Ак.Шөкин көшесі, 164/2 және 164/3 мекенжайларында орналасқан қос ғимараттың құрылысы былтыр шілде айында басталған. Жауапты мердігер – «Нұр Астана Құрылыс» ЖШС өз міндетін кестеге сай атқарып, желтоқсан айында аяқтапты. Осы уақытқа дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылардың құжаттарын реттеп, оған қоса елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты баспана тойы мамыр айына шегерілген.

Қалалық сәулет және қала құры-лысы бөлімінің бас маманы Арман Асылхановтың мәліметінше, әр үйде 72 пәтер бар. Оның 36-сы - 1 бөлмелі, 18-і - 2 бөлмелі және 18 пәтер - 3 бөлмелі. Бір бөлменің аумағы 40-46 шаршы метрді құрайды. Екі бөлмелі пәтер  - 64,8 шаршы метр, 3 бөлмелі пәтер 83,8 шаршы метрге тең. Қос тұрғын үй «Сарыарқа» ауданында қолданысқа берілген 19-шы және 20-шы үй болып тіркелді.

Баспаналы болғандардың қатарында Ботагөз Букаева да бар. Бұған дейін ата-енесімен тұрып келген жас отбасы 5 жыл бойы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің есепшотына ақша салып, армандарына қол жеткізіп отыр.

Қала әкімі Қайрат Нүкенов баспаналы болған жандарды құттықтап, өңірде тұрғын үй құрылысы жалғасын табатынын жеткізді. Оның айтуынша, былтыр облыс орталығында 200 мың шаршы метр үй қолданысқа беріліп, 407 отбасы қоныс тойын тойлаған.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz