Алайда, тұрғындардың алаңдайтын жөні жоқ. Өтініштердегі қателіктер ретке келтіріліп, тиісті қаражат есепшотқа аударылады. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Рашитовтің айтуынша, сәуір айының коммуналдық төлемдері үшін өтініштерді қабылдау 11 мамырда басталған.

- Әзірге өтініштердің 70 пайызы коммуналдық кәсіпорындарға жолданды. Деректер бір тәулік ішінде тексеріліп, қайтадан тұрғын үй инспекциясының электронды поштасына жіберіледі. Кейбір өтініштерде тұрғындар дербес шоттарын дұрыс көрсетпеген, бір жерде қаражаттың мөлшері бөлінбеген. Мұндай жағдайда өтініш иелеріне телефон арқылы хабарласып, толықтырулар енгізіледі. Өтінішті екінші рет беруге болмайды. Түсінбеушіліктер орын алса, Кривенко көшесі, 25-үй мекенжайы бойынша азаматтарды қабылдау жүргізіледі. Бүгінде күніне орташа есеппен 250 шақты адам көмекке жүгінуде. Сондай-ақ, Call-орталыққа хабарласуға мүмкіндік бар. Орталық сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Мамыр айының коммуналдық есебі жөніндегі түбіртек үйге маусым айында келетіндіктен өтінішті 10-25 маусым аралығында қайтадан беру керек. Оған дейін өзгерістер де орын алуы мүмкін. Қолда бар деректерге сүйенсек, шамамен 21 700 павлодарлықтың өтініш беруге құқығы бар, - дейді Нұрлан Рашитов.

Бұған дейін өтініштерді қабылдау үшін арнайы сайт іске қосылғанын жазған болатынбыз. Жоба авторы - «BFGroup» ЖШС жетекшісі Сергей Голышевтің айтуынша, сайттың алғашқы нұсқасын әзірлеу үшін 3 күн, 21 мыңнан астам адамның деректерін енгізу үшін бір апта уақыт жұмсалыпты.

- Жаңа жүйе аз уақыттың ішінде әзірленгендіктен техникалық ақаулардың орын алуы заңды. Сол себепті, тұрғындарды түсіністік танытуға шақырамын. Бүгінде сайттың төртінші және бесінші нұсқалары жасалуда. Сайттың  қазақ тіліндегі нұсқасын жасауға тапсырма түскен жоқ. Егер тұрғындар әлеуметтік қорғау бөлімінің тізімінде болмаса, сайтқа кіре алмайтынын еске саламын, - дейді Сергей Голышев.

Естеріңізге салсақ, төлем алушылардың тізіміне 1,2,3-топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оған теңестірілгендер, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау барысында, әскери қызметте, ғарышқа ұшуға дайындық немесе оны орындау кезінде, адам өмірін және құқықтық тәртіпті сақтау сәтінде қайтыс болған адамдардың отбасылары,  ең төменгі зейнетақы немесе одан төмен зейнетақы алатындар, атаулы көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер кіреді.

Көпшіліктің ұсынысымен коммуналдық қызметтердің өтемақысы ретінде берілетін 15 мың теңгені үлестіру тетігіне толықтырулар енгізіліп, пәтер жалдап тұратын азаматтардың да көмектен құр қалмайтынын атап өткен жөн. Ережеге сай, жалдамалы пәтерде тұратын азаматтар өтініш бермес-тен бұрын коммуналдық мекемелерге («Павлодарэнергосбыт», «Павлодар-Су арнасы» және тағы басқалары) пәтерді жалға алу келісімшартының суретін жіберуі тиіс. Құжатта пәтер иесі мен жалға алушы туралы мәліметтер қамтылуы керек. Ең бастысы, коммуналдық төлемді жалға алушының төлейтіні көрсетілуі қажет.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz