Карантин. Үйдемін. Шыңғыс Айтматовты қайталап оқудамын. Ол журналистке берген сұхбатында: «Наконец-то мы прозрели, протерли глаза и, оглянувшись назад, увидели зияющие пустоты» дей келе, ойын былай жалғастырады: «В последние годы я всегда останавливал себя на том, что мы переживаем какой-то бездарный период истории и что вот-вот начнется прозрение». Шыңғыс Айтматовты әрі қарай оқиық: «Да неужто мы настолько оглупели...Согласитесь, то, что нынче происходит – ведь это и есть прозрение. Медленно, но уверенно мы сбрасываем с себя путы самодовольства, самообольщения, спеси. Не видно нарочитых утверждений, что мы еще чего-то там добились, еще кого-то там перегнали».

Ауыр сөздер. Осы жағдайларды мен «Социализм жантәсілімі», орысшасы «Агония социализма» деген романымда баяндап едім. Романды коммунист-социалистер қабылдамады. Роман Америкада, Түркияда, Украинада жарық көрді. Тағы ойланып отырмын. Шыңғыс Айтматов екі мәселенің басын ашып берген, біріншісі, біздің ғұмыр кешкен уақытымыз - «бездарный период истории». Келіспеске амал жоқ. Біз тарихымызды байытқан жоқпыз, керісінше, кедейлеттік. Пікір сан алуан болуы мүмкін. Алайда, Шыңғысқа қарсы келтіретін дәлелдерім шамалы. Жәрар, бұл - дүниеден өткен Шыңғыс сөзі, ал келер ұрпақ біздің тарихымыз туралы не айтпақ?!

Екіншіден, Шыңғыс Айтматов орысша «прозрение» деген сөзді бірнеше рет қайталаған. Прозрениенің қазақша мағынасы қалай? Бұрын білмегеніңді енді көзің ашылып түсіне бастайтын хал деген «прозрение» ұғынықты бола ма? Сауал. Неге бұрын білмедік? Шәкәрімнің «Үш анық» деген еңбегі бар. Адамдар ненің анық, ненің анық емесін айыра алмай адасады екен. Адаспау үшін анық нәрсенің анық екенін білу қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласында мынандай сөздер бар: «Өтірік пен өсекті жүндей сабадық» деген. Бұл хакім Абай сөзі өтірік пен өсекті жүндей сабап деген, соны Президент қайталағаны ұнап отыр.

Өтірік пен өсек ненің анық екенін білгізбеді. Бірақ, Шыңғыс Айтматов айтқандай, енді біле бастадық па, жоқ па? Тағы сауал.

Былайша айтқанда, біршама білімді қаратаяқтармыз, олай болса, неге сүріне береміз, неге алдана береміз, ең бастысы сол өтірік пен өсекті жүндей сабауға неге өзіміз араласып кетеміз?!

* * *

Шыңғыс Айтматовты тағы да оқиық: «... я всегда ощущал, как, видимо, и многие, чудовищную нехватку, а порой и отсутствие демократии. Мы и сегодня-то еще не готовы и ее закономерному восприятию. Демократия – дело весьма ответственное, воспитуемое в поколениях» (Чингиз Айтматов. Т 7. 490-491 б.).

Демократия, либерализм қазіргі қоғамда бір Құдайдың айтқан сөздері секілді қабылдануда. Біреулер демократияны басқарудың нашар түрі деп баяғыдағы грек Аристотель айтқан дейді. Аристотель демократияның не екенін қайдан білсін. Оның қолынан келгені - әлем халықтарын қанға бөктірген қанішер, тиран Александр Македонскийді тәрбиелеп шығарғаны.

Қазіргі қазақ қоғамына либералдық, демократиялық идеялар қажет, олай болмағанда тағы солшылдар-социалистер немесе одан әрі «қараңғы күштер» билікке жіберіп алу қаупі бар. Мұны ешқашан естен шығармауымыз керек.

Кеңес заманында демократияны біз арбаға жегіп алған едік.

* * *

Шыңғыс Айтматов сөздеріне қайта оралсақ, бұл не, өкініш пе? Әлде көзімізде перде болды ма? Кім Шыңғысты алдады, неге ол алданды?

Оқыған соң ойланасың. Сығанақ көшесінің бойы самсаған LRT. Оның қазір ешкімге қажеті жоқ. Бұрын да керегі болмаған, бірақ жағдай осылай болды. Неге? Бәріміз көрмедік пе? Көзімізге перде жабылды ма? Неге әлдекімдер ойлағанын жасады? Осы сауалға жауапты Билік таппауда, оның үстіне коронавирус қаптады. Енді не болмақ? Біздің де ғұмыр кешіп отырған тарихымыз Шыңғыс айтқандай «бездарный период истории» ма?!

* * *

Жетпіс жылдық Кеңес тарихы «бездарный период истории» деп айтып та, жазып та, дауласып та арпалысудамыз.

Карл Маркс ілімі мағынасы жағынан фашизм, Ленин, оның қанішер ізбасары – Сталин.

Иншалла, бұлардың самсаған ескерт-кіштерін жойдық, көшелер атын өзгерттік, қалалар атын өшірдік.

Таң қаламын. Көлеңке деген күн болған жерде болушы еді. Күн жоқта көлеңке бар, ол - коммунистік идеяның көлеңкесі.

* * *

Барша «қаратаяқтар» секілді кітапханамды реттеудемін. Мүлдем қажеті жоқ кітаптар жинағанмын ба деймін өзіме-өзім. Данышпан Шәкәрім айтып еді, әулие, білгіш айтты деп жазылған талай қате көп деп. Рас екен. Кітап сөрелерінен «әулие, білгіштердің» (анықтап айтсам, өтірікшілердің) кітаптарын сыпырып тастадым. Ақылдары өзімнен биіктерді қалдыруға тырыстым, осылайша істер атқарып жатқанымда қолыма грек Платонның еңбектері түсті. Ойланып қалдым. Платон деп аталатын бұл грек - антұрған адам. Сөзіме дәлел келтірейін, Платон «Мемлекет» деген еңбегінің сегізінші кітабын былай бастаған: «Мы с тобой уже согласились, Главкон, что в образцово устроенном государстве жёны должны быть общими, дети — тоже, да и всё их воспитание будет общим» (327 б.). Мұндай жағдайдың болуының мақсаты не дегенге Платон бет-аузы қисаймай, сонда елде ынтымақ, бірлік орын алмақ, менікі-сенікі деген болмайды деген. Мен Платонды сондықтан антұрған  деймін. Ол отбасын құндылық ретінде жоюды мақсат тұтқан. Бұ қалай?!

* * *

Платонның антұрғандығы мұнымен бітпейді, ол - барып тұрған нәсілшіл. Оның айтуынша, гректер мен өзге жұрттар (олардың бәрін Платон варварлар деген) соғыса қалса, варварларды қырып-жойса, ол дұрыс табиғи жағдай, ал гректердің өздері жанжалдасса, ол - дұрыс емес деген.

Платонның тағы да айтқаны бар, үлгілі мемлекетті «философтар» басқарсын деген, бірақ бұл тұжырым тек гректер үшін ғана екені бүгінде анықталды емес пе?

Карл Поппер ашық қоғамның жаулары Платон, Гегель және Карл Маркс деп көлемді еңбек жазған. Тоталитаризм идеясы сонау замандағы грек Платоннан бастау алған, демек, менің кітапханамда Платонға орын жоқ. Отандық білімге Платон туралы теріс ақпараттар орын алған, соның бірі Аплатон деген есім. Бұл Платон емес, Ибн Араби оны Аплатон, яғни «басқа Платон» деп атаған, ол да - арнайы зерттеу тақырыбы.

Платонның антұрғандығын айттық, ашық қоғамның келесі дұшпаны – Гегель. Фридрих Энгельс «Людвиг Фейербах және неміс классикалық философиясының ақыры» деген еңбегінде Гегель адам әу-бастан зұлым дегенін айтқан. Адам әу-бастан зұлым, мен бұл тезиспен мүлдем келіспеймін.

Гегель неге бұлай деген, адам тумысынан зұлым, ендеше оны түзетуші өзі, оның философиясы, міне сандырақ.

Адам игі істер үшін жаратылған. Бұл - ашық қоғамның тезисі. Адам әуел бастан зұлым. Ол - «жабық қоғамның» тезисі. Ойлан, қайсысы дұрыс?!

Ашық қоғамның келесі дұшпаны – Карл Маркс. Бұл адамзатты екі тапқа бөліп, адамдар арасында ойран салып, топалаң дертін енгізді. Қазақ халқы Маркс ілімінен адам айтқысыз қасірет шекті. Ол туралы қазір жазылуда, бірақ Карл Маркс «ақылды» деушілер жойылар емес.

Тарихшы Талас Омарбеков мақала жазып еді, коммунистер не бетімен Парламент төрінде депутаттар болып отыр деп. Депутаттың айлығы халықтан түсетін салық екенін неге естен шығара береміз? Қазақ халқын қырушылар «тұқымы» бүгінгі коммунистер депутаттар болып Парламент төрінде, алдыңғы сайлауда да солай бола ма деген қауіп бар.

Осы біз кімбіз?!

 

Ғарифолла Есім, академик, қоғам қайраткері: Нұр-Сұлтан қаласы.

saryarka-samaly.kz