Суретте екінші қатарда, дәл ортасында 1 мамырға қараған түні Рейхстаг шатырына көтеріліп, мүсіндер тобына Қызыл түсті Жеңіс Туын орнатқан барлаушы сержанттар – Михаил Егоров пен Мелитон Кантария бар. Кейіннен екеуі де Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың есімдері Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында мәңгілікке қалды.

Дәл осы ескі суретте жерлесіміз, Баянауылдың тумасы аға лейтенант Қоңқыш Оспанов та бейнеленген. Суретке 2-ші қатардан орын алып, сол жақтан үшінші болып түскен (фотода көрсетілген). Ендігі әңгімеміз - батырдың өзі жайлы. 

Баянауылдың әсем табиғаты оған сымбатты түр-келбет тарту етсе, туған даланың таулары берік те ұстамды мінез, мөлдір көгілдір көлдері тұңғиық ой мен көздің өткірлігін, шапшаңдығын сыйлады.

Қазақстанның ең әдемі жерлерінің бірінде өскен ол өз Отанын, жерін шексіз сүйді. Сол себепті ол Отанына төнген қауіпті сәтте еш ойланбастан қорғаушылар қатарына тұрды.

Қоңқыш Оспанов майдан даласына 1942 жылдың қазан айында тап болды. Қостанай қаласында құрылған 756-шы атқыштар полкінің барлау ротасында соғысты. Бұл әскери бөлім Смоленскіден Берлинге дейінгі даңқты соғыс жолын өткеріп, фашизм ордасында өткен қиян-кескі көше шайқастарында асқан ерліктерімен ерекшеленді.

Біздің жерлесіміз ерлерше шайқасты. Соғыс уақытында төрт рет жараланып, 1 рет контузия алды. Алайда, емделіп шыққаннан кейін үнемі қатардан табылып отырды. Полк командирі полковник Зинченконың 1944 жылдың 31 шілдесіндегі награда қағазында жазғаны - осының анық дәлелі: «Осы жылдың 11 шілдесінен 30 шілдесіне дейінгі шабуылдау соғыстарында  жолдас Қ.Оспанов өзін комсомол жұмысын жақсы ұйымдастырушы және батыл офицер ретінде көрсетті. Үнемі батальонның әскери тәртібінде жүріп, жеке басының мысалында жауынгерлерді ерлікке ынталандырды және сол арқылы алға қойылған әскери тапсырманың табысты орындалуын қамтамасыз етті. Сондай-ақ, Рябцево ауылындағы неміс қорғанысын бұзып өтуде де ерекшеленді. 3-ші атқыштар ротасының взвод командирі қатардан шығып қалған сәтте Қ.Оспанов басшылықты өзіне алып, жауынгер-лерді үш рет шабуылға бастады... Оны 2-дәрежелі «Отан соғысы» орденіне лайық деп санаймын».

Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатында Германияның солтүстік-шығыс бөлігінде Кеңес әскерлерімен жүргізілген Шығыс-Померан әскери операциясының оқиғалары қысқаша сипатталатын тағы бір қызықты құжат бар. Онда: «1945 жылдың 15-16 ақпанында немістердің «Шнайдмюль» аталатын тобын жою кезінде 756-шы полктің 1-ші атқыштар батальонының бір бөлігі күтпеген жерден қоршауда қалып қояды. Жауынгерлермен бірге лейтенант Қоңқыш Оспанов та болды. Ол еш абдырамас-тан батыл шешім қабылдап, біздің сарбаздарды жау шеңберін бұзып өтуге бастады. Жанкешті шайқас барысында ол өзі автоматтан оқ жаудыра отырып екі фашист офицерін және сегіз жауынгерді жер жастандырды, пушка орнатылған автомашинаны гранатамен жарып жіберді. Траншеяда неміс пулеметін қолға түсіріп, қашып бара жатқан гитлерліктер тобына оқ боратты. Сол арқылы олардың шегіну жолын кесіп, тұтқынға берілуге мәжбүр етті». Осы ерлігі үшін біздің жерлесіміз 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.

Германия астанасындағы көше шайқас-тарында да Қоңқыш Оспанов алдыңғы шабуылдау тобында болды. Өзі қызмет еткен 756-шы атқыштар полкінің бөлімшелері Берлинге бірінші болып кірді. Көп ұзамай Германияның шетел істері министрлігінің ғимаратын немесе «Гиммлер үйін» басып алды. Ал ол ғимарат меселі қайтқан фашистердің соңғы қарсыласу ошағы болған Рейхстагтың дәл жанында еді. 

Осы ғимаратқа алғашқы шабуыл 30 сәуірде таңғы 4.30-да басталды. Алайда, нәтиже болмады. Кейін 11.30-да жаңа шабуыл басталды. Күн соңына қарай немістердің қарсыласуы тоқтатылды. Бұл жерде де 756-шы атқыштар полкінің бөлімшелері Рейхстаг ішіне бірінші болып кірді. Олар 171 дивизияның 525-ші полкінің жауынгерлерімен бірге ғимараттың бірінші және екінші қабаттарын алды.

1 мамырға қараған түні Рейхстагтың үстінде Жеңіс Туы көтерілді. Алайда, неміс гарнизоны қарсыласуын тоқтатпады. Ғимараттың жертөлесінде бір жарым мыңға жуық неміс солдаты әлі де қорғанысты ұстап тұрды. Олар бірнеше рет Рейхстагтың кіреберістері мен қабаттарында орнатылған қызыл жалауларды атып түсіруге тырысты. Бірақ, нәтижесіз. Жау гарнизоны толығымен 2 мамырда берілді.

Біздің әңгімемізге арқау болған естелік сурет осы шайқастан кейін жасалған. Бұл күнді әр жауынгер үшін ең бақытты күндердің бірі деп білемін.

Соғыстан кейін Қоңқыш Оспанов бұрынғы Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданына партиялық жұмысқа бағытталды. Мұнда бірқатар жауапты қызметтер атқарып, өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосты. Бейбіт уақыттағы адал қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Куйбышев ауданында (1963 жылдан бастап Краснокутский деп аталды) отбасын құрды. Жұбайы Запкен апай соғыстан кейінгі жылдары Чкалов совхозының директоры болып жұмыс істеген Санияз Нұркиннің қызы болатын. Олардың таныстығы Қ.Оспановтың осы шаруашылыққа партия комитетінің хатшысы ретінде қызметке келуінен басталған. 1953 жылы олардың тұңғышы Қанат, кейін Қаныш, қыздары Нәйлә мен Бибігүл дүниеге келді. Қоңқыш Оспановтың табиғи болмысындағы, мінезіндегі тұрақтылық пен өткірлік, жауапкершілік қасиеттері оның немерелеріне де берілген. Майдангердің 8 немересінің ішіндегі алтауының офицер болуы да кездейсоқтық емес. Олар мемлекетіміздің игілігі үшін қызметтерін  абыроймен атқаруда.

Қоңқыш аға Краснокутскіде (қазіргі Ақтоғай ауылы) ширек ғасырға жуық өмірін өткізді. Жоғарыда атап өткеніміздей жауапты лауазымдарда жұмыс істеді. Майданда көрсеткен ерлігі үшін 1 және 2-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Әскери қызметі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Десек те, өмір жолындағы барлық атақ-даңқына, жетістіктеріне қарамастан, ол өте қарапайым адам болды. Біреулерге өзінің соғысқа қатысқаны туралы әңгімелерді сирек айтатын, ал әскери марапаттарын тақпайтын десе де болады. Олар үнемі оның шкафында жеке құжаттарына арналған арнайы қорапта сақталатын. Сол себепті де, оның Рейхстагқа Жеңіс туын тігуге қатысқанын Павлодар облысында, соның ішінде Ақтоғай мен Баянауылда білетін-дердің аз болуы әбден мүмкін.   

Осыған байланысты облыстық «Звезда Прииртышья» газетінде 2005 жылдың 21 сәуірінде жарияланған (саны 44, 15 б.) «Олар мәңгілікке жеңімпаз болып қалады» айдарындағы хат-хабарларды еске түсірмеске болмайды. 

Оның авторы, павлодрлық құрметті ақсақал Б.Хазыров Берлиндегі көше шайқастарын сипаттай отырып, Берлинде немістердің соңғы бекінісіне шабуыл жасаған кеңес жауынгерлері арасында таратылған «найзағай парақшаларын» еске алады. Онда былай деп жазылған: «Кеше біздің батыл жауынгерлеріміз Рейхстагқа басып кіріп, бекінді. Бірақ күрес аяқталған жоқ. Жау бізді ол жерден қуып шығуға тырысуда. Алайда, бұған жол жоқ. Біздің міндетіміз Рейхстаг ғимаратын қандай жағдайда да ұстап тұру. Артқа бір қадам да шегіну жоқ!».

«Мұндай парақшаның бір данасы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы» - деп еске алды Б.Хазыров. –«Оның мұнда қалай тап болғанын білу мүмкін болмады. Мұны мұражайға Рейхстаг шабуылына қатысқан біздің жерлестеріміздің бірінің тапсырғаны анық...».

 Рас, мұны біздің облысымыздың тумасы істегені даусыз! Бірақ кім? Берлинді шабуылдауға оннан астам павлодарлық сарбаздар қатысқаны белгілі, бірақ олардың барлығы Рейхстагта болған жоқ. Ертіс ауданы, Үлгілі ауылынан шыққан бір ғана Қабыш Көктаевтың есімі аталады. Оның рота басқарып, 171-атқыштар дивизиясында соғысқаны туралы деректер бар. Алайда, Рейхстагтағы шайқас ол үшін соңғы шайқас болды.

Ендеше, соғыстан аман-есен оралған Қоңқыш Оспанов қана қалады. Мүмкін, соғыс парағын біреулер арқылы мұражайға тапсырған Қоңқыш Оспанов шығар!? Бұл жерде басқа нұсқа жоқ.

Рейхстагтың шабуылына Қ.Оспановтың қатысуы ескі соғыс суретінен басқа да көптеген мұрағат құжаттарымен расталады.

Айтпақшы, соғыстан кейін біздің жерлесімізді соғыста бірге болған жауынгерлер іздестірген. Атап айтқанда, интернет кеңістігіндегі телекөпірлердің бірінде 756-шы полктың ардагерлері Н.М.Беляев пен Ф.М.Бакуменко былай деп еске алады: «Біздің барлық дивизиядан 28 адам Санкт-Петербургте тұрады. Ал полктен екеуміз ғана қалдық. Қостанайда біздің жауынгер досымыз Қоңқыш Оспанов тұрады деп естідік. Ол бізде батальон комсоргі болған. Оны тауып алғымыз келеді...».

Өкінішке қарай, олар сол бойы кездеспеді. Қоңқыш Оспанов осы телекөпірден біраз уақыт бұрын қайтыс болған-ды. Ол 1971 жылы, небары 50 жасында дүниеден өтті. Айтпақшы, келесі жылы оның туғанына 100 жыл толады. Бұл да - болашақ ұрпақ үшін оның есімін мәңгілік етуді ойластырудың реті келген тамаша сәт. Мәселен, көрші Ресейде павлодарлық батыл жауынгердің есімі сол елдің Қарулы Күштерінің Басты ғибадатханасының ескерткіш стелласына енгізіліп, жақын арада Мәскеу қаласында Табыну тауында ашылатын болды. Бұл да - үлгі аларлық дүние! Оған дейін біздің қолдан келері – қиын да қасіретті соғыс жолымен Рейхстагқа дейін барып, «Мен өзімнің жауынгерлік борышымды орындадым, енді үйге Жеңіспен ораламын» деп рапорт тапсырғандай оның қабырғасына «Баянауылдан Берлинге дейін» жазуын қалдырған батыр ерлігі алдында басымызды ию ғана. 

 

Ержаслан СМАҒҰЛОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері, Павлодар қаласы.

saryarka-samaly.kz