Алғашқы сұхбат

Ұзақ жылдар бойы еркін күрестен Павлодар облысының бас жаттықтырушысы болған Жанат Усинмен 2010 жылы танысқан едік. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінен тәжірибеден өтіп, жұмысқа қабылданғанда, редактордың орынбасары Мұрат Аяғанов осы кісіден сұхбат ал деп тапсырма берген-ді.

Сұхбатқа дайындалып, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының (ол кезде институт еді – автор) спорт кешеніне бардым. Жанат ағамен телефон арқылы тілдесіп, келісіп қойғанбыз. Кабинетте орыс-қазағы аралас үш-төрт кісі жүр екен. Табалдырықтан аттап, жөнімді айттым.

– Жоғары шық, бауырым. Сені күтіп отырмын, – деді аласа бойлы бір адам. Мінезінің ашық-жарқын екені бірден аңғарылды. Спортшы екенін түр-тұлғасы да айғақтап тұр. Ал мен бұл кісіні облыстың бас жаттықтырушысы деген соң, ірі денелі, алпамсадай азамат шығар деп елестеткен едім...

Бір сағаттай әңгімелестік. Кетерде жөнімді сұрады. Жұмысқа енді қабылданғанымды айттым.

– Қадамыңды енді бастап жатыр екенсің. Мынау менен естелік болсын, – деп Қайрат Закирьяновтың «Шыңғыс ханның түркілік ғұмырнамасы» деген кітабын сыйға тартты. Кітапқа қолтаңба да жазып берді.

Бұл 2010 жылдың 16 қазаны болатын.

Сұхбат «Сарыарқа самалы» газетінің «Айналайын» қосымшасына жарияланды.

Бұл менің алғашқы сұхбатым еді...

Маған алғаш кітап сыйлаған жан да Жанат Усин болатын...

Ағалық тілек

Осыдан кейін Жанат ағамен жақын араласып кеттік. Облыстың еркін күрес әлеміндегі жаңалықтарын ең алдымен бізге хабарлап отыратын.

2011 жылдары еркін күрес шебері, жерлесіміз Дәулет Шабанбайдың тасы өрге домалап тұрды. Ол бас құраманың белді спортшысы ретінде Лондон Олимпиадасына жолдама алды. Осылайша, Дәулет Павлодар облысы тарихында Олимпия ойындарына жолдама алған алғашқы қазақ спортшысы атанды.

Бір қызығы, Дәулет Шабанбайды тұманды Альбионға аты да, заты да беймәлім Алексей Сергеев деген бапкер бастап барды. Көпшілік Сергеевтің орнына Дәулеттің жеке бапкері Ораз Мұхамедәліновті немесе облыстың бас жаттықтырушысы Жанат Усинді лайық көрген еді. Осы үшін ел азаматтары біраз әрекет жасады да. Бірақ бұдан нәтиже шықпады. Осылайша, Ораз Хамитұлы елде қалды да, Жанат Усин Лондонға турист ретінде аттанды.

Лондон Олимпиадасынан кейін Жанат аға «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясына келіп, байрақты бәсекеден алған әсерімен бөлісті. Еркін күрес балуандарының өнеріне баға берді. Сол жолғы әңгімеміз газетке «Бразилияға бапкер ретінде барсам деймін» деген атпен жарияланып еді.

– Фархат, Лондоннан алып келген базарлығым таусылып қалды. Мынау – менің Олимпиададағы билетім. Жақсы ырымға балап, осыны өзіңе сыйладым. Журналист ретінде сені де Олимпиададан көрейік, – деп ағалық тілегін білдірген-ді.

Бұл билет біздің мұрағатта құнды жәдігер ретінде әлі сақтаулы тұр...

Айтпақшы, Дәулет Шабанбай Лондон Олимпиадасында бесінші орынмен шектелген болатын. Ал 2019 жылдың қаңтар айында тұманды Альбион төрінде күміс жүлдеге ие болған грузин Давид Модзманашвили допинг қолданғаны үшін жүлдесінен айырылды. Осылайша, ширек финалда Давидтен ұтылған Дәулет Шабанбай автоматты түрде күміс жүлдегер атанды.

Жанат Усин бұл жаңалықты естіп үлгергенімен, Дәулеттің Олимпиада жүлдесін мойнына таққан сәтін көре алмай кетті. Өйткені, жүлде Дәулеттің қолына әлі тиген де жоқ...

Осылайша, Жанат Усин Павлодар облысынан алғашқы жазғы Олимпия ойындарының жүлдегерін шығаруға атсалысып, есімін тарихта қалдырды.

Орындалған арман

Лондон Олимпиадасынан кейін Жанат Усин бізге берген сұхбатында Бразилияда өтетін Рио Олимпиадасына бапкер ретінде барғысы келетінін айтқан еді. Оның сол күнгі бейнесі әлі көз алдымда. Жалпы, ол тұманды Альбионнан ерекше әсермен, үлкен жоспармен оралды. Әдеттегідей жадырай сөйлеп, шәкірттерін Бразилияға қалайда апаратынын жеткізген-ді.

Табанды бапкер сөзінде тұрды. Бұл жолы расымен де Бразилияға бапкер ретінде аттанды және бір емес, екі бірдей шәкіртін аламанға қосты. Павлодарлық балуандар Дәулет Шабанбай мен Мамед Ибрагимов Рио Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғады. Өкінішке қарай, олар жүлделі орынға іліге алмады. Десе де, Жанат Усин өз арманын орындады.

2016 жылдан кейін спорт тақырыбынан қол үзіп, экономикаға ауысқан болатынмын. Кейін қызмет бабымен Елордаға қоныс аудардық. Сөйтіп, тіршіліктің қамымен жүріп Жанат ағамен байланысымыз үзіліп қалды...

Өкініш өрті

2019 жылдың басында Жанат ағаның тәлімін алған журналист-спортшы Нұрлат Байкенже хабарласты. Жанат Амангелдіұлының айықпас дертке шалдыққанын осы кісіден естіп, есеңгіреп қалдым.

– Ағаның қанша ғұмыры қалғаны бір Аллаға аян. Саған қолқа салғалы отырмын. Жанат ағамен жақын араластың. Бірге жүрдің. Спорт тақырыбын да бір адамдай жаза аласың. Оның үстіне, Жанат аға туралы толғап айтарың да бар шығар. Сондықтан, аға туралы жақсы бір мақала жаз. Көзі тірісінде оқып,  қуанып қалсын, – деген мазмұнда сөз айтты ол.

– Жақсы! – дедім.

Сол күннен бастап Жанат аға туралы мақалаға кірістім. Мұндай аяулы дүниелерді баста пісіріп алмай, қағазға түсірмейтін әдетім бар. Мақаланың сұлбасы түскенімен, піспеген еді. Бір детальдар жетіспейтіндей көрінген. Сонымен, мақаланы суытып қойғанды жөн көрдім де, басқа тірліктерге ден қойдық.

Сөйтіп жүргенде ұялы телефонға қаралы хабар келді. Жанат Усин өмірден өтіпті...

Өкінгенім-ай сол кезде... Амал жоқ... Бәрі кеш еді...

Әйтпесе, дәл осы дүниені Жанат аға тірісінде-ақ оқуы керек болатын...

Жеңісін күттік...

Біз үшін Жанат аға – жеңімпаз. Сондықтан шығар, спортшы ретінде де, бапкер ретінде де үнемі жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Жанат ағаның жабысқан кеселді де жеңіп шығарына сенімді болдық. Бірақ, олай болмады. Ерік-жігері мықты ағамыз ажалға ғана тізе бүгіп, асқақ күйінде арамыздан алыстай берді...

Бұл жеңімпаздың бұл өмірдегі алғашқы және соңғы жеңілісі болатын...

Фархат ӘМІРЕНОВ


Жанат Амангелдіұлы УСИН

1970 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Еркін күрестен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ұлттық категориядағы төреші.

2006 жылы Әлем чемпионы атанған және Қазақстанның 8 дүркін чемпионы. Орталық Азия ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері.

Павлодар облысы спортшы-ларының ішінен тұңғыш болып Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі атанған. Педагогика ғылымдарының докторы. Оның 100-ден астам ғылыми еңбегі отандық және шетелдік басылымдарда жарияланған. Сондай-ақ, ол 4 монография мен 7 оқу құралының авторы.

Жанат Усин аз ғана ғұмырында білікті бапкер ретінде бірқатар мықты спортшыларды дайындады. Атап айтқанда, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Шабанбай, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлде-гері Ернұр Қабатаев, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Саятбек Оқасов, Азия ойындарының қола жүлдегері Мамед Ибрагимов - білікті бапкердің тәлімін алған спортшылар.

Жанат Амангелдіұлы 2019 жылдың жазында 49 жасында өмірден өтті.

saryarka-samaly.kz