Серік және Нұрсұлу Төлеубаевтар 1986 жы-лы шаңырақ көтеріп, отбасылы болған. 1994 жылдан бері Екібастұз қаласында тұрып келеді. Алла олардың құшағына үш перзент сыйлады. Бүгінде олардан немере-жиен сүйіп, ардақты ата, аяулы әже атанып отыр. Серік аға мен Нұрсұлу апай балаларының барлығын тәрбиелі де тәлімді, өнегелі де өнерлі етіп өсірді. Бұл әулетті үлкен бір ансамбль деуге болады. Себебі, жанұя мүшелерінің барлығы ән шырқап, музыкалық аспаптарда ойнайды. Жетістіктері де жеткілікті.

Отағасы Серік Айтқұлұлы 1994 жылдан бастап «Богатырь Көмір» ЖШС-нің жол жөндеушісі болып жұмыс істейді. Ширек ғасырдан астам атқарған абыройлы еңбегінің арқасында ІІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» орденімен марапатталған.

- Балалардың кішірек кезінде бос уақыттарын ауылда өткізуге тырысатынбыз. Себебі, ауыл – ұлттық тәрбие мен танымның ортасы. Екіншіден, төрт түлік малға бойларын үйретіп, ауыл өміріне қанық болады. Біздің отбасымыздың тағы бір ұстанымы – жеті атаны жатқа білу. Бала үшін қайдан шыққанын біліп жүру маңызды. Әрбір отбасы осыған мән берсе екен, - дейді Серік Айтқұлұлы.

Ал жұбайы Нұрсұлу Еркебайқызы Екібастұз қаласындағы «Атамұра» мәдениет орталығын басқарады. Қазақ өнері мен мәдениетін дамыту жолындағы еңбегінің нәтижесінде 2018 жылы Екібастұз қаласы әкімінің «Еңбек адамы» сертификатына ие болған. Сонымен қатар, «Екібастұз қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Әулеттің тұңғышы Дархан да әкенің ізін жалғап, шахтаға жол салған. «Богатырь Көмір» кенішінің автобазасында жүргізуші болып жұмыс істейді. Дархан шахтер ғана емес, өнерімен де талайды тамсандырып келеді. Облыстық «Отбасым - ошағым» кон-курсында 3-орын, қалалық «Екібастұз дауысы» вокалдық байқауында 2-орын және «Екі жұлдыз» ән сайысында 1-орынды жеңіп алған. Кіші ұлдары Дәурен де өмір жолын өнермен байланыстырыпты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдап, ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ансамблінің концертмейстері болып еңбек етуде. 

- Қазақ халқының атам заманнан қалыптасқан отбасылық институтының ұрпаққа берер тәрбиесін басқадай білім ордаларының бірі де бере алмайтыны - ақиқат. Иә, оқу орындарының жас ұрпаққа мамандық меңгертіп, білім көкжиегін кеңейтетіні рас. Бірақ, отбасындағы тәрбиенің тұнығы одан да маңызды. Біз өз балаларымыз бен немере-жиендерімізге адамгершілік мәселесін алдыңғы орынға қоюды жиі айтып отырамыз.  Сонымен қатар, бойға біткен өнерлерін дамытып, жоғары білім иеленуіне де күш салдық. Үмітіміз ақталды, - дейді Нұрсұлу Еркебайқызы.

Сонымен қатар, әулеттің келіндері мен қыздары да - шетінен өнерлі жандар. Төлеубаевтар әулеті  өткен жылы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында бақ сынап, бас жүлдеге ие болды. Содан кейін Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық кезеңде облыс намысын абыроймен қорғап қайтты. Бұдан бөлек, облыстық «Отбасым - ошағым» байқауының жеңімпазы атанған.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz