Жоба авторы - «BFGroup» ЖШС жетекшісі Сергей Голышевтің айтуынша, сайттың қазақша бөлімін жасауға тапсырыс түспеген. Тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі.

Тіл жанашыры Еркеғали Жанғазының пікірінше, бұл жерде ҚР Конституциясы мен ҚР Тіл туралы заңын өрескел бұзған мемлекеттік мекеме өкілдерін қатаң жазалау керек.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі - ұлтаралық қатынас тіліне айналу керектігін мәлімдеген болатын. Мұны қаперіне алуы тиіс мемлекеттік мекеме басшыларының өзі тіл мәртебесіне немқұрайлы қарап жатқаны өкінішті. Сайтты құрастыруда ҚР Конституциясы мен ҚР Тіл туралы заңынан бөлек, тұтынушылардың құқығын қорғау заңы да бұзылғаны көрініп тұр. Ендігі жерде кемшіліктің орнын толтырып, сайттың қазақша нұсқасын әзірлеу керек. Өзгертуді енгізуге кеш болса, заңды аяққа таптаған мамандарды жазалау керек, - дейді Е.Жанғазы.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшы-сының орынбасары Сәуле Османованың мәліметінше, ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңының 16-бабы 14 тармағында «Интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсының басқа тілдердегі нұсқалары да болуы мүмкін», деп көрсетілген.

- ҚР Конституциясының 7-бабында Қазақстан Республи-касындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi екені жазылған. ҚР Тіл туралы заңының 21-бабында (Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi) меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылуы керек. Сондай-ақ, бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады деп көрсетілген. Бұл ретте, сайт ең бірінші кезекте қазақ тілінде әзірленуі керек-тін. Жеке басқарма ретінде қызмет жасап жүрген уақытта облыстық мемлекеттік мекемелердің сайттарына мониторинг жасайтын едік. Қателіктер табылса, ресми хатпен шығып, түзетуді талап ететін едік. Бұл шаруаны қайтадан қолға алу керек деп есептеймін, - дейді С.Османова.

15 мың теңгеге өтініштерді қабылдау үшін іске қосылған сайттың уақытша екені түсінікті. Алайда, уақытша екен деп мемлекеттік тілді ескермеуге әсте болмас. Бұл іске жауапты мамандар не деп ақталар екен?

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz