«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен қатар келген биылғы демалыс маусымының ашылуында сөз сөйлеген Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов аудан тұрғындары мен қонақтарды мерекемен құттықтап, жан жадыратар демалыстарына сәттілік тіледі.

- Жасыбай демалыс аймағында жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында айналма жол, жағажайға дейін жаяу жүргіншілерге арналған тас жол салынды. Демалушыларға арналған орындар, спорт алаңдары, барлық талапқа сай дәретхана, туристтерге арналған ақпараттық орталық, пирс, халқымыздың салт-дәстүрін дәріптейтін этноауыл бой көтерді. Жарықтандыру жұмыстары жүргізілді, – деді Оразгелді Әлиғазыұлы.

Игі жұмыстардың ең ірісі – Жасыбай демалыс орталығының көріктендірілуі. Кейінгі уақытта еліміздің әр өңірінде қала ажарының ажырамас бөлігіне айналып үлгерген жазулар сәнге енді. Сондай «Жасыбай, мен сені сүйемін!» жазуы да демалушылар мен туристердің суретке түсіп, мақтанышпен бөлісетін орнына айналды. Аталмыш жазу Жасыбай көлінің жағалауына орнатылды. Түнгі уақытта жарық шашатын субұрқақ пен аспалы пирс те - биылғы маусымның жаңалығы.

Демалыс маусымының ашылуына орай Баянауыл ауданының өнер жұлдыздары демалушыларға мерекелік концерт ұсынды. Думанды шараның көрермендері қатарында Павлодар қаласынан келген мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Самал» орталығының өкілдері де болды.

Бұл күні Жасыбай демалыс орталығына кіреберістегі жаңа бақылау-өткізу пункті ашылды. Оны орнатуға «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында Баянауыл ауылының тумасы, қазіргі уақытта Мәскеу қаласында тұратын Сымбат Миколян демеушілік жасаған. Бақылау-өткізу пунктінің ғимараты арнайы тапсырыс бойынша Австралияда жасалып, Ресейде жинақталды. Жалпы сомасы 4,5 млн. теңгені құрайтын ғимарат еуростандартқа сәйкес, барлық талаптарға сай жасалған. Қысы-жазы бірқалыпты температураны сақтап тұрады.

Жасыбай демалыс орталығына кіру ақысының бекітілген тарифі - 527 теңге. Оның 300 теңгесі парк қызметіне төленсе, 227 теңгесі мемлекеттік қазынаға құйылады. Кіру бағасында бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін және қарттар үйі мен жетімдер үйі демалушыларына қызмет тегін көрсетіледі.

Торайғыр ауылындағы «Ақжанна» туристік-ақпараттық орталығының жетекшісі Жұман Дүйсекеевтің айтуынша, Торайғыр көліне келген демалушылар мен туристер велосипед және катамаранмен экскурсия жасай алады. Сондай-ақ, Баянауылдың әсем табиғат көріністері бедерленген кәдесыйлар сатылымға шығарылмақ. Туристер Торайғыр көлінің маңындағы «Мұртты қорғандар» археологиялық ескерткішін тамашалай алады.

Сабындыкөлдің де туристер үшін таптырмас демалыс орны екені белгілі. Аталмыш көлде биыл туризмді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар басталды. Қазір көл маңайын қоршау жұмыстары жүргізілуде.

Кіші авиацияға арналған аэродром құрылысы да аяқталуға таяу. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бұл жерде ұшу жолағы болған. Қазір сол жерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алдымен ұзындығы 1200 метр болатын жолақ төселеді. Ангар салынып, терминалдар орнатылады. Ұшақ Баянауыл–Павлодар, Баянауыл–Астана, Баянауыл–Қарағанды бағытта-рына қатынайтын болады. Жолау-шыларға «КТЖ «Экспресс» компаниясы қызмет көрсетіп, «АН-2» ұшағы тасымалдайды деп жоспарлануда. Аэродром мен ауыл арасында арнайы автобустар қатынайтын болады. Құрылыс жұмыстары бір ай көлемінде аяқталады.

Баршаңызды Баянауылда демалуға шақырамыз!

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz