Меже айқын

ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла-масында субсидиялау ісіне ерекше мән беріліп отыр. Сөйтіп, 6 түрлі міндет жүйелі түрде іске асуы тиіс. Біріншіден, мал шаруашылығының тиімділігін 58 пайызға, өсімдік шаруашылық тиімділігін 40 пайыз-ға дейін арттыру. Екіншіден, тауар-лы өндіріске 670 мың ұсақ өнді-рушіні тарту үшін ауқымды ауыл-шаруашылық кооперацияларын дамыту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің қолдануға тиімді жүйесін құру. Үшіншіден, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін барынша кеңінен қамти отырып, жалпы сала бойынша мемлекеттік қолдаудың тиімділігін және қолжетімділігін қамтамасыз ету. Төртіншіден, көз-делген мақсатқа қол жеткізуге бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнімнің қазақстандық брендін алға жылжыту. Бесіншіден, 600 мың гектардан астам суармалы жерді айналымға қосу. Алтыншыдан, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеуді одан әрі жетілдіру. Міне, аталған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыра алсақ, еліміздің ауыл шаруашылығының дамуына қосымша серпін беретіндігі анық.

Қаражат көлемі артуда

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қымбат Сейітқалиева жергілікті шаруаларға субсидия бөлу ісіне жауапты. Тәжірибелі маманның айтуынша, әу баста демеуқаржы асыл тұқымды мал шаруашылығы және тұқым шаруашылығының басы-қасында жүргендерге ғана төленіп келген.

- Елімізде субсидия жүйесінің нақты іске қосылған уақытын ұмытып тұрмын. Бір анығы, осы уақытқа дейін көптеген шаруалар қолдаудың арқасында аяққа тік тұрып, аймақтың ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосып отыр. Алғашқы жылдары субсидияның түрлері аз болатын. Кейін әр жыл сайын шетелдік тәжірибеге сүйеніп, демеуқаржының көптеген түрлері жүзеге аса бастады. Бұл ретте, бұл іске бөлінген қаражаттың көлемі де артып келе жатқанын атап өткен жөн. Алысқа бармай-ақ, өткен жылдың көрсеткіштерін мысалға алайық. Былтыр облыстың агрокешенін дамытуға 23,4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның 14,4 миллиард теңгесі - республикалық бюджеттен. Қаражаттың басым бөлігі шаруаларды субсидиялауға жұмсалды. Атап айтсақ, инвестициялық субсидия бағдарламасы шеңберінде былтыр 32 шаруа 1,9 миллиард теңге қаражатқа шетелден 2759 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізді. Оның 454,5 миллион теңгесі субсидияланды. Техника сатып алғаны үшін 300 шаруаның 10 пайыздық шығыны облыстық бюджет есебінен өтелді. Гербицид пен тыңайтқыштардың шығынын өтеуге облыстық бюджеттен 766 миллион теңге қаражат жұмсалды. Өсімдік шаруашылығын дамытуға 628 миллион теңге қарастырылып, 256 диқан элиталық тұқым сатып алғаны үшін субсидияға қол жеткізді. Жалпы алғанда, жергілікті 1609 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші субсидияның тиімділігін сезіне алды, - дейді Қымбат Сейітқалиева.

Шаруаларды не алаңдатады?

Жоғарыда жазғанымыздай, субсидияның кеш төленуі шаруа-лардың жұмысын бөгейтіні рас. Сондай-ақ, былтыр субсидия алу үшін Qoldau.kz электронды жүйесіне өтініш жолдау тәртібі енгізіліп, интернет жылдамдығы аз, тіпті ғаламтор игілігі жоқ жерде шаруасын дөңгелетіп отырған шаруалар демеуқаржы алуға үлгермей қалды. Жаңа жүйе субсидия бөлудің ашықтығына көз жеткізуге мүмкіндік бергенімен, шаруалардың көбі әлі күнге дейін көшке ілесе алмай жүр.

Қымбат Сейітқалиеваның айтуынша, бағдарламаға құжаттарын жедел енгізген пысық шаруалар субсидияға қол жеткізіп, қалғандары қорда қаражат таусылғандықтан тиісті қаражаттан қағылады екен.

- Жасыратыны жоқ, шаруалардың дені - егде тартқан азаматтар. Көбі компьютер тілін меңгеруге қиналады. Кей жерде интернет дұрыс ұстамайды. Сайып келгенде, субсидия алу кезінде қиындықтар туындайды. Былтыр субсидиядан қағылған шаруаларға биыл ең бірінші кезекте қаражат берілеті-нін айтқым келеді. Өткен жылы 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат үлестірілмей қалды, - дейді бөлім басшысы.

Тиімдісі қалады

Жыл сайын субсидия тәртібі-нің өзгеруінің себебі бар. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әр жыл-дың қорытындысын саралап, тиім-сіз бағыттардың тізімін жаңартып отырады. Мәселен, соңғы жылдары көпшіліктің талқылауына түскен «гектарлық» субсидия алынып тасталды. Себебін жіктеп берсек. Бұған дейін көктемгі егіс науқаны кезінде жоспарланған тұқым себілетін алқаптың көлеміне қарай қаржылай көмек көрсетіліп келді. Жоспар орындалды, қаржы игерілді. Комиссия жұмыс көлемін растап, қабылдайды. Сосын түрлі себеп-сылтаулар табылып, әлгі себілген аудан белгілі бір мөлшерге азаяды. Тіпті, егіс алқабына жоспарланған дақылдардың орнына басқа тұқым себілген жағдайлар да тіркелген. Бірақ, жұмсалған ақшаны сұрап жатқан ешкім жоқ, комиссия актісі болса болды. Бұл ретте, сала мамандары субсидия түпкі нәтижеге төлену керек деген шешімге келіп, «гектарлық» демеуқаржы тізімнен алынып тасталды.

Тарқата айтсақ, министрліктің ұсынысымен сыйымдылығы кемін-де 1000 бас бордақылау алаңдары үшін бұқашықтарды бордақылау шығындарын арзандатуға бағыт-талған субсидиялау түрін алып тастау жоспарлануда. Сондай-ақ, «өндірістік қуаты тәулігіне 50 тон-надан басталатын сүт өңдеу объектісін құру және кеңейту» жобасында сүт өңдеу объектісінің өндірістік қуатын 50 тоннадан 1 тонна-ға дейін төмендету көзделіп отыр.

Диқандар «қоймаң болмаса, егін егіп қажеті жоқ» деген ұстанымды алға тартады. Әсіресе, көкөніс өсірушілер өнімін сақтау ісіне алаңдап жүргені. Бір жылдары қойманың жоқтығынан, нарықтағы бағаның күрт төмендеуінен бірқатар шаруалардың көкөністері жарамсыз болып, қыруар шығынға ұшырағаны белгілі. Бұл ретте, министрлік көкөніс сақтау қоймаларының құры-лысын инвестициялық субсидиялау бағыттарының тізбесіне енгізу кезінде өнімді үздіксіз жеткізуге қабілетті күрделі (инновациялық, жоғары технологиялық) объектілерді субсидиялауды жоспарлап отыр. Бұл ретте шығыны аз жеңілдетілген пленкалы жылыжайларды субсидиялаумен қамту міндеті қойылмайды.

ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама-сында 2020 жылдан бастап мал шаруашылығындағы тауарлық-ерекше субсидияларды қысқарту көзделген. Осылайша, инвестициялық субсидиялар құжаттарының тізбесі импорт алмастыруға және АӨК экспорттық әлеуетін іске асыруға баса назар аудара отырып қайта қаралатын болады. Тұтастай алғанда, субсидия саясаты шағын, орта және ірі бизнес өкілдері үшін субсидия алуға тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Статистикаға сүйенсек, 2019 жыл-дың қорытындысы бойынша елімізде субсидия алушылардың саны 107 мыңды құрады, оның 60-70 пайызы шағын және орта фермер қожалықтары.


Сапархан ОМАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

«Биыл субсидия бөлу ере-жесінде бірқатар өзгерістер орын алады. 2017 жылдан бастап өсімдік шаруашылы-ғындағы тауарлық-специфи-калық субсидияларды азайта бастадық. Ең әуелі дәнді да-қылдарды, кейін майлы және көкөніс-бақша дақылдарын субсидиялаудан бас тарттық. Қазіргі уақытта ірі қара мал етіне, жұмыртқа, қымыз бен шұбатқа, күрішке, мақтаға арналған субсидияларды алып тастауды жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл тауарлар бойынша еліміздің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі тұрақты. Бұл ретте босатылған қаражат салада қалады. Яғни, олар азаймайды және ешқайда кетпейді. Көбіне асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу, сондай-ақ импортқа тәуелді - сүт, құс еті, қант қызылшасы сияқты басым бағыттарға жұмсалады».


Түйін:

Қорыта айтсақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министр-лігі оңды-солды таратылып келген субсидияны үнем-ді жұмсауға көшкені қуантады. Ең бастысы, субси-дия саясатының мақсаты орындалып келеді. Ендігі жерде шағын шаруашылықтар да қаржыдан қағылмай, ел экономикасының дамуына атсалысқаны абзал.


Керек дерек

Былтыр елімізде асыл тұқымды мал шаруашы-лығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы бойынша 24 644 шаруашылық субъ-ектісі субсидияланды.

Өткен жылы облыс-тың агрокешенін дамы-туға 23,4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Қаражат-тың басым бөлігі шаруаларды субсидиялауға жұмсалды.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz