«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Семей қаласында орналасқан. Облыс орталығына 2 сәуірде келген әскери қызметкерлер келесі күні маңызды миссияларына қызу кіріскен. Жиынтық дезинфекциялау отряды штаб бастығының міндетін атқарушы, капитан Нәби Теңгілбаевтың айтуынша, ең әуелі әлеуметтік маңызы бар нысандарға, аулаларға, саябақтарға санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілген.

- Облыс әкімінің бекіткен жоспарына сәйкес, Павлодар қаласы 6 секторға бөлінді. Осы уақытқа дейін бізге тапсырылған нысандарға 4 мәрте сұйық дәрілер себілді. Бір айналым жасауға шамамен 1 апта уақыт кетті. Күн сайын 6 мың шаршы метр аумақ дезинфекцияланды. Бір атап өтерлігі, тұрғындар тәртіпке бағынып, тиісті шаралардың жүргізілуіне кедергі келтірген жоқ. Жалпы, облыс және қала әкімдігі тарапынан сарбаздарға барынша қолдау көрсетілді, - дейді Нәби.

Нәбидің әскери салада еңбектеніп жүргеніне 13 жылдан асыпты. 2007 жылы әскери оқу орнына түсіп, оны жақсы бағамен тәмамдайды. Содан бері әскери бөлімдерде табанды қызмет етіп келеді. Бүгінде ол Семей қаласындағы 36/803 әскери бөлімі, 1-дивизион, 2-батареяның командирі ретінде жауапты міндетті мінсіз атқарып жүр.

- Қуантарлығы, соңғы кезде әскер қатарына қабылданғандардың бойынан Отанға деген адалдықты аңғаруға болады. Жас сарбаздардың басым бөлігі - орта арнаулы және жоғары білімі бар азаматтар. Яғни, оң-солын білетін, Отан алдындағы парызын түсінетін жігіттер. Жалпы, әр азамат әскери салаға келмес бұрын «ауыр жүкті алып жүре аламын ба?» деген сауалға жауап іздеп, нақты шешім қабылдауы тиіс. Сарбаздың міндеті - мемлекет қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау. Әрине, елдің шетінде, желдің өтінде әскери қызмет атқару оңай емес. Алайда, нағыз патриоттар мұндай мәселеге аса мән бере қоймайды. Олар үшін ең бастысы - еліміздің амандығы мен халықтың тыныштығы. Әскери қызметкерлердің кірпік қақпай, қырандай қырағылық танытуы - соның кепілі. Өз басым қызметімнің бірде-бір минутында мамандығымды дұрыс таңдағаныма күмән келтірген емеспін, - дейді Нәби.

Әскери қызметкерге қойылатын талап биік. Білім сапасы бір бөлек, ең бастысы жауынгерлердің ерік-жігері мен психологиялық төзімділігі – басты назарда. Осы үдеден шыға білген Нәби мен оның әскери достары павлодарлықтардың алғысын арқалап, Семей қаласына қайсар рухпен жол тартпақ.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz