Бұған дейін украиналық Евгений Ткачук пен камерундық Серж Бандоның павлодарлық клубтан кеткенін жазған едік. Бұл қатарды грузиялық Лаша Двали да толықтырды. Оны Польшаның «Шленск» клубы «Ертіске» жалға берген еді. 10 маусымда жалға алу мерзімі аяқталды. Ел біріншілігіндегі 16 ойынға қатысқан Грузия ұлттық құрамасының ойыншысы «Шленскке» қайтып оралды.

Осылайша, «Ертісте» екі қорғаушы мен бір шабуылшының, жалпы үш легионердің орны босады. Клуб басшылығы олардың орнына жаңа ойыншылар алмақ. Бұл ретте, павлодарлықтардың сапын 27 жастағы сербиялық қорғаушы Милош Стаменкович және 29 жастағы хорватиялық қорғаушы Хрвое Спахия толықтыруы мүмкін. Сондай-ақ, «Ертіс» бірінші лигада өнер көрсететін «Екібастұзға» жалға берген өз ойыншыларын қайтарып алды. Атап айтқанда, Мадияр Рамазанов, Нұрсұлтан Әлібеков, Бағдат Оразалиев «Ертістің» негізгі құрамымен бірге жаттығуды бастап кетті. Сонымен қатар, «Оқжетпесте» ойнап жүрген Павлодар футбол мектебінің түлегі Максим Федин төл клубына – «Ертіске» қайтып келмек деген әңгіме бар.

Естеріңізге сала кетейік, 19 маусым күні Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады. Дәл осы күні «Ертістің» Еурододадағы алғашқы қарсыласы анықталады. Биыл Еурододада Қазақстан намысын «Ертістен» бөлек, «Қайрат», «Астана» және «Ордабасы» қорғайды.

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz