6679 әскери бөлімінде Мақсат Қабеков есімді азамат жұмыс істейді. Ол аталмыш бөлімдегі  бактерияға қарсы радиохимиялық шара жүргізу қызметін басқарады. Төтенше жағдай енгізілгелі бері Мақсат Сағатұлы басшылық ететін құрам дезинфек-циялық жұмыстармен айналысуда. Білікті маман әскери салада 10 жылдан астам уақыт еңбек етуде.

Мақсат Сағатұлы – Семей қаласының тумасы. 2008  жылы мектепті тәмамдаған соң, Петропавл қаласындағы әскери институтқа оқуға түседі. 2012 жылы аталмыш оқу орнын аяқтап, алғашқы еңбек жолын Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде бастайды. Онда 2 жыл взвод командирі қызметін атқарады. Кейін 2014-2015 жылдары аралығында Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласына қарасты Шуақ кентіндегі 6699 әскери бөлімінде рота командирінің орынбасары болады. 2015 жылдан бастап туған жері, алғаш еңбек жолын бастаған Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінің рота командирі болып тағайындалады. Кейін Павлодар қаласына жаңа қызметке ауысады.

- Әскери салада еңбек етуді бала күнімнен армандадым. Осы мамандық бойынша жұмыс істеп жүргеніме еш өкінбеймін. Ер адам ел басына күн туған шақта сыналады дейді ғой. Мемлекетіміз қиын кезеңді бастан кешуде. Төтенше жағдай кезінде менің қарамағымдағы қызметкерлер дезинфекциялық жұмыстармен айналысып келеді. Бөлімше 5 адамнан тұрады. Жауапты мамандар әскери бөлімнің аумағын, блок-пост арқылы өткен әскери техникаларды да арнайы құралмен залалсыздандырады. Тәжірибелі қызметкерлер таңғы сағат 6.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін жұмыс істейді, - дейді ол.

Шыны керек, мамандарға мұндай жұмысты атқару оңайға тимейді. Олар қызмет барысында арнайы киіммен жүретіні белгілі. Бет-аузым тұмшалап жүріп, қауіпті дерттің таралмауы жолында күресіп келеді.

- Залалсыздандыру жұмысымен айналысатын әрбір әскери қызметкер өз өмірін қатерге тігетіні сөзсіз. Себебі олар мұндай істі өзгенің өмірін сақтау үшін атқарады. Жеке құрамның мамандары жүктелген міндетті жақсы біледі. Сарбаздардың да ата-анасы, отбасылары бар. Олардың да уайымдайтынын жақсы білеміз. Бастысы, халық денсаулығын сақтау жолында жұмыс істеп жүргенімізді де мақтан етемін. Біз біріккенде ғана мықтымыз, біргеміз, - дейді М.Қабеков.

Иә, Отанды қорғау – қасиетті борыш! Бүгінгі жауынгерлер мемлекетіміздегі күллі халықтың өмірін сақтау жолында адал еңбек етіп келеді. Әскери міндетті парызы деп білетін сарбаздардың ісіне береке тілейміз!

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz