- Сайра Жарылғапқызы, шаруаларды қолдауға жауапты әр қаржылық ұйымның ұсынатын қызметі бөлек. Сіздер қандай көмек көрсетесіздер?

- Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қаржылай қолдау «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асуда. Мәселен, биыл ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлерді демеу мақсатында 1 миллиард 35 миллион теңге қаражат бөлінді. Несие жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен үлестіріледі. Құжаттар мал шаруашылығын дамытуға 6,5 жылға дейін, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 3 жылға дейін рәсімделеді. Елімізде жария-ланған төтенше жағдайға қарамастан өтініштерді қабылдау жалғасуда. Өтінішті әдеттегідей кеңсеге келіп жазуға, қала берді, электронды пошта арқылы қалдыруға болады. Ережеге сай, өтінішті қарастыру мерзімі 10 күнге созылса да, қазір 3 күннің ішінде жедел жауап беріп жатырмыз. Себебі, шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына алаңдап жүргенін түсінеміз. Жыл басынан бері әзірге 41 өтініш түсті. Нәтижесінде жалпы құны 104 миллион 900 мың теңгені құрайтын 28 өтініш мақұлданды. Алдағы уақытта қаржыландырудың басқа да тетіктері іске қосылуы мүмкін.

- Былтырғы жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай?

- Өткен жылы өз қаражатымызға «Сыбаға» және «Ырыс» бағдарламалары жүзеге асып, шаруалар 1055 бас ет бағытындағы, 100 бас сүт бағытындағы ірі қараны сатып алды. Сондай-ақ, техника паркін жаңартуға мүмкіндік пайда болды. Ал негізгі тетік - «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 316 несие берілді. Жалпы құны - 1 миллиард 751 миллион теңге. Яғни, қаржы-ландыруға бөлінген қаражат толығымен игерілді. Бөлінген қаржыға 3431 бас ірі қара, 680 жылқы, 6694 ұсақ мал, 17 ауыл шаруашылығы техникасы, 18 жүк көлігі сатып алынды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамытуға қажетті автокөліктерді (ассенизатор, азық-түлік тасымалдайтын көлік және тағы басқалары) сатып алу үшін 14 несие, қондырғыларға қол жеткізу үшін 34 несие берілді.

- Қаржыландыру барысында шаруалар көбіне қандай проблемаларға тап болып жатады?

- Негізінен өтініштер кері қайтарылмайды десем де болады. Кепілдік заттың бағасына қарай тиісті қаражат беріледі. Десе де, кей кезде шаруалардың құжаттары дұрыс болмай, кемшілікті реттеуге уақытын жоғалтып жатады. Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін басқарушы холдинг тарапынан несие алған шаруаларға жеңілдіктер қарастырылғанын атап өткен жөн. Осы уақытқа дейін қиындыққа тап болған 18 шаруадан өтініш түсіп, 7,5 миллион теңге қаражатты төлеу мерзімі кейінгі шегерілді.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан - Оралхан ҚОЖАНОВ.

saryarka-samaly.kz