Осы ретте атаулы күнге орай өнерлі отбасының тірегі, айтыстың марқасқасы Асығат Тұрғанбекті аз-кем әңгімеге тартуды жөн көрдік.

- Асығат аға, әңгімеміздің әлқиссасын отбасыңыздан бастасақ...

- Біздің жанұямыздың алтын діңгегі, балаларымның анасы Мархабат екеуіміз де Баянауылдың тумасымыз. Әрі бір сыныпта білім алдық. Біздің шаңырақ көтергенімізге ширек ғасырдың жүзі болды. Осы күнге дейін Алла берген 2 ұл, 2 қызымыз бар. Бүгінде тұңғышымыз отау құрса, қызы-мызды қиясына қондырдық. Қазір екінші қызым Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жүрсе, кенжеміз Шыңғыс Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 7-сыныбында оқиды. 

- Сізді көпшілік айтыскер әрі жазба ақын ретінде жақсы таниды. Дегенмен, отбасыңызда сіздің сара жолыңызды жалғап, қарасөзден түйін түю қасиетіңізді балаларыңыздан да байқаймыз. Олардың өнерге жақындығын неше жасында байқадыңыз?

- Қазақ «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп тегін айтпаса керек. Жалпы, балаларымның өнер жолына қадам басуы, менің ізімді жалғап, соңымнан ергендеріне қуанбасам, қарсылық танытпадым. Дегенмен, өнерге ерекше құмартқан Нұрсәуле мен Шыңғыс болды. Екеуі де 5-6 жасынан өнерге, өлеңге деген құштарлықтарын байқата бастады. Менің ол кезде облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысып жүрген кезім. Екеуі менің үйдегі дайындықтарыма қатысып, айтқан әр сөзімді зейін қойып тыңдап, арасында айтыста айтатын амандасуым мен арнау-ларымды жаттап алатын. Кейін айтыстарыма қатысып, маған жанкүйер болып жүрді. Олар айтыстан ерекше әсер алып, шабыттанып үйге келгеннен кейін қолдарына домбыра алып, ұйқассын-ұйқаспасын нобайын келтіріп, айтып жүретін. Осындай құштарлық оларды өнерге алып келді деп ойлаймын. Баланың тәлім-тәрбиесінде айтқаннан гөрі, ата-анасының істегенін көріп өсу маңызды. Сондықтан үйдегі бала тәрбиесі ата-анаға тікелей байланысты.

- Нұрсәуле мен Шыңғыстың ән әлемінде де ойыпалар орны бар. Балала-рыңыздың жан-жақты болуын тек арқылы берілген қасиетке жатқызсақ болатын шығар?

- Әрине, баланың өскенде қандай адам болып қалыптасуы, оның таңдау жолы текке тартпай қоймайды. Қазақ «адамның бір қызығы - бала деген», «бала - бауыр етің» деп тегін айтпаған ғой. Кез келген ата-ана ұрпағым иманды, ибалы, өнерлі болып өссе, ел мен ұлтқа қызмет ететін адам болса екен деп армандайды. Негізі, баланы дұрыс жолға салып, жастайынан баулып, үйрету - ата-ананың басты міндеті. Сондықтан өз басым балаларымның қай салаға бейім екенін бақылап, сол бойынша бағыт бердім. Тіпті, балалардың таңдаған жолында мықты болып шығуы үшін арнайы ұстаздарға беру керектігіне де ерекше мән бердім.

- Өнерлі шаңы-рақтың анасы, асыл жарыңыз Мархабат жеңгеміздің де онсаусағынан өнер тамған жан екенін білеміз. Қолөнермен айна-лысқанына қанша уақыт болды?

- Мархабат мектеп жасынан бастап анасының қасында көрпе, түскиіз тәрізді ұлттық бұйымдарымызды бірге тігіп, қасында көмекші бола жүріп, үйреніп алған. Анасының ақ сүтімен дарыған өнер де бойда бұғып жатпайды. Осыдан 5 жыл бұрын өзінің жеке шеберханасын ашып, жұмысын бастаған еді. Қазір киіз үйдің іші-сырты жабдықтарын, қазақтың ұлттық киімдерін тігіп жүр. Бұдан бөлек, Шыңғыстың сахналық киімдерін тігу де - анасының мойнында. Бастысы, ел арасында ұлттық нақыштағы дүниелер мен киімдерге сұраныс бары қуантады.

- Әңгімемізді сіздіңшығармашылығыңызға қарай бұрсақ. Өткен жылы«МузАрт» тобының орын-дауындағы «Ертіс-Баян» әнінің сөзін жаздыңыз. Бұл ән тыңдармандардың оңбағасына ие болды. Алдағы уақытта қазақэстрадасының жұлдызда-рымен шығармашылық байланысыңыз жалғаса ма?

- Бұл ән арнайы тапсырыспен жазылған. Әуені - белгілі сазгер Ұлықпан Жолдасовтікі. Кейде елдің көңілінен шығатындай есте қаларлық дүние жазайын десең, ол 1-2 ай немесе жарты жылға дейін созылып кетуі мүмкін. Ал кейде санаулы сағаттарда ғана сәтті шығатын шығармаларымыз болады. Міне, «Ертіс-Баян» әні - сондай сәтті туындының бірі. Ең бастысы, тыңдарманның жүрегінен орын алып, естуші құлаққа жеткені қуантты. Бұған дейін «Жігіттер» квартетіне «Астанаға тарту» деген әнге сөз жаздым. Ол да жігіттердің репертуарында орындалып жүр. Қазір қазақ эстрада жұлдыздарынан қатты тапсырыс алып жатырмын дей алмаймын, бірақ танымал адамдардың бірнеше тапсырысы бар. Ол да шығып қалар. Кейінірек жеке шығармашылығым бойынша концерт беруді жоспарлап отырмын.

- Өзіңіз негізін қалаған «Желдірме» ақындар мектебі жайында баяндасаңыз...

- «Желдірме» ақындар мектебі «Шаңырақ» шығармашылығы орталығының жанынан ашылған. Оның ашылғанына да 17 жылдан асты. Осы уақыт ішінде «бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, айтысқа жаңадан келіп жатқан жастар, тегінен ақындық қасиеті бар балаларға бағыт-бағдар беріп келдік. Олардың қатарында Аспанбек Шұғатаев, Рауан Қайдаров, Серікболсын Дүйсенбай, Абзал Қабдраш, Хафиз Қайролла, Оразбек Саяхат, Айбек Қалиев тәрізді 40-қа жуық жас ақын бар. Олардың барлығы республикалық додаларда топ жарып жүр. Тіпті, бұлардың алды өздері де шәкірт тәрбиелейтін күнге жетті. Ал «Желдірме» мектебінің жұмысы тоқтамайды. Жыл сайын «Жас дәурен» оқушылар айтысы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл жазда республикалық айтыс ұйымдастыру ойымызда бар.

- Өнерлі отбасының алға қойған жоспары қандай?

- «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деп жатамыз. Жоспарсыз күніміз де болмайды. Алдағы уақытта Шыңғыстың жеке шығармашылық кешін беруді ойлап отырмыз. Онымен қоса, өзімнің кітабымды шығаруды да жоспарлап отырмын. Бұдан бөлек, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шеберханамызды кеңейтіп, ондағы тігіншілер санын арттыруды да көздеп отырмыз. Тіпті, мектеп ашсақ деген де ойымыз жоқ емес. Мұның бәрі - уақыттың еншісінде.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш  ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz