазу тәртібімен.

Блок бекеттер бұрынғыша жұмысын жалғастырады. Демек, өзге облыстардан, облыс ішінде әлі де еркін қатынуға рұқсат жоқ.

Жалпы, облыста карантиндік шараларды босаңсытудың екінші кезеңінде аймақ бойынша 7 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмысын бастады. Бұл нысандарда 21 мыңнан астам азамат еңбек етеді. Айта кету керек, шектеу алынып тасталғанымен, бұл нысандардың барлығында сақтық шараларының қатаң сақталуы талап етіледі.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz