Кооператив құру идеясының түпкі мақсаты мал және өсімдік шаруашылығын кәсіп еткен ауыл жұртының өз еркімен кооператив құрамына кіріп, өнімдерін делдалдарға жем қылмай, өздері құрған кооператив арқылы нарыққа шығару еді. Сөйтіп, шағын шаруалардың жағдайларын түзеп,сол арқылы ауыл еңсесінің көтерілуіне ықпал ету болатын.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібековтің мәліметінше, бүгінде аймағымызда 121 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелген. Сүт бағытында – 32, ет бағытында – 67 және 22-і басқа бағытта еңбек етуде.

- Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла-масына сәйкес, өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында кооператив құрудың екі механизмі қарастырылған. Көлденең және тік (зәкірлік). Алғашқысында шағын және орта шаруашылықтар бірігу арқылы өнімді өндіру және өткізу кезіндегі шығындарды азайтып, табысын арттыра алады. Зәкірлік кооператив біріккен шаруалардың өңдеуші және жүйе құраушы кәсіпорындармен серіктестігін көздейді. Кооперативтердің қауым-дастық немесе одан да ірі кооператив құруына мүмкіндігі бар. Бұл ретте, жергілікті шаруалар соңғы жылдары өндірген өнімдерін үлкен көлемде өткізуге мүмкіндік алды. Айналым құралдарын тиімді пайдаланумен қатар, жанар-жағармай, минералдық тыңайтқыш, тұқым және тағы басқа қажеттіліктерді төмен бағамен сатып алуға жол ашылды, - дейді басқарма басшысы.

Бірігудің, әсіресе, егін шаруашы-лығында жүргендерге тиімділігі мол. Бұрындары шағын шаруашылықтар көктемгі егіс науқанында да, жиын-терім жұмыстары кезінде де қиыншылықтарға тап болатын-ды. Бірде ескі техникасы істен шықса, бірде қаражаттың аздығынан сапалы тұқым сатып алуға мүмкіндік жоқ еді. Енді техника іздеп қиналмайды, өнімді қайда өткіземін, қалай жинап аламын, қайда сақтаймын деп ойға-қырға шапқылап жүрмейді. Кооператив көмегіне жүгінеді, оның мүшесі болғандықтан, барлық мүмкіншілікті пайдалана алады.

- Ең бастысы, біріккен шаруа-шылықтар мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өндірілетін өнім көлеміне субсидия ала алады. Атап айтсақ, қайта өңдеуге тапсырылған сүттің әр литріне 10 теңге, бордақылау алаңына тапсырылған бір бұқаға 40 мыңнан 60 мың теңгеге дейін (тірі салмақта бір келісіне - 200 теңге) субсидия қарастырылған. Сондай-ақ, несиелік серіктестіктер арқылы жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар. Етті тұқымды отандық аналық ірі қара малды сатып алуға несиелеу мерзімі – 10 жыл. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 4 пайыз. Былтыр 8 шаруашылыққа сиыр сүтін өндіру құнын арзандатуға 24,9 миллион теңге, 7 шаруашылыққа етті және сүтті-етті тұқымды отандық асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға 4,9 миллион теңге, 5 шаруашылыққа тауарлы аналық ірі қара арқылы селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізуге 11,3 миллион теңге субсидия үлестірілді. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 10,1 миллион теңге, гербицидтердің құнын субсидиялауға 6,1 миллион теңге, тұқым шаруашылығын дамытуды қолдау бағдарламасы шеңберінде 901,668 мың теңге, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 26 миллион теңге, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету (құдықтар, ұңғымалар) жобасы шеңберінде 11,5 миллион теңге демеуқаржы бөлінді. Қаржылай қолдау биыл да жалғасын табатын болады, - дейді Н.Сәдібеков.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті кооперативтер 7,7 мың тонна сүт және 738 тонна ет өнімдерін дайындаған. Жалпы сомасы 201,1 миллион теңгеге 4,9 мың тонна бидай және 2,8 мың тонна күнбағыс тұқымы сатылыпты.

40-қа жуық шаруашылықты біріктірген «Ертіс Агро» коопера-тивінің басшысы Ерлан Тоқтышақов «ҚазАгро» АҚ арқылы мемлекеттік қолдауды айқын сезініп отырғандарын айтады.

- Бар шаруа қаражатқа байланысты. Бұл ретте, тиісті қаржы уақытында қолға тиіп, көктемгі егіс жұмыстарына белсене кірісіп кеттік. Биыл 80 мыңнан аса гектарға бидай, 20 мың гектарға күнбағыс, 5 мың гектарға қарақұмық егілді. Несиелік қаражатқа минералдық тыңайтқыштар, техниканың қосалқы бөлшектері, тағы басқа қажетті заттар сатып алынды. Несиені өтеу мерзімі – осы жылдың желтоқсаны. Жиын-терім жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп, берешектен құтыламыз деген сенімдеміз, - дейді ол.

Байқағандай, жергілікті коопе-ративтердің алдында әзірге күрделі мәселе жоқ. Десе де, кейде шаруалар құжат тапсыруда қателіктерге жол беріп, субсидиядан қағылып жататын көрінеді.

- Кей жағдайда шаруалар мақсатты бағытына керағар құрылыс нысандарын тұрғызып, демеу-қаржыдан үмітін үзеді. Бұл ретте, облыстық басқармада, аудандық ауыл шаруашылығы бөлім-дерінде субсидия ісіне жауапты мамандар жұмыс істейді. Олар әр шаруаны қолынан жетектеп жүрмесе де, түсіндіру жұмыстарын мықтап жүргізуде. Биыл бір ғана субсидиялау ісіне облыстық бюджеттен 11 миллиард теңге қаражат бөлінді. Яғни, 2019 жылмен салыстырғанда 4 миллиард теңгеге артық. Бұған республикалық бюджетті қосыңыз. Қысқасы, шаруалар ережеге сай құжаттарын реттесе, ешқайсысы субсидиядан құр қалмайды, - дейді Нұрлан Сәдібеков.

 

Бетті әзірлеген - Оралхан ҚОЖАНОВ.

saryarka-samaly.kz