Асыл тұлғаны әркез екі көзіміз жасқа тола еске аламыз. Ұлағатты ұстазымдай болған арда азамат жайлы сыр шертсем деймін...

1973 жылдың тамыз айы болатын. Ол кезде мен бұрынғы Лебяжі, қазіргі Аққулы ауданына қарасты 800-дей оқушысы бар аралас тілде білім беретін Шарбақты орта мектебінде директор болып еңбек етіп жүрген кезім еді. Сонымен қатар, мектебімізде көршілес ауылдардан 8-9-сыныптардың оқушылары оқитын. Сол жылдары білім ордасы  пәнаралық кабинеттік оқу жүйесіне көшу, өндірістік оқу бригадасы жұмысы бойынша ауданда бірінші, ал облыстық деңгейде алғашқы үштіктің қатарына еніп, таныла бастады. Сөйтіп, сол бір кезде Павлодар облыстық партия комитетінің білім және ғылым бөлімінің бастығы Щербинко Василий Иванович, облыстың білім басқармасының басшысы Шаймерденов Тәжібай Рахметоллаұлы Лебяжі ауданы мектептерінің біразын аралап, біздің мектепке де соғып, мұғалімдердің аудандық тамыз мәслихатына қатысқаны бүгінге дейін есімде.

Білім басқармасы басшысының қолынан мектебіміздің біраз мұғалімі түрлі мараппаттар алған болатын. Бастығымды бірінші рет көріп, алғашқы таныстығымыз осылай басталған еді. Ойлап қарасам, кейін бір–бірімізді танып-біліп, аралас–құралас болғанымызға 40 жылдай болыпты. Кейін оның кітап болып шыққан еңбектерімен таныса келіп, ол туралы бұрынғы таныстығымды толықтыра түстім. Енді әрі қарай, қазаққа тән ерекше сый–құрмет иесіне, яғни, «Тәжеке» деген атпен ойымды жалғастырмақпын.

1998 жылы зейнеткерлікке шығып, Павлодар қаласына қоныс аударған күндерімнің бірінде облыстық мұғалімдер біліктілігін арттыру институтына барып, төртінші қабаттағы Тәжекеңнің кабинетіне рұқсат сұрап кіргенімде:

- Кіріңіз, жақсы келдіңіз, біраз әңгімелесейік, - деп бұрын ашыла сөйлеспейтін, бәріміз құрмет тұтатын азамат ағынан жарылып, ақылы мен әңгімесін айта бастады. Ол кезде ол Тәжібай Рахметоллаұлы институттың педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болатын. Сондағы айтқаны:

- Адамның өткен өмірі ағып жатқан өзен суы тәріздес. Кейде арындап толқын жағасынан асып жатса, ал бірде баяу асып– тасымайтын күйді елестетеді. Алайда, өмір жолының белесі мен ылдиы, даңғыл соқпағы мен алаңы болатындығы барша жұртқа аян. Алға қойған биік мақсат жолы қажыр–қайратқа сүйенген адал еңбек, тынымсыз ізденіс жас ұрпақ үшін, тәуелсіз Қазақ елі үшін ауадай қажет, - деп маған қарап, көзілдірігін қолына алды. Мен білетін Тәжекең үгіт–насихаттан гөрі іс-әрекетімен, үлгі-өнегесімен, көпшілік адам баласында сирек кездесетін табиғи қалыптағы кішіпейіл, ұстамды мінезімен еріксіз өзіне тартып, мұндай да жаратылады екен деген ойға жетелейді.

Осы сәттегі Тәжекеңнің жарқын бейнесі көз алдымда тұрғандай. Әттең, Алла тағала менің бойыма өлеңмен толғауды  жазбаған. Ақын болсам, теңіздің толқынындай өлең жолдарымен Тәжекеңнің портретін салған болар едім. Дегенмен, қара сөзбен біраз тоқталатын. Менің пайымдауымша, Тәжібай Рахметоллаұлы «Тәжеке» атанғанға дейін, сонау ат жалын тартып, алғашқы еңбекке араласа бастаған уақыттан бастап мұғалім, үлкенді–кішілі қызмет саласында да әр қадамын ойланып басуға, әр іске жауапкершілікпен қарап, бастаған ісін тыңғылықты аяқтап, өзін–өзі адалдық пен тазалыққа тәрбиеледі. Оны еске аларда өмір өткелдеріне соқпай кетуге болмас.

Сонымен, Тәжекеңнің өмір жолына аз-кем тоқталар болсақ, ол 1950 жылдың жазында Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтын тәмамдағаннан соң, еңбек жолындағы алғашқы қадамын Ресей Федерациясының Омбы облысына қарасты Тавричан деген ауданның Стаханов атындағы қазақ орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін үш жылдай атқарып, елге оралды.

Алдымен Майқайың орта мектебінде оқу ісінің менгерушісі, біраз уақыт оздырып барып, Екібастұз кентіндегі (ол кезде қала атағы берілмеген) Баянауыл ауданына қарасты №2 қазақ орта мектебінің директоры, Баянауыл аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүргенде 1957 жылы Екібастұзға қала мәртебесі беріліп, сол қаланың оқу ісінің алғашқы меңгерушісі болып тағайындалады.

Небары отыз жас шамасындағы жас азаматқа Екібастұз қаласының білім басқармасын басқаруға сенім арту - үлкен жауапкершілік. Қала мәртебесін алған жас шаһарға Одақтың әр түпкірінен келген құрылысшылар, кеншілер, темір жол және т.б. мамандық иелері (кейбіреулері бала– шағасымен), түрлі ұлт өкілдері көптеп қоныс аударғаны белгілі. Екібастұз қаласының оқушылар құрамының едәуір бөлігі жетім, жартылай жетім балаларды құрады. Тек қана анасы бар, олардың өзі күні бойы жұмыста болғандықтан, яғни, оқу жасындағы балалар қараусыз қалғандықтан оқушылар арасында тәртіп бұзушылық оқиғасы жиі орын алды. Бұл жағдай бірінші кезекте қалалық оқу бөлімі мен мектеп мұғалімдерін қатты алаңдатқаны мәлім. Осы мәселені шешу үшін өндірістің әр саласында жұмыс істейтін ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, тәртібі мен оқу үлгерімі төмен оқушылардың ата-аналарының жауапкершілігі арттырылды. Бұл істің басықасында оқу бөлімі, оның басшысы Шаймерденовтің болғанын сол кездегі баспа беттерінде жарияланған мақалалардан оқып білеміз. Оның осындай қажырлы еңбек пен нәтижелі оқу–тәрбие жұмысындағы іс–шаралары облыс-тық партия комитетінің назарына ілігіп, облыстың білім басқармасын басқаруға кандидатурасы ұсынылды. Бұл шешім облыстық партия комитетінің бюросында қаралып, жаңа лауазымға бекітілер алдында сол кездегі облыстың атқару комитетінің төрағасы Жақыпбек Жанғазиннің қабылдауында болып, жолдама алғандығын Тәжекең ерекше әсермен айтқан болатын.

Осылайша, Тәжібай Рахметол-лаұлы аймақтың білім басқармасын 1965-1988 жылдар арасында 24 жылдай басқарып, өңірдің білім беру саласын республика және Одақ көлемінде танымал етіп, үш рет ауыспалы қызыл туды жеңіп алды. Сол құтты жеңіс күні бүгінге дейін жалғасын табуда.

Бұл үлкен қажырлы еңбектің нәтижесі деп түсінген абзал. Оның Одақ пен республика өңірінде үздік әрі білім беру саласының алдыңғы қатарлы бірінші басшысы ретінде көптеген ғылыми конференцияларда сөз сөйлегені, облыстың білім саласын басқарудағы  мол тәжірбиесі жөнінде газет беттерінен көп оқыған едік. Тіпті, оның «Оқушыларға патриоттық тәрбие беру және Отанды сүю» мәселесіне арналған Ташкент қаласындағы ғылыми теориялық конференцияда Қазақстанның атынан сөз сөйлеуі - үлкен мәртебе. Ал 1984 жылдың тамыз айында Мәскеудегі Одақтың оқу министрлігінің орталық партия комитетінің мектеп жөніндегі қаулысын іске асыру мәселесіне арналған үлкен мәжілісте респуб-лика атынан министрге емес, Павлодар облысының білім басқармасының бастығы Шаймерденов Тәжібай Рахметоллаұлына сөз беру - үлкен сенім мен абырой.

Есімде мына бір жағдай жақсы сақталып қалыпты... Алматыда бір айлық білімді жетілдіру курсындағы кезімде бізге дәріс беруші педагогика ғылымының кандидаты, республикалық оқу министрлігінің мектеп басқармасының бөлім бастығы Ғазиз Лұқпанұлы деген азамат «Мұғалім, білім саласын басқарып, дәріс беретін адам қандай болуы керек?» деген тақырыпқа дәріс оқыды. Сосын:

– Араларыңда Павлодардан адам бар ма? – деді де, аудиторияға көңіл аудара қарады. Мен орнымнан тұрып, аты–жөнімді таныстырып, Павлодардың Лебяжі деген ауданынан екенімді айттым. Маған көз қиығымен бір қарап, отырыңыз дегендей ымдады да:

- Бұл сұраққа Павлодар облы-сының облыстық білім басқар-масының бастығын суреттесем деймін, - деді де, елулер шамасындағы сұңғақ бойлы, парасатты, байсалды, жалпы адам баласына, оның ішінде қызметтестеріне ілтипат жылуы мол, дауыс көтермейтін, сабыр сақтай білетін, еңбекшіл, қажырлы, бір сөзді, өзіне де, өзгеге де талап қоятын, байсалды, білім беру әдістемесінен мол хабары бар, қазақ, орыс тілдерінде бірдей таза сөйлей білетін, адамгершілігі жоғары адам Шаймерденов Тәжібай Рахметоллаұлындай болуы керек деп ойлаймын деді де:

- Сіз қалай ойлайсыз, келісесіз бе? - деді. Мен орнымнан ұшып тұрып:

- Әрине, - деп әрі қарай жалғастыра бастадым. Сол күнгі кеште курстастарымның сұрағы Тәжекең жайында болды.

Тәжекең 1988 жылы «Қазақ мектептерін ғылыми жолмен басқару. Жас жеткіншекті жан–жақты зерттеу жолдары» туралы кандидаттық диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағын алып, зейнеткерлікке шықты. Әрі қарай да еңбек жолын ғылымға арнады. Көп жылғы еңбектің барысында «Мектепті басқарудың негіздері», «Мектеп басқаруды жетілдіру», «Тәрбие тағылымы», «Детям общую заботу», «Ұстаз - ұлағатты ұғым», «Все начинается с учителя», «Тәлімгер тұлғалар - Наставники», «Өмір өткелдері» атты еңбектерін кітап қылып жазып, басып шығарды. Бұл мәңгілік жоғалмас іс–шара еді. Көпшілік осы оқу құралдарын оқып, танысып, ғибрат алуда.

Жалпы, Тәжекеңнің өмірбаяны туралы толық мәлімет «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» («Почитаемые люди земли казахской») деген үлкен кітаптың VII томында жазылған. Мұндай үлкен кітаптан кез келген азаматқа орын берілмейді. Бұл - ұлағатты ұстазға деген шексіз құрметтің белгісі. Шынымен де, Шаймерденов Тәжібай Рахметоллаұлы бүкіл қазақ еліне танымал, сыйлы тұлға десек, артық емес. Тіпті, оған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 2002 жылғы 27 қазанында ғылыми кеңестің шешімімен «профессор» атағы берілгенін біреу біліп, біреу білмес. Сонымен қатар, Қазақ КСР, КСРО білім саласының үздігі, 1976 жылдың 17 желтоқсаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Президиумының жарлығы бойынша «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағы, «Қызыл ту» ордені және бірнеше жоғары медальдар берілген.

Тәжекең туралы сөз еткенде, оның әкесіне тоқталмай кеткеніміз жөн болмас. Осындай асыл тұлғаны тәрбиелеп, өсірген әкесі Рахметолла - Баянауыл ауылының қарапайым тұрғыны. Өз елінде 2-3 сыныптық қана білімі бар. Кезінде колхоздың басшысы, партия Совет қызмет-терін атқарған. Колхоз есепшісі де болған. Өз ісіне өте адал, еңбекқор жан деседі. Анасы Бибіғайша - сұңғақ бойлы, күш–қуаты мол, колхоз шаруа-сында еңбек етіп жүріп, бала тәрбиесіне де баса мән берген адам. Өтірік–өсекке жаны қас, мейірімді ана. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, әкесі мен анасының қасиеті Тәжекеңе және басқа балаларына үлгі болған. Отбасының балалары шеттерінен кітапқұмар болып дағдыланыпты. Әкелері өмірі балаларына қатты сөз айтып, зекіп, ұрсып көрмеген жан екен. Үлгі деген осы болар...

Тәжекеңнің үйіндегі өмірден озған Қабыш жеңгеміз де мұғалім. Көп жылдары Павлодар педагогикалық училищесінде оқытушы болып, еңбек демалысына шыққан абзал жан, мейірімді ана. Екеуі Нағима, Сәуле, Нәйла атты үш қыз баланы және Асқар атты бір ұл баланы өмірге әкеліп тәрбиелеген. Нағима музыка саласының маманы болса, Сәуле мен Нәйла дәрігер. Ал Асқар - мамандығы бойынша инженер– электрик. Олардан көрген сегіз немере, он төрт шөберенің атасы Тәжекеңнің тікелей жалғыз ұлдан көрген екі немересінің бірі Алиасқар Америкадан экономист мамандығын алып, толық игеріп, елге оралған болатын. Бүгінгі таңда Мәскеу қаласында «Partners in Performance» австралиялық консалтингтік компаниясында абыройлы еңбек етуде. Ал Алмасы болса өз туған жерінде «Павлодар» ЖШС солтүстік суарық ОМТС басшысы болып еңбек етуде. Тәжекеңнің барлық ұрпағына Алла тағала ғұмыр берсін. Атасына тартып ұл туар, тағы да Тәжекеңнің  бейнесіндей ұрпақ өмірге келсін деп тілейміз. Сондай-ақ, Тәжекеңнен үлгі алып, онымен әріптес, қызметтес болған азаматтар аз емес. Олар да Шаймерденовтің шапанынан шыққандай әсерлі тәрбиесін көріп, еліктей еңбек етті. Соларды тізе берсем, тым көп. Бірен–саранын атасам, әр жылдарда аудан, қалаларды, мектеп, аудандық білім басқармасын басқарғандар, тағысын тағылар. Мысалы, Мақаш Жылқыбаев, Совет Әмірханов, Төлеген Құлтуманов, Рахмет Мұхаметқалиев, Валерий Моос, Ерсін Тақырбасов, Зоя Овчиникова, Хадиша Бихиенова, Бақыт Ашықбаева және т.б.

Бүгінгі таңда Павлодар өңірінің білім беру саласын дамытып, Тәжекеңнің сара жолын өрге сүйреп, сол туды берік ұстап келген Темірболат Дәйкенов, Бақыт Бексейітовалар болса, соңғы толқында көш бастаушы Дінислам Болатханұлы, Жомарт Қарамбаев, педагогикалық университеттің ректоры Алтынбек Нухұлы, педколледждің директоры Мираш Шабамбаева есімді жандар ұлағатты ұстаздың ізбасарларын дайындауда деп толық сенеміз.

Сөз соңында Тәжібай Шаймерденовтің есімін, ісін мәңгілік етуші жастар жасай берсін демекпін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Асыл азаматтың артына қалдырып кеткен ісі ұрпақтары үшін қайырлы қызыққа ұлассын. Марқұмның жатқан жері жарық болып, жұмақтан орын алсын!

 

Қабидолла ӘЛІБАЕВ, Қазақ КСР білім беру саласының үздігі, Құрметті қызметкер, ардагер ұстаз.

saryarka-samaly.kz