«Ertis» мультимедиялық музейінің алтын қорында сан ғасырлық тарихы бар 125 құнды жәдігер бар. Бұл қатарға өзге музейлерден жеткізілген эскпонаттардың көшірмелері, қолдан жасалған тарихи бұйымдар кірмейді. Жалпы, 300-ден астам жәдігерді тамашалауға болады.

Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнәр Нұрахметованың айтуынша, экспонаттар саны әлі де толықтырылмақ.

- Алғашқы кезде музейдегі құнды жәдігерлерді тамашалау үшін келетін меймандар саны бір күнде мың адамға дейін жетті. Осы алты айдың ішінде бұл көрсеткіш 18 мыңнан асты. Келушілер жәдігерді жай ғана көріп қоймай, оларды мультимедиялық түрде тамашалаған кездегі таңданыстарын жасыра алмады. Бұл музейдің ерекшелігі де осында. Мұндағы ең көне экспонат – 10 мың жылдық тарихы бар ежелгі бұғы мен бизонның қаңқалары. Ал ең жаңасы – ежелгі аңдарға қарап жасалған көшірме-лері, - дейді Г.Нұрахметова.

Музей директорының айтуынша, мұнда келген павлодарлықтар мен қала қонақтарының қызығушылығын арттырған жәдігерлер де жоқ емес. Мәселен, 18-ғасырдағы құмыраны 3Д форматында тамашалап, оның барлық қырымен танысуға болады. Сонымен қатар, музейде Павлодар облысының геологиялық және сакралды орындарының картасы бар.

- Бүгінде музей облыс орталығында өтетін ауқымды шараларды ұйымдастыратын орынға айналып үлгерді. Оған Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Семей қаласынан арнайы келген жылжымалы көрме мен танымал суретші, фотограф Александр Пархоменконың дербес көрмесі өтті. Сондай-ақ, Санкт-Петербургтен келген «Мысыр мумиялары. Уақыт бастауында» атты жылжымалы көрме де жаңа музейде өтті, - деді ол.

Халықаралық музейлер күніне орай өңі-рімзде 14 жылдан бері үздіксіз ұйымдастыры-лып келе жатқан «Музей түні» жобасы биыл онлайн режимде өтеді. Мұнда түрлі байқаулар ұйымдастырылып, 17 мамыр күні кешкі сағат 21.00-де музейлердің инстаграмдағы әлемуеттік парақшаларында басталады.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz