- Бауыржан Неғметұлы, өткен жылы Павлодар облы-сының қанша азаматы Отан алдындағы борышын өтеді?

- Былтыр аймағымыздан көктемгі әскерге шақыру кезінде 810 сарбаз шақыртылса, күзде 766 жауынгер әскерге аттанды. Мемлекетіміздің сыртқы және ішкі тыныштығын күзету – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл ретте жас жігіттердің қатары артып келе жатқанын атап өткім келеді. Бекітілген жоспар орындалуда. Әскери дайындықтан жедел өтуді қалаған азаматтар 40 күндік ақылы негіздегі қызметті пайдаланады. Былтыр 240 азамат қысқа мерзімді әскерден өтті.

- Биыл елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты көктемгі әскерге шақыру науқанына сарбаздарымыз қатыса алмай қалды. Бұл туралы не айтасыз?

- Коронавирустың таралуына байланысты жастарымыз көктемде әскер қатарына аттана алмады. Бұл науқанға 511 сарбаз дайын еді. Бірақ мұндай шешім мемлекетіміздегі халықтың денсаулығы үшін қабылданды ғой. Бастысы, жұртымыз аман болса дейміз. Тұрғындарымыздың дені сау болғанда ғана елімізде тыныштық орнайды. Сондықтан әлем жұртшылығын алаңдатқан пандемияға байланысты жағдайға Отан қорғаушыларымыз түсіністікпен қарады деп айта аламын.

- Шыны керек, қазіргі уақытта әскерге барудан жалтарып жүрген азаматтар туралы жиі айтылады. Жалпы, өңірдегі ер балалардың Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлшынысы қандай?

- Жоғарыда атап өткенімдей, аймағымызда әскери науқан жоспары 100 пайыз орындалуда. Әскерге баруға ниет білдіретін сарбаздарымыз үлкен дайындықпен келеді. Қазіргі уақытта «XXI ғасыр жауынгері» атты жаңа көзқарас қалыптастырудамыз. Бұл  ретте Бас қолбасшыға қолдау көрсететін, Отанын, ұлтын сүйетін азаматтарды тәрбиелемекпіз.

- Отан алдындағы борышын өтеушілердің денсаулығы тексе-рілетінін білеміз. Жастардың бойынан қандай сырқат түрі жиі кездеседі?

- Аймағымыздағы жауынгер-лердің денсаулығы жаман деп айта алмаймын. Жыл сайын жоспар толық орындалатындықтан жағдайлары жақсы екенін көруге болады. Көбінесе көз аурулары жиі кездеседі. Оған қазіргі электронды құрылғылар себеп екені белгілі. Жастарымыз спорттық дене жаттығуларын да мүлтіксіз орындайтынын атап өткім келеді.

- Төтенше жағдай кезінде дезинфекциялық шараларға тартылған сарбаздар туралы не айтасыз?

- Мұндай ауқымды жұмысқа аймағымыздың 100 сарбазы жұмыл-дырылды. Оларды бейбіт күннің батырлары деп айта аламын. Қауіп өтінде жүрді. Бастарын қатерге тігіп, халықтың денсаулығы үшін тынымсыз жұмыс істеуде. Бастысы, еңбектері ақталып, пандемияны аман-есен жеңсек деген тілегім бар. Сұхбатты пайдалана отырып, қайсар жауынгерлерге алғысымды білдіргім келеді.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz