Жүлдемен оралды

30-шы   маусым жергілікті қазақ театры үшін олжалы болды. Әуелі 2019 жылдың қыркүйек айында Семей қаласында өткен Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай  Қазақстан драма театрларының ХХVII Республикалық фестиваліне балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» қойылымымен қатысты. Айтулы додада қойылым режиссері Жангелді Садықов «Үміт» аталымында жеңіске жетті. Араға бір ай салып, яғни қазан айында Ақтауда өткен «Әбіш әлемі» атты І Халықаралық театр фестивалінде Уильям Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын сахналады. Мұнда да өнер ұжымы үздіктер қатарынан көрініп, лауреат атанды. Бұдан кейін жергілікті театр жылдағы  дәстүр бойынша Қарағанды қаласына гастрольдік сапармен барып келсе, облыстың шалғай ауылдарын аралап, өнер көрсетуді де назардан тыс қалдырмады.

Жоғары бағаланған премьералар

Осы маусымда көрермен бас бармақпен баға берген премьералар баршылық. Мәселен, Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері әрі режиссер Данияр Базарқұловтың сахналауында драматург Асылбек Ихсанның «The last MAMONT» («Соңғы Мамонт») фантазиялық қойылымын ерекше атап өтуге болады. Қойылым ғаламдық проблемаларды көтеріп, күрделеніп бара жатқан адамзаттық түйткілдерге жауап іздейтінімен дараланды. Жаңа қойылымның басты рөлі - Мамонтты ҚР Мәдениет қайраткері Жұмахан Доспаев пен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сейітжан Тәжібаев сомдады.

Ал қазақ театрының қоюшы режиссері Әділет Аханов сахналаған Әбіш Кекілбаевтың Уильям Шекспирден аудармасы «Король Лир» трагедиясы да көпті ойландырған туынды болды. Моноспектакльдің көрерменін бірден өзіне тартып, баурап алуы аударманың құнарлылығында болса керек. Аз сөзге көп мағына сыйғызып, жүрекпен үндесіп жататын қойылымның кейіпкерін сомдау да іскерлік пен туа бітті талантты қажет ететіні даусыз. Айта кетерлігі, «Король Лир» қойылымын ең алғаш 2001 жылы елімізге белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпенов толық спектакль етіп қойған болатын.

Әз-Наурыз мерекесінде театр қазақтың бас ақыны хакім Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының желісі бойынша  «Жас Абай» яғни «Ерте ояндым, ойландым...»  трагедиясын сахналады. Қойылымның негізі жас Абайдың санасына сілкініс салған Қарашоқыдағы оқиғадан бастау алады. Қамсыз қазақтың қараңғы әрекеті жас Абайды ерте есейтті. Спектакльде Абайдың алғаш рет ел билігіне араласуы, азамат болып қалыптасу кезеңдері суреттелді. Сондай-ақ Құнанбай мен Бөжейдің тартысы, одан туған дау-дамайға қатысты бала Абайдың өрелі сөз айтуы да көрініс тапқан.

Бұдан бөлек, труппа 18-19 наурызда Жеңістің 75 жылдығына орай Ш.Айтматовтың «Жәмила» лирикалық драмасының премьерасын жасауды жоспарлап отырғанын хабарлағанбыз. Алайда елдегі Төтенше жағ-дай режиміне байланысты бұл қойылымның премьерасы кейінге қалдырылған еді. Енді бұл жаңа туындыны көрермен 31-шы театр маусымында тамашалайтын болады. Сонымен қатар, балаларға арналған ертегілердің де тұсауы кесілді. Әсіресе, өңірімізде алғаш рет театрдың ең кішкентай көрермендері үшін ұжымның қуыршақтар қойылымын сахналауы тосын сый болды. Жалпы, осы маусымда 6 премьера қою жоспарлаған болатын.

Жөндеу жұмысы басталды

Осылайша, елдегі Төтенше жағдай режи-міне сәйкес, театр бұл маусымын ерте жапты. Алайда жаңа маусым жаңашылдықтарға толы болмақ. Бүгінде театрдың 30 жылдығына орай өнер ошағының ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 402 млн. теңге бөлінген. Аталған қаражатқа театрдың төбесі, ғимараттың хасбеті, грим жасау және басқа да бөлімдері жөнделмек. Үлкен мәжіліс залы толықтай жаңарудан өтеді.

Сондай-ақ театрдың 29-шы туған күнінде Toraighyrov University өнер ұжымына магис-тратурада білімін жетілдіруге 10 грант ұсынғаны есімізде. Бұл да назардан тыс қалмаған. Білім ошағында әртістер білім ала алатын төрт мамандық бары айтылған еді. Магистратурада білімін жетілдіргісі келетін кез келген актер тестілеу емтиханына қатысып, одан шекті балл жинауы қажет. Жоғары оқу орнымен келісімшарт жасалған.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz