Ол осыдан 15 жыл бұрын Қытай Халық Республикасынан Алматы облысының Көксу ауданына көшіп келген. Сол жақта біраз жыл бойы ел қатарлы тірлік кешкен қандасымыз биыл Павлодар облысындағы ағайын-туысына бүйрегі бұрып, Успен ауданына қоныс аударады. Осы өңірге келе салысымен күнкөріс көзін іздеген Сарқыт Жұмабек бірден аудан орталығындағы шағын асхананы жалға алып, жеке кәсібін бастап кеткенін айтады.

- 2020 жылдың 10 ақпанында дәм тартып Успен ауданына қоныс тептім. Он шақты күннен кейін, яғни 20 ақпан кезінде шығыс тағамдарын әзірлейтін асхана аштым. Бұл жөнінде естіген аудан тұрғындары көптеп келе бастады. Асханамыздан дәм татқан жұртшылық ризашылығын білдіріп жатты. Аз уақыттың ішінде тапсырыс қабылдап, үйге жеткізу қызметін де қолға алдық. Осылайша, жұмысымыз алға басып, қыза түскен еді. Өкінішке қарай, елдегі төтенше жағдайға байланысты кәсібімізді уақытша тоқтатуға тура келді. Амандық болса, жұқпалы індеттің беті қайтқан соң жұмысымызды қайта жалғастырамыз, - дейді кәсіпкер. Оның айтуынша, асханада өзі, әйелі - Сламбек Сайра және қосымша тағы бір адам еңбек етеді. Бұл асхана Успен ауданындағы шығыс тағамдарын әзірлейтін бір ғана орын болғандықтан сұраныс жоғары. Мұның сыры - тағамның тіл үйірер дәмділігінде дейді Сарқыт Жұмабек.

- Жұбайым Сайраның мамандығы – аспаз. Ол Қытай елінде жүрген кезде де асханада қызмет істеді. Шығыс тағамдарын әзірлеудің қыр-сырын жақсы біледі, тәжірибесі мол. Сондықтан да шығар, біздің асханаға келушілер үнемі тағамдарымызға тамсанып, алғыстарын айтып жатады. Мұнда шығыс тағамдарымен қатар, ұлттық, еуропалық тағам түрлерін де жасаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, асханадағы баға да қолжетімді. Ал облыс орталығындағы дәмханалардағы баға қымбат екен. Біз аудан тұрғындарының қалтасына салмақ сала алмаймыз. Сол үшін тағамның бағасын өзгелерден арзандау етіп қойдық. Ең бастысы, мұнда әзірленетін асымыз халал және дәмді. Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Малды да тірідей сатып алып, өз қолымызбен соямыз. Көкөністерді Павлодар қаласындағы «Рахмет» базарынан әкелеміз. Кейбір қажетті дәмдеуіштер осы облыста болмағандықтан алдын ала Алматы жақтан алып келдік, - дейді ол.

Ерлі-зайыпты жас кәсіпкерлердің сөзінше, бұл асхананы ашуға 1 миллионнан астам қаржы жұмсалған. Ал кейбір ыдыс-аяқ, қазан-ошақтарын өз үйлерінен әкелген екен. Аз уақыттың ішінде аяққа тұрып үлгерген кәсіпкер болашақта тойхана ашуды жоспарлап отырғанын айтады.

- Бұл жолы асхананы өз қаражатымызға аштық. Енді келесі жылы 200-300 орындық тойхана ашу ойымыз бар. Әйелім аудандық жұмыспен қамту орталығынан арнайы курс оқып, сертификат алды. Көп кешікпей мемлекеттен шағын несие алып, жоспарымызға кірісеміз деген ниеттемін. Адам алдына нақты мақсат қойып, өзіне сенімді болса ғана бастаған ісінен нәтиже шығады. Соған көзім жетті, - дейді ол.

Бүгінде аңсаған атажұртының төрінде шаңырақ көтеріп, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, қатарынан қалмай тірлік жасап жатқан еңбекқор қандас-тарымызға кәсіптерің алға баса берсін дейміз.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz