Өскенбай ағаны 2000-ыншы жылдар басында, студент болып, өзімше өлең әкеліп,  редакция босағасын аттағанда кездестіргенмін. Кейін, сол кездегі бас редактор Мұхит Мүрсәлиұлы Омаров редакция жанынан «Жас қалам» тілшілер мектебін ұйымдастырып, біраз дәріс оқыған еді. Еңсегей бойлы, үнемі тіп-тік жүретін, үлкен-кіші алдынан кездесіп қалса, сіз деп сыпайы ғана иіліп амандасып, жол беріп, өткізіп тұратын. Әуелде, ондай мәдениеттілікті көрмеген бізге оның қылығы қызық көрінгені де рас. Онымыз біздің шалалығымыз екенін кейін ұқтық. Өсекең барлығына бірдей құрметпен қарап, ешкімнің сөзін бөлмей тыңдайтын, баса-көктемейтін, жымиып қана қоя салатын момын мінез иесі еді.

Бірақ бұл оның кәсіби шеберлігіне, батыл принципіне ешқандай нұқсанын тигізген емес. Өсекең біз жас тілші болып редакцияға келген жылдары қандай болса, 10 жылдан кейін дәл осындай бірқалыпты мінезінен танбай, зейнеткерлікке шықты. Әдетте, газет өндірісі қым-қуыт, кешегі атқарған істің бүгін жарамай қалуы, оны қойшы, таңертең жасалған беттің түстен кейін қайта бұзылуы – табиғи жағдай. Еңбегім еш кетті деп ешкім реніш етпейді. Себебі, газет шығару ісі тірі организм секілді, талапқа байланысты өзгеруі мүмкін. Қандай жағдай болса да, Өсекең асқан ыждағаттылықты, байыптылықты, қара кешке дейін әдіптеп жазып, газет беттерін мұқият оқып отыруымен көз алдымда қалды.

Менің көз алдымда - Өсекең үнемі бас редактордың бірінші орынбасары лауазымында. Ол дегеніңіз ертелі-кеш тақырыптарды жоспарлап, тілшілерге тапсырма беріп, қолжазбаларын дамылсыз оқып, ол аздай, құлаш-құлаш беттерді мұқият шұқшиып оқу. Жұмыс үстелінде – нөмірлерін айналдырып шырылдатып теретін жасыл телефон, қараңғы болғанда кабинеттің жарығын қоспай, жасыл үстел лампасын жағып қойып, қаламымен беттен қателерді сызып отыратын.

2000-ыншы жылдардың басында «Сарыарқа самалы» газетінің құрамына жастар қосылып,  Төлеубек Қоңыр, Қажымұрат Смағұлов, Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов, Ғалымбек Жұматовтар – біздің шын мәнінде журналистік шеберлікті үйреткен асыл ұстаздарымызға айналды. Олар бар білгенін өздерінен кейін келіп, қатарды толықтырған лекке беруді міндеті деп санағаны кәміл.

Өскенбай ағаның қалай «қолына түскенім» есімде. Бір жылдай әлеуметтік мәселелер бойынша жазуға төселген мені бас редактор Мұхит Мүрсәлиұлы экономика бөліміне жіберді. Оған дейін Бақыт Баймұратов аға жетекшім болып еді. Экономика деген атағы дардай, қайткенмен бөгде аралға түскендей тайсақтадым. Жоқ, Өскенбай аға осы бөлімнің ысылып қалған жүйріктері Жұмабек Сманов, Айбек Қобдабай сынды жігіттермен бірге баптады. Кейін көп ұзамай республикалық бәйгелерде жүлде алатын жағдайға жеттім.

Өзі жазуға уақыт табылғанда Президенттің реформалары, экономикалық стратегиялар туралы көлемді дүниелерге қалам тербейтін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуымен салынған тұңғыш теміржол тармағы – Ақсу-Дегелең бағытының құрылысы туралы көсіліп жазды. Тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет қолға алынған ірі құрылыстың, қазіргі тілмен айтқанда, мегажобаның елге, халыққа, экономикаға берер пайдасы туралы тақырыпты жілігін шағып, майын ішкендей тамсанта, таңдандыра жазды. Біз үнемі Өсекеңнің Құрметті теміржолшы Әби Сарқыншақов ағамыздан интервью алып, жазып жатқанына таң қалатын едік. Өсекең өз тақырыбына соншалық беріліп, кейіпкерлерін сөйлетуден еш жалықпайтын.

Кейде газет жұмысы жайланғанда, кешқұрым редакцияның ұзын, тар дәлізінің ортасында тұрып әңгімелесу бақыты бұйыратын. Біз жастар болып әрине сөзге жарытпаймыз. Мұндайда Бақыт Баймұратов екеуінің диалогы қызық бізге. «Өскенбай мырза! Сіз қалай ойлайсыз?» деп бастап алады Бақыт аға. Ол үнемі осылай жұмбақтап, тақпақтап бастайтын еді. Өсекең болса, жымиып қана, «рас, рас» деп, екі қолын бір-біріне айқастырып, мақұлдап қоятын. Заманы бір ағалардың кейбір әңгімелерін ұқсақ, кейбір сөздеріне өреміз жете қоймайды. Әйтеуір, бір-біріне деген сыйластығы, құрметі бөлек екенін сеземіз. Сөйткен ағаларымыз екеуі де бір жылы дүние салғанын айтсаңызшы...

Өскенбай ағаның рухани дүниесі бай еді. Іргемізде тұрған, өзі де, кейін мен де оқып түлеп ұшқан Павлодар педучилищесін «Мәскеу мемлекеттік университеті» деп атайтын құрметпен. Онда ұстаздық қызмет еткен Ұлы Отан соғысының ардагері Қантай Елубаеваны айта келіп, «сен өзің зерттеп жүрген ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың құдағиы, сол кісіні сөйлетіп, әңгімесін жазып ал» деп ақыл беріп еді. Кейін дәл солай жасадым да. Міне, қамқорлық.

Бастапқыда күнделікті жұмыс жоспары туралы ғана ойлайтын адамдай көрінген секілді еді. Кейін әңгімелесе келгенде, Өсекеңнің мүлдем басқа қыры ашыла түсті. Ол домбырада «Балбырауын» күйін шертеді. Кезінде ұлттық рух жаңғыра бастағанда, 1970-інші жылдары Мейрам Асылғазин бар, басқа да қазақ азаматтары жиналып,  өнерпаздар тобын құрған көрінеді.

Өсекеңнің бір қыры – теннис ойнауында. Ракетканы иіріп соққан кезде ақ шарда дамыл болмайтын. Өзі де спорт тақырыбына жетік болатын. Мәскеу олимпиадасы туралы тамсана айтатын да, әңгімелейтін. Олимпиада жүлдегері Жақсылық Үшкемпіровтің белдесуі туралы керемет сүйсініп оқитын мақала жариялады. 

Өскенбай аға ізденгіштігімен танылған еді. Нарыққа көшу жылдарында орыс тілінде «Павлодарда қалай бизнес жасауға болады? деген кітап жазып шыққан. Бірқатар кәсіпорын басшыларымен қарым-қатынасы жақсы болатын. Сонда олар Өсекеңнің білімділігін, кәсібилігін мойындайтын. Жақсы тіл табысу арқылы қазақ газетіне жарнаманы қалай тартып, қосымша табыс түсіру керектігін тәжірибе жүзінде көрсете білді. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері, облыстық телевидениені басқарған Алма Әжібаеваның бір естелігінде Өскенбай ағаның іскерлігін үлгі ретінде коллективке айтқаны бар.

Өсекең еркін тақырыптарда да көсілетін. «Ақ коньки» атты мөлдіреген естелік дүние жазып шықты. Өзі де мұзда мәнерлеп сырғанаудың шебері болатын. «Мұздағы математика» деген мақаласын тұшынып оқыдық.

Енді бірде Өсекең әкесі туралы айтатын:

- Үйіміз ескілеу болатын. Бір күні әкей есік алдына аппақ бөренелерді әкеліп түсіре бастады. Үй салатын болдық, алақай деп қуандық. Әкей басымыздан сипады. Сөйтіп, үй сала бастадық. Бірақ күтпеген жағдайға тап болдық. Біреулер «бұлар қалайша үй салып жатыр, мына бөренелерді қай ақшасына сатып алған» деп, сыртымыздан арыз жіберіпті. Сөйтіп тексерушілер келді. Әкей өте ұқыпты адам еді, барлық сатып алу чектерін сақтап қойған екен ғой, соны көрсетіп, ақ екенін дәлелдеп шықты, - деп бір мұңдылау оқиғасын айтып еді. Енді бір уақыт ол кезде қалада мал ұстайтын қазақтар көп болғанын, үйлеріне  Усолка өзенінің арғы бетінен шөп шауып, оны арбаға тиеп әкелетінін әңгімелейді. Өсекеңнің әңгімелері - тыңдай білгенге бір әлем.

Өскенбай аға классикалық музыканың да тыңдарманы еді. Симфониялық концерттерге баратынын естігенде аң-таң болып едік. Бізге қайда ондай талғам?. Музыкаға деген әуестікті педучилищеде оқыған жылдары мұғалімдер дарытқанын айтатын, онда домбырашылар ансамблінде мүше болған көрінеді. КСРО-ның өнер майталмандарының бәрін танитын, Ресейдің «Культура» телеарнасын талмай тамашалайтынын айтқан еді.

Не керек, Өскенбай аға көңілі дария, сан қырлы, мінезі биязы адам болатын. 44 жыл бойы қызмет еткенінде ұжым ішінде де небір оқиғалар, қым-қуыт кезеңдер өтетіні белгілі ғой. Қайсысында болмасын Өсекең өзінің бірқалыпты мінезімен, байсалдылығымен, пайым-парасатының тереңдігімен жеңімпаз болып шығып отырған. Ұжыммен бірге Баянауылға, тағы басқа демалыс орындарына барғанда мен үнемі Бақыт Баймұратов, Өскенбай ағалармен бір бөлмеге орналасатын едім. Ондайда барлық дәмді тағамдармен қатар, ең бір құнды әңгімелерге қарық болатын едім. Қызықты тақырыптар шертілетін. Бақыт ағаның шешендік, актерлік өнері ерекше, Өсекең болса «ғажап, ғажап» деп басын изеп, жымиып отыратын.

Зейнет жасқа жеткен соң бас редактордың орынбасары лауазымынан босап, бір жылдай шолушы журналист қызметін атқарды. Сол кезде жоғарыда аталған біршама әдемі дүниелерін жазып жариялады. Кейін олардың бәрінің басын қосып, бір жинақ етіп шығарды. «Нұрбол, бәрібір зейнет жасқа келгеннен кейін жұмыс істеу бұрынғыдай болмайды екен» деп айтып жүрді, кейін біржола құрметті демалысқа шыққан еді.

Қым-қуыт тіршілікпен жүріп, редакция жұмыстарынан босамай, кейін Өскенбай ағамен ұдайы сөйлесіп тұрудың реті болмады. Әрине, мерейтойларда, атаулы күндерде жүздесіп, бір қуанысып қалатын едік. Ондайда: «әлі күнге дейін түсімде мақаламды уақытынан кешіктіріп алғандай болып, қысылып оянамын» деп айтатын. Ой, Алла, журналист болып жүргенде сіңірген сол бір қасиет кейін кәсіби дерт секілді кісі соңынан қалмайтын болғаны ма?.

Кейде аманат арқалап жүргендей қопайып: «Өсеке, газетіміз қалай шығып жатыр, ой-пікіріңіз болса айта жүріңіз» деп қолқалайтынмын. «Газетті алып тұрамын, рахмет. Бірақ пікір айта алмаймын,  себебі әр уақыттың өз сұранысы бар, талабы болады. Соған сәйкес мақалалар да жазылады» деп әдепті, мәдениетті жауап қататын. Соңғы рет 70 жасқа толғанда (2017 жылы 5 наурыз) өзі туралы арнайы мерейтойлық мақаланы келіп оқып, жарияланған соң ризашылық білдірген еді. Одан басқа, басы артық хабарласа қоймайтын. Әлде мазамызды алмайын деді ме...

Биыл Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясы үш бірдей аяулы ардагерінен айырылды. Көктемде «Құрмет» орденді журналист, Май ауданының Құрметті азаматы Төлеубек Қоңыров 80 жасында дүниеден озды, маусым айында Қазақстанның Құрметті журналисі Бақыт Баймұратов 75-інде дүние салды. Енді, міне, жазмыш солай болып, 73 жасқа қараған шағында Өскенбай Тастемханов ағамыз арамыздан ұзап кете барды.

Тағдырдың жазуына не шара.. Десе де, ардагерлеріміздің ортамызда қарайып жүргеніне не жетсін. Ұрпақтарына ғұмыр берсін. Өзге аға-апаларымыз аман болсын деп тілейміз. Жаныңыз жаннатта болсын, Өскенбай аға...

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz