Биыл жазда Павлодар қаласында барлығы 82 көше жөнделеді деп жоспарлануда. Соның ішіндегі 60 көшеде ешқашан асфальт жабыны болмаған. Өткен жылмен салыстырсақ, былтыр 17 көшенің жолы жөнделген, оның 7-уінде қара жол болған. Биыл қара жолды жөндеуге 1,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл былтырғыдан 11 есеге артық (өткен жылы - 106 миллион теңге). Алдағы жазда Лесозаводтың жолдарына түгел асфальт төселеді деп күтілуде. Ал Радиозавод, Хромзавод, МДС және Екінші Павлодар шағын аудандарының көшелері ішінара жөнделеді. Тізімде орталық көшелер де бар, бірақ облыс әкімі олардың орнына  шағын аудандарға көңіл бөлу керек деп шешті.

- Академик Сәтбаев пен Қ.Қамзин көшелерінің жалпы ұзындығы бойынша жөндеу жүргізу - орынсыз. Тек жабыны нашар жерлерін ғана жөндеу керек. Босаған қаржыны шағын аудандарға бағыттаңыздар. Қазір желілер тартылып жатқан көшелер бар. Бұл орайда тұрғындарға барлық байланыс желілері салынып біткеннен кейін, жөндеу жұмыстары басталатынын түсіндіру керек, - деп облыс әкімі қала әкімі Қайрат Нүкеновке ұсыныс тастады.

Жүргізілген жөндеу жұмыс-тарының сапасын жол зертханасы бақылайды. Аймақ басшысы мамандарға қысқы қолданыстан кейінгі жолдың беріктігін тексеруді тапсырды. Себебі жаз бен күзде білінбеген барлық ақаулар, көктем келісімен анықталады.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов бұрынғы құрылыс колледжінің ғимаратын аралады. Бұл нысан негізінде олимпиада резервінің мамандандырылған колледж-интернатын ашу жоспарлануда. Үш корпустың жалпы ауданы 10 мың шаршы метрді құрайды. Бұл аумақ оқытылуға жоспарланған студенттер саны қажеттілігінен айтарлықтай асып отыр. Облыс әкімі қолда бар инфрақұрылымдық қорды қолданудың басқа тиімді жолын қарастыруды тапсырды.

- Мұндай жерде 500-600 орынға арналған мекеме ашуға болатын еді. Мысалы, еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандарды дайындайтын көпсалалы колледж жақсы болар еді. Бапкерлерге және спортшыларды дайындауға мемлекеттік тапсырысты біздің басқа оқу орындары арасында бөлу керек. Бірнеше нұсқа қарастырып, ұсыныс жасаңыздар, - деп тапсырды аймақ басшысы.

Ал тағы бір әлеуметтік жоба Әбілқайыр Сқақовтың көңілінен шықты. Екінші Павлодарда бұрынғы теміржол колледжі негізінде Балалар шығармашылық үйі ашылады. Қазіргі таңда 6 мыңнан астам бала мен жасөспірім тұратын шағын ауданда бірде-бір қосымша білім беру ұйымы мен спорттық мекеме жоқ.  Шығармашылық үйінде білім беру мен ойын-сауық, ғылыми-техникалық,  туристік-өлкетану үйірмелері және спорт секциялары жұмыс істейді деп жоспарлануда. Аталмыш жоба аясында 2 мыңдай бала қосымша білім берумен қамтылмақ.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz