Атап айтқанда, бұл жерде өткен ғасырдың орта шенінде, одан да ерте салынған ағаш ғимараттар көп. Екі қабатты ағаш үйлердің мұржалы пешпен жылытылатынын, қауіпсіздік мәселесі қиын екенін облыстық «Saryarqa samaly» газетінде жазған болатынбыз. Қаланың ортасында орын тепкен бұл ауданның заманға сай түрленетін уақыты жеткен. Ендігі жерде бұл жайтты облыс әкімі өзі назарға алып отырғаны қуантады.

- Затон шағын ауданының құрылысы мәселесі кешенді түрде шешіледі. Бұған Алюминстрой ауданын жаңарту бойынша тәжірибенің сәтті тұстарын пайдаланамыз. Құрылыс кешенді түрде жүргізілетін болады, - деді облыс әкімі.

Айта кетелік, қазіргі кезде Затон аумағында жаңа мектеп бой көтеруде. Бұл осы аумақтың балаларын оқумен қамтуда аса ыңғайлы болмақ. Ендігі жерде айналасы ескі ағаш үйлер мен гараждар қаптаған, күтім көрмеген аумақтың оқушылар үшін қауіпсіз болуы аса қажет. Жауапты орган өкілдері осы мәселені кеңінен, жан-жақты ойластырып атқарады деген сенімдеміз.

 

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz