Қолдаудан кенде қалмады

Алдымен аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов өңірде қабыл-данған карантиндік шараларға тоқталып, екі айға жуық уақыт аралығында тұрғындардың сұрақ-тарына жауап беріп, мәселелерін шешу үшін ауқымды іс қолға алынғанын айтты. Солардың қатарында төтенше жағдай режиміне байланысты құрылған Жедел әрекет ету орталығының жұмысы ерекше атап өтуге тұрарлық. Әр салада жұмыс істейтін 58 мемлекеттік қызметші осы орталықтың жұмысына жұмыл-дырылып, 14 236 өтінішті қабыл-дады. Мәселелердің 90 пайызы 1 сағат аралығында шешімін тапты.

- Облыс жұртшылығының сауал-дарына тез арада жауап беру үшін құрылған Жедел әрекет ету орталығы өз тиімділігін көрсетті деуге болады. Мамандар тұрғын-дардан қоңырауларды қабылдап қана қоймай, өздері қайта хабарласып, мәселенің шешілу барысын бақылап отырды. 109 бірыңғай байланыс орталығының да жұмысы күшейтіліп, карантиндік шараларға қатысты өтініш-шағымдар қабыл-данды. Сонымен қатар, тұрғын-дардан менің және әкімдіктердің әлеуметтік желілердегі парақша-ларына 2079 сұрақ келіп түсті. Олардың ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ, - деді Ә.Сқақов.

Әбілқайыр Бақтыбайұлы павлодарлықтарға көрсетілген әлеуметтік көмекті де атап өтті.  Төтенше жағдайға байланысты тұрақты табысынан айырылған 170 200 тұрғынға 42500 теңгеден, «Біз біргеміз» акциясы аясында 21 899 адамға 50 мың теңгеден төленді. Оған қоса, 14 778 азаматқа азық-түлік жиынтығы берілді. Осылайша, 200 мыңнан астам тұрғын мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл дегеніңіз - ересек азаматтардың үштен бір бөлігі.

Негізгі басымдық - жұмыспен қамту

Төтенше жағдай кезінде азаматтар мен экономиканы қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралардың бірі - «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы. Биыл бұл бағдар-лама аясында облыста жаңадан 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ.

- Карантин салдарынан кейбір тұрғындардың жұмыстан айырылып, кәсіпкерлердің шығынға батқанын білемін. Ендігі ретте менің облыс әкімі ретіндегі міндетім - азаматтар бұрынғы қолайлы қалыпқа тезірек келіп, табыс табуы үшін жағдай жасау. Оларға қолдау көрсету мақсатында «Жұмыспен қамту жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары бойынша жобалар қолға алынып, барлық бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде 30 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту-дың мүмкіндігі туады. Сондай-ақ, 1 мың кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында көмек көрсетіледі, - деді облыс әкімі.

Бұл ретте «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы жобаларының іске асу барысы басты бақылауда болатынын атап өту керек. Бюджеттің әр теңгесі тиімді пайдаланылуы үшін келісімшарт жасалған сәттен нысан пайдалануға берілгенге дейінгі жұмыстың барлығы қатаң қадағаланады. Ол үшін арнайы «эксроу-шоттар» ашылады. Сол арқылы қаржының қайда, қандай мақсатта жұмсалғаны айқын көрініп, тексеріледі. Қазақстандық тауарларды пайдалану, жұмыспен қамту, бюджеттік қаржының игерілуін бақылау жөнінде арнайы комиссиялар құрылып, жобаларды назарда ұстайды. Мердігерлердің жұмысын қоғам өкілдері, депутаттар, журналистер мен қарапайым тұрғындар да бақылайды. Жақын уақытта олар үшін арнайы мобильді қосымша іске қосылмақ.

- 2020 жыл құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы жақсаратын жыл болуы керек. Ал қаржыны мақсатты түрде пайдалану, ашықтық және сапаны басты бағыт ретінде ұстануымыз тиіс. Сол кезде ғана қолға алған ісіміз нәтижелі болады. Жыл соңында өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, сапалы қызмет атқарған құрылыс компанияларын іріктеп, тізімін жасаймыз. Бұл облыста жаңартылған құрылыс мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етері анық, - деді Ә.Сқақов.

Үй алушылар саны 10 есеге артады

Әбілқайыр Сқақов осыдан үш ай бұрын халыққа есеп беру кездесуін тұрғын үй құрылысы мәселесінен бастағанын атап өтті. Сол кезде де, қазір де тұрғындардан үй кезегіне қатысты өтініштер көп түседі екен.

– Бүгінгі таңда өңірде 27 мыңға жуық адам кезекте тұр. Сондықтан біздің міндетіміз – тұрғындардың баспана мәселесін барынша қысқа мерзімде шешу. Биыл Павлодар қаласында кезекте тұрған 2207 тұрғынға пәтер беріледі деп жоспарлануда. Бұл - өткен жылғыдан 10 есе артық көрсеткіш. Былтыр кезек тек 213 адамға жылжыған болатын, - деді аймақ басшысы.

Осы жылы облыста 346 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар. Соның нәтижесінде 4469 павлодарлық қоныс тойын тойлайды. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда 14 мың шаршы метрге артық баспана бой көтеріп, былтырғыдан үш есе көп адам тұрғын үймен қамтылмақ.

Жол жөнделіп, аула абаттандырылады

Тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасаудың тағы бір негізі - жолдарды жөндеу. Бүгінде облыстағы жолдардың 85 пайызы жақсы деңгейде. 2025 жылы бұл көрсеткішті 95 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта биыл бұрын-соңды асфальт болмаған көшелерге тас жол төселмек. Мәселен, Павлодар қаласының өзінде жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 60 көше асфальтталады.

- Биыл облыс бойынша барлығы 180 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланып отыр. Сол арқылы 50 мыңға жуық тұрғынның жүріп-тұруына жақсы жағдай жасалады, - деді аймақ басшысы.

Балалардың ойын алаңдарын абаттандыру да күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Себебі жергілікті билікке айтылар сынның да, өтініштің де көпшілігі дәл осы алаңдардың жайына қатысты.

- Маған балаларға арналған алаңдарды орнату, жөндеу туралы өтініштер көп түседі. Мен ата-аналарды түсінемін және бүлдіршіндердің таза ауада ойнап, демалуы маңызды екенін жақсы білемін. Сондықтан осы жылы облыстың үш қаласында балалардың 187 ойын алаңын орнататын болдық, - деді Ә.Сқақов.

Сондай-ақ, 255 алаң абаттандырылып, тұрғындардың спорт-пен шұғылдануына мүмкіндіктер қарастырылмақ. Әр аулада 30-ға жуық ағаш отырғызылады.

Ауыл ахуалы жақсарады

Ауылдықтардың жағдайы да жергілікті биліктің басты назарында. Әбілқайыр Сқақов биыл ауыл тұрғындарының төрттен бірінің жағдайы жақсарады деп сендірді. Мәселен, Железинка ауылында су құбыры, Шарбақты, Успен, Ақтоғай, Көктөбе, Майқайыңда толық көлемді футбол алаңдары, Жетекші ауылында спорт орталығы салынады. Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 73 жоба жүзеге асады. Бұл 40 тұрақты және 520 уақытша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға айрықша тоқталып, негізгі үш бағытты атап көрсетті. Біріншіден, суармалы алқап көлемін биыл 18 мың гектарға, келесі жылы тағы 25 мың гектарға ұлғайту қажет. Соның нәтижесінде өсімдік шаруашылығының жалпы өнімі 450 мың тоннаға немесе 25 млрд. теңгеге көбейеді.

Екіншіден, алдағы бірнеше жыл дересінде 5 тауарлы сүт фермасы ашылып, үшеуі кеңейтілмек. Нәтижесінде сүт өндірісі 40 мың тоннаға немесе жалпы өнім
6 млрд. теңгеге ұлғаяды. Ал биыл дайындау пункттерінің санын екі есеге көбейтіп, сол арқылы сүт өңдеушілерге қазіргіден 15 мың тонна артық шикізат беру жоспарланып отыр.

Үшіншіден, барлығы 9 мың ірі қара малға арналған 3 бордақылау алаңы салынады. Соның нәтижесінде ет өндірісі 1 800 тоннаға артады.

- Аталған үш сала - экономикаға тиімді әсерін тигізетін бағыттар. Бірақ, бұл басқа бағыттарды ысырып қоямыз деген сөз емес. Біз төтенше жағдай кезінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің еңбегі ерекше екенін тағы бір мәрте түсініп, сезіндік. Сол үшін карантин кезінде жасыл дәліз жасадық. Павлодар облысы ауыл шаруашылығы драйверлерінің бірі болғандықтан, агроөнеркәсіпті дамыту үшін жан-жақты қолдау көрсетіледі, - деді облыс әкімі.

Дамуға - 82,5 млрд. теңге

Аймақ басшысы алдағы уақытқа белгіленген даму жоспарын қорытындылай келе, биыл атқарылатын нақты істерге тоқталды. Айталық, осы жылы 39 ауылда 354 шақырым су құбыры тартылып, 352 шақырым жол жөнделеді. Сонымен қатар, екі мектеп пен екі аурухана корпусы салынады. Осылайша, облыстың даму бюджеті 82,5 млрд. теңгені құрайды.

- Бұл - қомақты қаражат және барлық деңгейдегі әкімдік қызметкерлері мен мен үшін зор жауапкершілік. Біз жұмсалған әр теңге үшін халық алдында жауаптымыз. Өз басым және әріптестерім мұны жақсы түсінеміз және облыс тұрғындарының сенімін ақтау үшін барымызды саламыз, - деп түйіндеді. 

Баянауылда туристердің саны артады

Жаз маусымы жақындаған соң көпші-лікті Баянауыл мен Маралды демалыс аумақтарының қызметі қызықтырады. Облыс әкімі Баянауыл туристік кластерін дамыту үшін қазіргі таңда арнайы жоспармен шұғыл жұмыс жасалып жатқанын алға тартты.

Алдын ала есептеу бойынша, Баянауыл ұлттық паркінің курорттық аймағына алдағы жазда 300 мыңға жуық қонақ барады. Коронавирус пандемиясы салдарынан халықаралық туристік ағынның қысқаруына байланысты осы жазда Павлодар облысында өткен жылға қарағанда туристерді көбірек қабылдауға дайындалуда.

Өңір басшысы жақында Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерін аралап көргенін, бірақ көптеген жағажайларда туристер үшін қарапайым жағдай да жасалмағанын айтты. 

- Қазір құзыретті басқармалар, Баянауыл ауданының басшылығы және менің туризмге жауапты орынбасарым курорттық аймақты дамыту жоспарын дайындауда, – деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов. – Жоспардың басты міндеті - туристердің негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру.  Қонақтарға ыңғайлы болуы керек. Яғни, оларға жақын жерде душ қабылдау орындары, әжетханалар, киім ауыстыратын кабинкалар, сауда орындары, банкоматтар, ақпараттық стендтер және т.б. болуы тиіс.

Биылғы жылы курорттық аймақта 30 километрге жуық жолға асфальт төселеді, 13,5 километр электр желісі және 52 километрге жуық су құбыры салынады. Жазғы маусымның ашылуына дейін Баянауылда Әулие бұлақ пен Қоңыр әулие үңгірі аумақтарын абаттандыру жұмыстары басталды. Сондай-ақ, Торайғыр ауылынан көл жағажайына және Қоңыр әулие үңгіріне дейін жол салынуда.

– Бұрын ол жерде асфальтталған жол болған жоқ, – деп атап өтті Павлодар облысының әкімі. – Біздің міндет - жол инфрақұрылымын өткізу. Бұл бизнеске жасалған жағдай және жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындары. Сайып келгенде біздің стратегиялық мақсатымыз - туристік бизнес тарапынан мәдениет пен сервисті арттыру.

Өткен жылы Баянауылда 160 мыңға жуық адам демалса, алдағы жазда 300 мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Ақша жүзінде жазғы маусым аяқталғаннан кейін экономикалық тиімділік 1,3 миллиард теңгеге жуық соманы құрамақ.

Ұлттық табиғи парк аумағында қысқы туризмді де дамыту жоспарланып отыр. Алайда Павлодар облысының билігі алдымен қолда бар инфрақұрылымның дайындығын сараптап алмақ. Сонымен қатар Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, туристердің қауіпсіздігі мен қысқы уақытта сапалы қызмет көрсету мәселелерін шешу қажет.

Баянауылдағы шағын әуежай әзірше іске қосылмайтыны мәлім болды. Бұл стратегиялық нысан болғандықтан, арнайы сертификаттаудан өтуі тиіс. Жалпы, ол мәселемен құзыретті органдар айналысып жатқандықтан, облыс әкімі оған байланысты пікір білдіру құзырына кірмейтінін атап өтті. 

Ал Маралдының жағдайы мәз еместігін ашық айтты. Яғни, бұған дейін көл жағасын көркейткен инвестордың талабы сот тарапынан қолдау таппаған. Сондықтан, ол жобаны жалғастырмайтын болыпты. Қазіргі таңда көл маңайы әу бастағы қалпына қайта оралған. Енді «Павлодар» ӘКК жаңа инвестор іздестіруде. Алдағы маусымда демалушыларға қарапайым жағдайлар жасау жағы қарастырылмақ.

Көгалдандыруға – 3 жылдық құжат!

Жиында журналистер елді мекендерді көгалдандыру ісінің қалай жүргізілетінін сұрады. Ә.Сқақов бұл бағытта үш жылдық арнайы құжат әзірленетінін айтты. Оны түзуде экологтар, биологтар мен топырақтанушылардың кеңесі ескеріледі. Яғни, топырақты байыту, жасыл желек егудің тиімді жолдары қолданылады.  Тіпті, осы бағытта жұмыс істейтін ұйымдарға арнайы телімдер беріліп, нәтижесі бағамдалмақ.

Тұрғындар Павлодар қала-сындағы «Металлург» саябағын көріктендіру ісін сұрады. Облыс әкімі саябақ жобасы қымбат болып отырғанын айтты. Сондықтан, оның құнын арзандату жұмыстары қолға алынбақ. Содан кейін оны жүзеге асыруда да эколог, биолог мамандарының пікірі ескеріледі. 

Экологиялық әсері ескеріледі 

Ауаның тазалығына қатысты мәселе бұдан әрі де өрбіді. Мәселен, «Saryarqa samaly» газеті оқырмандарының бірі карантин режимі кезінде Павлодар қаласында көліктің азайғанынан  шаһардың кең тыныстап, айнала тазарғанын алға тартқан еді. Яғни, облыс әкіміне осы орайда көліктер санын азайтып, велосипедпен жұмысқа баратын тұрғындар санын арттырса деген тілегін білдірді.

Аймақ басшысы Ә.Сқақов облыс орталығында бүгінде 95 мың көлік тіркеуде екенін, адамдардың жеке көлікпен жүруіне шектеу қою мүмкін еместігін айтты. Ал велосипедпен жүретіндер қатарын арттыруға инфрақұрылымның дайындығы пысықталатынын атап өтті. Жалпы, ауаны көліктерден бұрын зауыттар көбірек ластайтынын тілге тиек етті. Сондықтан осы бағытта жұмыстар жалғаспақ.

- Ірі кәсіпорындар тарапынан экологиялық талаптарға қатысты түсіністік бар. Экологиялық кодекстің жаңа форматы - Мәжілістің қарауында, жыл соңында қабылданып, келесі жылы күшіне енеді деп күтілуде.  Заманауи экологиялық стандарттар бойынша кәсіпорындарды дайындауға зауыттар кірісіп те кетті. Мәселен, «Қазақстан алюминийі» кәсіпорны кезең-кезеңімен сүзгілерін ауыстыруға көшті. Алғашқысы ауыстырылды, тағы бірі жыл соңына дейін орнатылады. Әр зауыт осы жолмен алға аяқ басса, алдағы 3 жылда ауаға шығатын лас заттар көлемінің ұлғаюын тоқтату, ал бес жылда тіпті азайту мүмкін болады, - деді облыс әкімі.

Журналистер сұрағына жауап берген аймақ басшысы жаңа инвестициялық жобаларды қарас-тыру кезінде экономикалық тиім-ділігімен қатар экологиялық әсері де ескерілетінін мәлім етті. Қоғамдық тыңдаулардың өтетіні туралы да бір ай бұрын хабарланып, халықтың, мамандардың дайындалуына мұрша берілмек. Яғни, жобаның бастапқы мәліметтері, қолданылатын технологиялары алдын ала тұрғындарға таныстырылады.

Жағажай Усолкаға жетеді

Кейінгі кезде жайылымдық жерлерге өрт қою  оқиғалары жиілеп кеткені белгілі. Облыс әкімі бұл мәселені реттеу үшін бірқатар шара қолға алынғанын айтты. Енді қауіпті аймақтардағы жер телімдері түгенделіп, оны пайдаланушылармен жасалатын шартқа барлық нормалардың орындалу талабы енгізілмек. Сондай-ақ, еріктілер мен «Жасыл ел» отряды мүшелерінен мониторингтік топтар құру көзделіп отыр. Әуеден бақылайтын ұшатын аппараттар кеңінен пайдаланылмақ. Кінәлілерді қатаң жазаға тарту да назардан тыс қалмайды.

Ертіс өзенінің арғы бетіне жоспарланған спорт кешені салынбайды. Аймақ басшысының айтуынша, жобаға мемлекеттік сараптамадан теріс нәтиже берілген. Енді биліктегілер жағажайды Усолка шағын ауданы аумағына қарай созып, абаттандыруды қолға алмақ.

Инфекциялық корпус салынады

Аймағымызда жаңа инфекциялық аурухана салу мәселесі бірнеше жыл қатарынан көтеріліп келе жатқаны айтылды. Облыс әкімі оған былай жауап берді:

- Шынымен, коронавирус эпиде-миологиялық, санитарлық жағдайға байланысты біраз мәселенің бетін ашып берді. Осы ретте қауіпті, аса қауіпті инфекцияның таралмауына бағытталған шараларға мән беруіміз керек. Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық ауруханаға инфекциялық корпус салынады, - деді Әбілқайыр Бақтыбайұлы.

Сонымен қатар, эпидемиолог мамандар тапшылығы сезілгені белгілі. Бұл жағдайды реттеу үшін облыста арнайы грант бөлінуі мүмкін бе? Облыс әкімі мәселе грантта емес, медициналық жоғары оқу орындарында жеке эпидемиолог маман даярланбайтындығында екенін айтты. Яғни, олар «қоғамдық денсаулық сақтау маманы» деген кең профильді мамандық алып шығатын көрінеді. Бұл жағдай құзырлы министрлік деңгейінде шешілетініне сенім білдірді.

Жалпы, облыс әкімі соңғы жағдайлар бұған дейін ешкімнің өмірлік тәжірибесінде  кездеспегендіктен, бәрін жолай үйреніп отырдық, деді. Бұрын-соңды болмағандықтан кемшіліктердің де кездесуі заңдылық екенін ескертті. Десе де, мемлекеттік қызметшілердің 70 пайызы қашықтықтан жұмыс істе-геніне, жұмыста қалған 30 пайызына жүктеменің еселен-геніне қарамастан тұрғындардың талап-тілегін уақытылы орындауға тырысқандарын атады.

Екі қабатты ескі үйлер сүріледі

Баспасөз мәжілісінде Затон шағын ауданындағы екі қабатты ағаш үйлер мәселесі де сөз болды. Облыс әкімі бұл үйлердің орнына жаңасын салу Павлодар қаласының бас жоспарында бар, деді. Сәйкесінше, 2022 жылға дейін мұнда алюминстрой шағын ауданы тәжірибесі бойынша 10 үй салу жоспарланған. Дегенмен, инфрақұрылым тарту мүмкіндіктері ескеріледі.

Тұрғындар Павлодар нан-тоқаш комбинатының «Тау-нан» бөлкесінің дүкендер сөресінен жоғалып кеткеніне наразы. Қайтадан өндірілуін өтініп отыр. Аймақ басшысы төтенше жағдай кезінде бірінші сұрыпты ұнның бағасы қымбаттап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына шектеу қойылғаннан кейін кәсіпорынға бұл нанды пісіру айтарлықтай шығын әкелгенін алға тартты. Жағдай реттелген соң қайтадан шығару жоспарда бар, деді.

Шіркеймен күрес күшейтіледі

Облыс әкіміне сауалдар әлеуметтік желі арқылы да көптеп түсті. Мәселен, Железин ауданының тұрғыны Церковное-Веселая роща жолының жайын айтты. Былтыр ірі қиыршықтас, биыл ұсағы төселгенімен, асфальттің жоқтығы жүргізушілерге қиындық туғызып отырған көрінеді. Аймақ басшысы жоба жоспарланған әрі қаржысы бөлінген болса, істі аяқсыз қалдыруға болмайды, деді.

Ал ақтоғайлық азамат шыбын-шіркеймен күрес мәселесіне алаңдаушылық танытты. Аймақ басшысы бұл бағытта кешенді жұмыстар қолға алынғанын айтты. Мәлімдеуінше, биыл бөлінген 602 млн. теңгенің 153 млн. теңгесін үнемдеу мүмкін болған. Бірақ өңделетін аумақ көлемі кемімеді, керісінше 13 мың гектардан 27 мың гектарға ұлғайтылған. Атқарылатын жұмыстардың тиімділігіне мән беріледі. Препаратты жеткізушіге де, өңдеу ісімен айналысатындарға да төлем істің нәтижесі бойынша толық төленбек.

Майқайың кентінің тұрғыны елді мекен ішіндегі жолдардың жөнделуін сұрады. Ә.Сқақов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша аталмыш кентке 212 млн. теңге бөлінгенін мәлім етті.

Жол демекші, Павлодар-Нұр-Сұлтан арасындағы жолды қыста қар құрсауынан құтқарудың қандай қарекеті жасалып жатқаны сұралды. Аймақ басшысы қыста бұл бағыттағы жол қолайсыз ауа райы салдарынан 30 рет жабылып қалғанын айтты. Құзырлы органдар жол жиегіне қар ұстайтын қоршаулар орнату немесе жасыл желек отырғызу мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар, проблемалық аумақтарда трасса ортасындағы темір қалқандарды алып тастап, орнына болат арқан тартылмақ.

«Ертіс» футбол клубының жағдайы да назардан тыс қалмады. Естеріңізде болар, жүргізілген аудит клубта менеджменттің дұрыс болмауынан қаржылық қиындықтарға, қыруар қарыздың қалыптасуына жетелеген еді. Облыс әкімі клубтың ахуалы мәз емес екенін, құзырлы басқарма мен облыстық футбол федерациясы бірлесіп, тығырықтан шығу жолдарын қарастырып жатқанын айтты.

Лифт шаруашылығының ахуалы да сөз болды. Лифт тұрғындар меншігіне жататындықтан, оны ауыстыруды да өз қаражаттарына іске асырулары тиіс. Бір жобаны пилоттық негізде жүзеге асыру көзделуде.

Жалпы айтқанда, өңірдің коммуникациялық шаруашылығын жаңғырту мәселесі басты назарда болады, сәтті тәжірибелер енгізіледі.

Бас-аяғы 2,5 сағатқа жуық уақытта аймақ басшысы Әбілқайыр Бақтыбайұлы облыс тұрғындарының әрбірін толғандырған сұраққа жауап берілді. Жоба-жоспарлардың жайы айқындалды. Аймақ басшысы әрбір істе кешенділікке, сапаға баса мән берілетінін атап өтті. Қолға алынған істерге сәттілік тілейміз.

 

Әзірлеген - Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ, Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz