Құтырмадан қайтсек құтыламыз?

Ветеринария мәселесі облыс әкімдігінде өткен аппа-раттық жиында жан-жақты талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Апсалықовтың айтуынша, бұл салада бірқатар проблема бар.

- Кейбір аудандарда вете-ринарлық бекеттер мен мал қорымдарының жағдайы мәз емес. Атап айтсақ, Железин ауданында соңғы үш жылда 3 типтік мал қорымы ғана пайдалануға берілген. Шарбақты ауданындағы 29 мал қорымының 28-і тиісті стандарттарға сәйкес келмейді. Барлық аудандарға ортақ мәселе – ауру мал дер кезінде санитарлық сою орындарына жеткізілмейді. Кадр мәселесі де өзекті. Бүгінде 19 ветеринар маманның орны бос тұр. Аймағымызда жоғары білімі бар мал дәрігерлері жоқтың қасы. Жастардың ауылда еңбек еткісі келмейтінін мойындауымыз қажет, - дейді Марат Апсалықов.

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов ветеринарлық қауіп-сіздікті ретке келтірмей, мал шаруашылығын дамыту туралы сөз қозғаудың өзі артық екенін атап өтті.

- Мал қорымдарын салуға көп ақша қажет емес. Сондықтан да, бұл іске аудан әкімдері атүсті қарады деп есептеймін. Ветеринарлық ахуал жақсармаса, мал бордақылау алаңдарына инвес-торлар қайтіп қаражат құяды? Бұл ретте, инфрақұрылым шараларын қолға алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Бұл іске жауапты мамандарға аймағы-мыздағы ветеринарияны дамытудың алдағы бес жылға арналған жоспарын жасауды тапсырамын, - деді облыс әкімі.

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов құтырма ауруының таралуына 2 себеп бар екенін айтады.

- Құтырма ауруы бойынша эпидемиологиялық сараптама жасалды. Биыл қар қалың түсіп, түрлі инфекциялық ауруларды тарату көзі болып табылатын түлкі мен қарсақтың елді мекендерге жақындағаны анықталды. Екіншіден, аудандағы 215 мың бас малға құтырмаға қарсы 7 мың вакцина берілді. Мал бағуды дұрыс ұйымдастырмаудың да әсері болуы мүмкін, - деді аудан басшысы.

Әбілқайыр Сқақов ауру ошақтарының адам өмірі үшін өте қауіпті екенін айтып, жағдайды терең зерттеп, ауру көзін анықтауды тапсырды.

Көріктендіру ісінде түйткіл көп

Аппараттық жиын барысында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру бойынша павлодарлықтардан шағым көп түсетінін атап өтті. Аймақ басшысының 14 мамырда өткен баспасөз мәслихаты кезінде өңір тұрғындарынан түскен өтініштердің 80 пайызы көріктендіру ісіне қатысты тіркеліпті. Сондай-ақ, Instagram желісіндегі оқырмандардың да өкпесі қара қазандай.

- Аула ішіндегі учаскелерге қатысты көптеген сұрақтар келіп түсуде. Қаланың шеті былай тұрсын, орталық көшелердегі жағдай мәз емес. Атап айтсақ, Ак.Сәтбаев көшесі, 247 мекенжайындағы үйдің ауласында қоқыс шашылып жатыр. Бұл – жеке бақылау кезінде көргенім. Шеткі шағын аудандардағы жағдай айтпаса да түсінікті. Аулаларды кешенді абаттандыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанына бірнеше жыл болды, бірақ нәтижесі көзге көрінбейді, - деді аймақ басшысы.

Қала тұрғындарынан Абай көшесіндегі жолды жөндеу жұмыстары бойынша шағым түскен. Бюджеттің қаржысының тиімді жұмсалуына алаңдаған павлодарлықтар Гагарин мен Амангелді көшелерінің арасындағы учаске бірнеше жыл бұрын жөндеуден өткенін, алайда тағы да абаттандыру жоспарына енгізілгенін хабарлаған.

- Аталған учаскедегі жолдың жағдайы қанағаттанарлық. Менің түсінуімше, тұрғындарға алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. Қоғамдық тыңдау өткізу керек емес, жай ғана абаттандыру жөніндегі жоспар туралы ақпарат беру керек еді. Тұрғындардың өтініштері негізсіз емес. Сенбесеңіздер, әлеуметтік желілерді шолып көріңіздер. Жалпы, қаланы көріктендіру бойынша сараптама және аула іші аудитін жүргізу керек, - деді Ә.Сқақов.

Сондай-ақ, аймақ басшы-сы облыс орталығындағы 20 шақты «сақалды құрылыс» нысандарын бақылауға алуды тапсырды.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz