Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен кезекті аппараттық жиын барысында айтылды. Отырыста жер ресурстарын қолдану тиімділігіне қатысты мәселелер қозғалды. Аймақ басшысы облыстың жерге орналастыру қызметі әлі күнге дейін қағаз жүзінде  жүргізілетініне назар аударды. Бұдан бөлек, жер аукциондарын өткізу тәртібін қайта қарауды тапсырды. Мұндай сауда-саттық туралы ақпарат 15 күн бұрын қала және аудан әкімдіктерінде, сондай-ақ жергілікті баспасөз басылымдарында жарияланады.

- Сауда-саттықтың мұндай түріне ықтимал сатып алушылар қатыса алмауда. Себебі, хабарландыру дұрыс жүргізілмейді. Салдарынан аукционға он қатысушының орнына тек екеуі ғана шығады. Неліктен жер телімдерін сату бойынша сауда-саттық кестесін бір жыл бұрын жарияламасқа?! Бұл ақпаратты неге жасырасыздар? Халық қандай жер учаскелері сатылатынын білсін. Сонда олар құжаттарды дайындап үлгереді, қаржыландыру мәселелерін шеше алады. Егер бәсекелестік болса, жер ресурастары да біршама көтеріледі. Алдағы болатын сауда-саттық бір ай бұрын барлық БАҚ-тарда және әлеуметтік желілерде жариялануы тиіс. Бұл үрдістің ашық өтуі маңызды, - деді облыс әкімі.

Цифрландырудан бөлек, әкім жер қатынасы саласында заманауи технологияларды, оның ішінде ғарыштан суретке түсіруді қолдану қажеттігін алға тартты. Бұл құралдар жер ресурстарының тиімділігін талдап, жер қолданушылары тарапынан орын алатын жүйелі кемшіліктерді жоюға жол ашады.

Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов ауылдық елді мекендердегі жұмысын тоқтатқан әлеуметтік нысандарды бұзуға тыйым салуды талап етті. Кейбір жағдайда жеке кәсіпкер кеңес жылдары салынып, кейінгі кезде бос тұрған мектеп және мәдениет үйін су тегінге сатып алуда.

- Бұл 200-300 мың теңге бюджеттің кіріс бөлігіне ешқандай пайда әкелмейді. Мұндай әрекеттеріңізбен сіздер жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырасыздар. Оның орнына бұл нысандарды қалпына келтіріп, жаңа жұмыс орындарын ашатын инвесторлар іздестіріңіздер, - деді облыс әкімі қала-аудан әкімдеріне қарата.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz