Баласын Отан алдындағы борышын өтеуге  аттандырарда кез келген ата-ананың бойында қорқыныш сезімі болатыны рас. «Отар» әскери базасы 1990 жылдары ел арасында үрей туғызған болатын. Сондықтан балаларым Жамбыл облысына әскерге барамыз дегенде  қарсы болдым. Бірақ қос ұлымның ант қабылдау рәсіміне қатысқан соң, бойымдағы үрейім басылды. Олар үйден кетерде жас бала сияқты еді, қолдарына қару алып, ант қабылдаған сәтте нағыз ер жігіт екендерін түсіндім. Қос құлыным азаматтық борыштарын өтеп келді.

Қазір екеуін мақтан тұтамын. Әскердің де өз қиындықтары бары рас. Бірнеше секундтың ішінде киіну, түн ортасында ояну, әскери жаттығуларды орындау – ер балаларды шыңдай түсетіні анық. Ұлдарым әр істі ұқыптылықпен, жауапкершілікпен орындауды үйренді. Әскерден келгелі мінездері де өзгерді. Екеуі жақсы қызметке орналасты. Туған-туысқандарына деген құрметі арта түсті. Батыл әрі өжет болуды үйренді. Осыдан-ақ әскер балаларымның болашағына жол ашты деп айта аламын. Сондықтан барлық ата-анаға қорықпай-ақ, балаларын әскер қатарына жіберулеріне кеңес беремін.

Кеңес Одағы кезінде әскерге бару әрбір әулет үшін бедел болатын. Қазіргі уақытта жастардың әскерге деген көзқарасы өзгерген. Біздің балалық шағымызда «Бәленбайдың баласы әскерге жарамсыз екен» деген сөздің өзі күллі отбасыға қара күйе болып жағылатын. Әскерге шығарып салу, күтіп алу әкелер қауымы үшін абырой болатын еді. Осы көзқарасты қайта қалыптастыру үшін ата-аналар балаларын Отан алдындағы борышын өтеуге кеңес берулері керек. Өйткені ер бала – елдің ертеңі. Олар - мемлекетіміздің ұландары!

Елді нағыз жауынгерлер ғана қорғайды. Сондықтан келешегіміздің кемелдігі, тыныштығы үшін балаларымызды да батыл болуға тәрбиелейік.

 

Жанар ҚАЛИЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны.

saryarka-samaly.kz