Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты деректеріне сүйенсек, Абай туралы ең алғашқы мәліметтер сонау 1851 жылдан бастау алады: құнды дерек ретінде Құнанбай Өскенбайұлының формулярлы тізімін атап өткеніміз жөн. Құжаттық деректе аталған жылдары Абай 7 жаста деп жазылған.

Абай әуелi ауыл молдасынан сауат ашып, сосын Семейдегi Ахмет Риза медресесiнде үш жыл оқып бiлiм алғаны көпшілікке белгілі. Шәкірт кезінен халық ауыз әдебиетiнiң үлгiлерiн өте жақсы бiлуімен қатар кiтапқа өте құмар болып, араб-парсы және көне түркi әдебиетiнiң туындыларын зер салып оқыды. Қазақтың дәстүрлi әдет-ғұрыптары мен ислам дiнiнiң қағидаларын терең меңгердi. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, Абаймен бiлiм жарыстырудан молдалардың өздерi қашқақтағаны белгілі. Ол шәкірт кезінен-ақ өзiнiң алғашқы өлеңдерiн жаза бастады. Әкесi Құнанбай талапты баласының болашағынан мол үміт күтіп, Абайды тобықты руының болашақ билеушiсi ету мақсатымен оқудан ауылға керi қайтарып алады. Әкесінің төңірегіндегі ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани-мәдени жүйелерімен жете танысады. Халықтың қалың ортасына түсiп, арқалы да азулы билермен, атақты ақындар, сазгер-әншiлермен араласуы барысында тағылымы мол қайраткерлік тәжірибе жинайды. Баласы Тұрағұлдың естеліктерінде Абайдың өте мырза болғаны айтылады. Ұлттық ойындарды тәуір меңгергенін жазады, мысалы, дойбы мен тоғызқұмалақты жақсы ойнаған.

Ақынның жастық шағы патша өкiметiнiң Қазақстанның оңтүстiгiне қарай әскери күшпен ентелеп ене бастаған кезiмен тұспа-тұс келдi. Ол патша өкiметiнiң сыртқы округтiк дуандардағы жағдайының барған сайын нығая түскенiн, ХIХ ғасырдың 60-90 жылдарындағы әкiмшiлiк реформаларының күштеп енгiзiлгенiн өз көзiмен көрдi. Абай Семей уезіндегі екі болыстың басқарушысы және биі болған кезiнде қай iстi болса да әдiл және адал шешуге талпынды. Абай Құнанбайұлының ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, 18 жыл бойы билік жүйесінде болыс және би қызметтерін жоғары деңгейде атқаруы - бұлтартпас тарихи дерек. Елмен тығыз байланыста болған кезде қарапайым халықтың шынайы сый-құрметiне бөлендi, бiрақ қоғамның күрделi мәселелерін мұндай тәсiлмен шешуге болмайтынына бiрте-бiрте көз жеткiзе бастайды. Сондықтан да ол бүкіл жан дүниесімен қазақтың бiлiм мен ғылымды игеруін қолдады және соған үгіттеді.

Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақ-тағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салды. Айта кетерлік жайт, Абай ой-өрісінің кеңеюіне әсер еткен елдің жақсылары, Ахмет Риза медресесі мен орыс мектебінде дәріс берген ұстаздары, сонымен қатар шығыс және батыс классиктерінің мұрасын оқып, терең танымы мен сол кезеңдегі саяси көзқарасы үшін қуғын көрген интеллектуалдық элитаның көрнекті қайраткерлері болды. Бұл ретте Е.Михаэлис, С.Гросс, Н.Коншин, Н.Долгополов және тағы басқаларды айтуға болады. Мысалы, Северин Гросс Польшадағы ұлт-азаттық қозғалысқа белсене қатысқаны үшiн 1883 жылы Семейге жер аударылған. Осы қалада жүрген кезiнде ол антропологиямен, этнографиямен және қазақтың әдет-ғұрып құқықтарын зерттеу- мен терең айналысқан.

«Адамды тұрар адам қып, ақжүректiлiк пен адалдық» дегендей, қазақтың ауыр тұрмысы, патша үкiметi шенеунiктерiнiң озбырлығы, жергiлiктi болыстардың парақорлығы мен қанағатсыз пайдакүнемдiгi ақынды алаңдатпай қоймады.

Абай 1880, 1891 жылдары болған алапат ауыр жұттарды өз көзiмен көрдi. Сол жылдары оның сан мыңдаған жерлестерi ауыр халге душар болған едi. Кейбір тарихи деректерге жүгінетін болсақ, олар казак станицалары мен орыс шаруаларының деревняларына жаппай ағылып, болар-болмас тиын-тебенге жалданды, үй қызметшiлерi, бақташылар болды. Бұл Ұлы дала тұрғындары бұрын көрмеген жағдай еді. Қайыр сұрап, ел кезiп кеткендер де аз болған жоқ. Ащы да болса, осындай оқиға орын алды. Осыны біліп отырып Ресей империясы 1881 жылы Семей облысында қазақтарды шоқындыру мақсатында Қырғыз миссиясын құрып үлгереді. Ол мекеменің басқа да қазақ облыстарына ықпалы болды. Бірақ Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Науан хазіреттердің арқасында ондай арам саясат жүзеге аспады.

Абай қазақтың мал өсiрумен қоса сауда жасауды, белгiлi бiр кәсiп түрiмен шұғылдануды үйрену қажеттiгiне баса назар аударды. Осы бағытта басқа қазақтарға жақсы үлгі көрсете білді: 1903 жылы Семей облысының әскери губернаторы Галкиннің мәлімдеуінше, Абайдың өзінде 1000 жылқы, 2000 қой болған. Бұл мұрағаттық деректің өзі қазіргі ауыл жағдайында кіші бизнесті дамытуға үлкен үлгі емес пе?!

Бұл ретте ақын Орта Азия тұрғындарының кәсiпшілік түрлерiне үлкен iлтипатпен қызыға қарады. Қоғамды прогресшiл түрде дамыту жолдарын үнемi iздестiрiп отырды. Абай ел басқаруға халық үшiн қызмет ететiн адал адамдар сайлануы тиiс деп есептедi. Ол өз төңiрегiндегi адамдардың, жақындары мен шәкiрттерiнiң бойындағы өз халқына риясыз адалдықты, көпшілік мүдделерiн қорғау қасиеттерiн қолдап отырды.

Ұлы ақын жас ұрпақты имандылыққа, адамгершiлiкке, ғылым-бiлiмді үйренуге шақырды. Абай өз заманындағы жас ұрпаққа, «көкірегі сезімді, көңілі ойлы» адамдарға үміт артып, олардың жүрегін оятып, өзінің озат мақсат-мұраттарына тартуға ұмтылды. Жалпы, ақынның барлық шығармашылық жолының негізгі идеялық-тақырыптық желісінің бірі – жастардың ерінбей еңбек етіп, ғылым мен білімге ұмтылуы, алға қойған мақсатқа жетуде табандылық көрсетуі сынды асыл қасиеттерді уағыздау болды.

Абай құрдымға кете бастаған болыстық жүйе мен билер сотына да сын көзімен қарады. Бұрынғы істі әділ шешкен билерді еске түсіріп, Ресей империясы бекіткен болыс пен билерге наразылығын жиырма екінші қара сөзінде: «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ» деп ашық білдірген.

Қазақ қашан мықтыларының аяғын шалуды қояр екен?! Мысалы, елдің көбі біле бермейді: 1872-1873 жылдары Абай біраз айлар Семейде тергеуде болады. Оған қарсы 12 қылмыстық арыз жазылып, соншама іс қозғалады. 1890 жылғы маусым айында Мұқыр мен Шыңғыс болыстарының жер дауын тоқтатуға барған Абайға жергілікті қазақтардан шабуыл жасалып, ол кісі жарақаттанады. 1897 жылы Жидебайға орыстың жандармы келіп, Абайды тінтеді. Осының барлығы мұрағат материалдарында жақсы сақталып қалған.

Ақын әркiмдi өзiнiң өткен әр күнiне мiндеттi түрде есеп берiп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды. Оның пiкiрiнше, адам болу үшiн оның бойынан үш түрлi фактор табылуы тиiс. Бiрiншiден, баланың шыққан тегi жақсы болуы керек, екiншiден, оның әлеуметтiк жағдайы немесе қоршаған ортасы жағымды болуы шарт, үшiншiден, балаға адамгершiлiк тұрғысында тәрбие берiлуi қажет.

Абайдың ел алдында атқарған үлкен бір абыройлы қызметі – оның білгір би ретінде танылуы. 1885 жылы мамырда бұрынғы Семей облысының Шар өзені бойындағы Қарамола деген жерде сол кездегі Семейдің әскери губернаторы Цеклинскийдің басқаруымен өткізілген Семей облысындағы бес уездің жүзден астам би-болыстары мен басқа да игі-жақсылары бас қосқан төтенше съезде төбе би болып сайланған Абайға «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін» әзірлеу сеніп тапсырылады. Абай бастаған комиссия барлығы 93 баптан тұратын ережені айналасы үш-төрт күнде әзірлейді. Жаңа заңды баршасы – болыс, билер мен ұлықтар мақұлдап, ереже астына қолдарын қояды. Бұл қазақтың ежелгі кертартпа әдет-ғұрып заңдарына да, патша өкіметінің отаршылдық саясатқа негізделген заңына да ұқсамайтын өзгеше құжат болды. Оның әсіресе ұрлық, қылмыс пен әйел мәселелеріне арналған баптары ерекше құнды. Осылайша Абай әдет-ғұрып мәселесін заманға лайықтап, халық пайдасына шешті, кем-кетіктің, әсіресе, әйел құқығын жақтады. Ақынның атақ-даңқын осынша көкке көтерген сол қызметі үшін де Абай көзінің тірісінде-ақ «әділ би» атанған. «Ереженің» жазылуы Қарамола съезінің басты тарихи оқиғасы болды да, төбе би сайланған әрі Ережені басқарып жазушы Абай өзін ерекше сезініп, ауылына зор әсерге бөленіп қайтады.

Қарамолада бірнеше дуан елдің бас қосқан төтенше съезіне төбе би болғаны сияқты Абай Жетісу мен Семей облыстарының бас қосқан төтенше Көктұма съезінде де осы екі облыс билерінің үстінен қарайтын төбе би болып сайланған. Мұндай тағдырлы да келелі кеңес кезінде ұлы ақынның білімі мен ой жүйріктігіне, әділ, кемел билігіне талай рет көзі жеткен ел іштей жау болып, дос болып жүрсе де, Абайдың төбе би болуына еш уақытта қарсылық көрсетпеген.

«Асқар таудың көлеңкесi алысқа түсер» деген сөз тегін айтылмаса керек. Қайраткер Абайдың келесі бір назар аударарлық қыры – Семей қаласында орналасқан сол кездегі белгілі қоғамдық ұйымдарға мүше болып, туған халқын Ресей жұртына кеңінен таныс-тыру мақсатынан туған нағыз ұлтжандылық іс-әрекеттері. Кедей балаларына киім, оқу құралдарын сатып әперіп, қамқорлық жасаған, сонымен бірге қаражатының біраз бөлігін Семейдегі Абай тұрақты оқырманы болған қоғамдық кітапхана мен облыстық музейді жабдықтауға жұмсаған. Семей бастауыш білім беру қоғамына ұлы ақын балалары Ақылбай мен Мағауия үшеуі 1893-1894 жылдары мүше болып, жарна төлеп көмектесіп отырған. Ал 1883 жылы саяси жер аударылған зиялылардың бастамасымен ашылған Семей облыстық кітапханасының алғашқы оқырмандарының бірі Абай болған да, ол осы киелі орында орыс және шетел әдебиеті туындыларын оқып қана қоймай, жер аударылғандармен танысып, орыс демократтарымен жақын пікірлескен.

Абай өзінің жақын досы, Ресей империя-сының демократы Е.П.Михаэлистің бастамасымен 1883 жылы ашылған Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысына белсене қатысып, қазақ халқының салт-дәстүріне, этнографиясына байланысты тың мағлұматтар айтып, пайдалы ақыл-кеңестер берген, өз тарапынан музей қорына елуден астам ұлттық бұйымдарды тапсырған. Семей облысының экономикасын, тарихы мен халық шаруашылығын, табиғатын зерттеу- мен айналысқан ғылыми-зерттеу орталығы – Семей облыстық статистикалық комитетінің жұмысына да ұлы ақын ерекше ынтамен қатысқан. 1886 жылы өзін жақсы білетін досы Е.П.Михаэлистің ұсынысымен Абай осы беделді комитеттің толық мүшесі болып сайланады, мәжілістеріне үнемі қатысып, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады, сол жылдары ғылым академиясының міндеттерін атқарған Императорлық орыс географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіне, осы өлкені зерттеген орыс ғалымдарына туған халқының тарихы, этнографиясы, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі туралы құнды кеңестер мен деректер береді.

Жалпы, Абай өз өлеңдерi мен қарасөзбен жазылған ғибраттарында қазақ қоғамы өмiрiнiң барлық жақтарын әдемі ашып көрсеттi. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағылып келiп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесiндегi белгiлi шежiрешi, энциклопедист әрi ақын Мәшһүр Жүсiп Көпейұлы келiп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын.

Елбасымыз өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында дархан қазақ елі туғызған әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген заңғар перзенттер шоғыры туралы айта келіп, осынау ұлы тұлғалардың әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі галереясын жасауды қолға алу қажеттігіне тоқталғаны мәлім. Осы орайда қазір еліміздің түкпір-түкпірінде ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған ауқымды мәдени-көпшілік және ғылыми шаралар өткізілуде. Осы ретте Абай туып-өскен, өмір сүрген Шыңғыстау өңірінен бастап ұлы ақын аралаған Шығыс Қазақстан мен Батыс Сібірді қамтыған «Ұлы ақын ізімен» атты тарихи-танымдық ғылыми экспедиция ұйымдастырып, соның барысында деректі фильм мен арнайы телевизиялық хабар ұйымдастырса, республикалық газеттерде осы экспедицияның жұмыс барысы туралы топтама мақалалар жарияланса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл игі шараның өзі данышпан ақынның бүкіл шығармашылық келбетін ғана емес, қайраткерлік болмысын да толыққанды ашып беріп, торқалы тойға сүбелі тарту болар еді. Мұрағаттарда Абай туралы әлі зерттелмеген материалдар аз емес. Осыған сүйеніп тарихи монография жазу керек. Оны көптеген шетел тіліне аударып, Абай арқылы қазақты әлемге таныту қажет. Мектептерге жеңіл тілмен жазылған «Біздің Абай» деген кітап жазылып, оны миллиондаған данамен таратса да артық емес.

Қорыта айтқанда, Ұлы Даланың ерен тұлғасы болған Абай Құнанбайұлы – дара құбылыс, ақын-ойдың, парасаттың асқар биігі. Еңбегі - біз үшін таусылмас асыл, рухани қазына. Абайдың дәстүрі, мектебі – Ұлы Дала руханиятының жаңарып-жаңғыруына, жас ұрпақтың ой-санасының жетілуіне орасан зор үлес қосары сөзсіз.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры.

saryarka-samaly.kz