«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде қолға алынған жобаның алғашқысы - «Ertis promenade». Павлодарлықтарды талай өнер жұлдыздарымен қауыштырып, талай хит әндердің Ертіс жағасында шырқалуына себепкер болған бас сахнаның ашылуын жерлестеріміз асыға күтеді.

- Жаз айларында облыс тұрғындары мен қонақтары үшін қазақстандық және шет елдердің танымал өнер жұлдыздары ән салып, өнер көрсетті. Үш жылда «Ertis promenade» сахнасында ұйымдастырылған іс-шараларды 1 миллионға жуық көрермен тамашалады, - дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов.

Бағдарлама аясында көпшілікке жол тартқан игі бастаманың бірі - «Ұлы дала» фестивалі. 2017-2018 жылдары ұлттық мәдениетті, дәстүрді және құндылықтарды насихаттайтын фестиваль аясында этноауыл құрылып, 200 мыңнан астам адамның қатысуымен түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.

- Осы жылдарда қолға алынған «Домбыраны ұлықта» бастамасы да жерлестерімізді ерекше тәнті етті. Бұл бастаманың мақсаты - домбыраны бүгінгі жас ұрпаққа кең көлемде насихаттап, оны қастерлеп-қадірлеуге шақыру. Сонымен қатар, тұрғындарды ұлттық аспапта ойнауға үгіттеу әрі оны меңгеруге ынталандыру. Осының нәтижесінде облыстағы барлық мектепте домбыра сыныбы ашылды, - дейді Е.Дәуенов.

«Рухани жаңғыру» негізінде қазақ халқының шығармашылығын насихаттау әрі шалғайдағы ауылдарды қамту мақсатында былтыр «Ұлы даланың өнерпаздар керуені» жобасы жүзеге асырылды. Сонымен қатар, И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның барлық ұжымының қатысуымен ұйымдастырылған «Өнер қырандарын» да ерекше атап өту керек. Бұл - 2017 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан бірегей жоба. Оның мақсаты – аталмыш өнер ұжымын халықаралық деңгейде таныту. Ол үшін шет мемлекеттерге гастрольдерге жіберу көзделген. 3 жылдың ішінде шығармашылық ұжымдар Италия, Қытай елдеріне гастрольге шығып, Малайзияда өткен Халықаралық өнер фестиваліне қатысты.

- Шет мемлекеттер мен шекаралас елдерге барып, өнер көрсету шарасы мұнымен шектелген жоқ. Мәселен, көршілес Ресейдің Омбы, Новосібір, Барнаул қалаларына өңірлік шығармашылық ұжымдардың концерттік сапары ұйымдастырылды. Бұл «Шекарасыз мәдениет» жобасы аясында жүзеге асты. Жоба барысында жергілікті өнер иелері Қазақстанның түкпір-түкпірін аралады. Павлодарлық өнерпаздар Петропавл, Көкшетау, Өскемен, Щучинск, Курчатов, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Нұр-Сұлтан қалаларында болды, - дейді ол.

Бағдарламаның негізгі бағыты ауыл өміріне арналғаны мәлім. Осы тұста қолға алынған жобаның бірі - «Ауыл клубы 4.0». Бұл жоба былтыр ауылдық клуб мекемелерінің жұмысын жандандырды. Жобаның негізгі міндеті ауыл тұрғындарының 70%-ын шығарма-шылық өмірге тарту болды.

Ауыл мәдениетін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан істер әлі де жалғасын табуда. Мәселен, «Ауыл туралы кино» жобасы қолға алынды. Мұнда туған жерінің қасиетті жерлерін, көркем табиғатын, сол елден шыққан танымал адамдар жайлы бейнефильмдер түсірілді. «Таңғажайып ауылым» жобасы жүзеге асты.

- Биыл бағдарлама аясында ауылдық мәдениет үйлерінің және клубтардың моделін өзгерту бойынша жұмысты бастадық. Жоба балаларға арналған жаңа үйірмелерді ашуға және тұрғындардың қамтылуын көбейтуге бағытталған. Өткен жылы Жаңауыл, Теміржолшылар және Кенжекөл ауылдарында клуб пайдалануға берілді. «Ауыл - ел бесігі» жобасы бойынша Железин ауданының мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді, - дейді басқарма басшысы.

Былтыр қалалар мен аудандардағы кітапханаларда 27 коворкинг-орталық ашылды. Осының нәтижесінде кітапханаға келушілердің саны артқан. Мәселен, ауыл кітапханаларына келген оқырмандар саны - 6149, жаңадан жазылған оқырмандар саны - 1 960, үйге берілген кітап саны 11391 дана кітапқа жеткен.

- Шынын айту керек, кітапхана қызметкерлері оқырман тарту ісінде белсенділік танытты. Олар үй-үйді аралап, тұрғындарды кітап оқуға үндеді. Ауыл халқы «Кітапхана терапиясы» жобасын жақсы қабылдады, - дейді Е.Дәуенов. 

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі «Тамыры терең туған жер» жобасын іске асырды. Мұнда облыстың қалалары мен аудандары өздерінің қасиетті орындарынан сыр шертетін тарихи жәдігерлер мен көрікті жерлеріне қатысты атақты жерлестеріне арналған көрмелер ұйымдастырды. Былтыр павлодарлықтар назарына Баянауыл, Успен, Тереңкөл, Аққулы, Май аудандары көрме ұсынды.

Сонымен қатар, өлкетану музейі С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетімен бірлесіп, «Қалмаққырған» аумағында қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 100-ге жуық археологиялық және этнографиялық нысандар анықталып, Түркі-Моңғол дәуіріне жататын жәдігерлер табылды.

2019 жылдың соңында «Ertis» мультимедиялық музейі есігін айқара ашты. С.Торайғыров атындағы облыс-тық ғылыми кітапхана ұсынған «Павлодар облысының ғалымдары» цифрлы энциклопедиясы да ерекше жобаның бірі болды.

Қазіргі таңда Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ежелгі Павлодар-Ертіс өңірінің өнері» көрмесі мен электронды альбомын шығаруды қолға алды. Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі «Дала фольклорының мың жылы» жобасы аясында облыстың аудандарына фольклорлық-этнографиялық экспедиция жасауда.

- Жоба аясында биылға жоспар-ланған істеріміз аз емес. Мәселен, жазда Шафер музей-үйінің фонотека-сының материалдары бойынша «Қазақстанның үздік дауыстары» атты музыкалық топтамасының тұсаукесері күтілуде. Сонымен қатар, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Ертіс-Баян өңірінен шыққан кино майталмандарының өмірі мен шығармашылығын дәріптеуді қолға алды, – деді Ернұр Нұрланұлы .

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл да бірқатар жобалар жоспарланған. Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі мәдениет, археология, этнография, палеонтология және табиғат ескерт-кіштерімен, сондай-ақ танымал тұлғалармен таныстыру мақсатында «Ұлы даланың тарих керуені» электронды фотоальбомы мен фильмін жасамақ. Бұдан бөлек, «Архив-2025» бағдарламасын іске асырмақ.

Үш жылдың ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ел арасында кең тарап, ұлттық руханиятымыздың дамуына зор үлесін қосты. Бүгінгідей компьютерге байланып, ғаламторды серік еткен жас ұрпаққа аталмыш бағдарламаның берері әлі де мол екені даусыз.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz