Мичурин ауылдық округі Үміт апа ауылында тұратын Жанболат кішкентай кезінен есту қабілетінен айырылған. Анасы Ұлболсынның айтуынша, кемістігіне қарамастан өте зерек болып өсіпті. Кез келген шаруаға икемі бар. Әсіресе, шығармашылық істерге әуес. Ұлболсынның өзі қолы қалт етсе, іс тігумен айналысады екен. Бұған қызығушылығы артқан Жанболат анасына көмекші болып, аз уақыттың ішінде тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп алыпты. Былтыр жергілікті әкімдіктің ұсынысымен Жанболат «Еңбек» бағдарламасына қатысып, 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізген. Қаражатқа тігін машинасы, мата және басқа да қажетті заттар сатып алынған.

- Бағдарламаның талаптарына сай, қатысушының 3 ай оқуы міндеттеледі екен. Жанболаттың жағдайы ескеріліп, мамандар үйге келіп үйретті. Бұл ретте, бағдарламаның жүзеге асыруына жауапты мамандарға алғысым шексіз. Оқуын тәмамдаған соң, бизнес-жоспар құрдық. Оны комиссия мүшелері алдында сәтті қорғап, грантқа ие болдық. Қажетті заттарды сатып алғаннан кейін, сұраныстар түсе бастады. Көбіне көрпе, жастық, құрақ, қыз жасауы сияқты дүниелерге тапсырыс беріледі. Тігу барысында ұмыт қалған оюларды қолдануға тырысамыз, - дейді Ұлболсын.

Төтенше жағдай кезінде Жанболат медициналық бетперде тігіп, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға тегін таратыпты. Қала берді, үйірме ашып, ауылдың оқушыларына бар білгенін үйретуде.

Жанболаттың арманы – үлкен цех ашып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауылдас-тарын тұрақты жұмыспен қамту. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын сезіне отырып, мақсатына жететініне сенімді.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz