Шипагер

Арын Сүлейменов туралы уақытында белгілі қаламгерлер Зейін Шашкин, Қалмұқан Исабаев, М.Тереник, В.Болтина, Л.Шевелевалар қалам тербеген. Алайда дәрігер Арынның туып-өскен ортасы, толық өмір және еңбек жолы, оның қайда жазасын өтеп, қайда жерленгені жайлы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен қолда бар құнды ақпараттарға қанағат еткен де жөн.  Арын жайлы  Павлодар облыстық мұрағатында, Потанин атындағы өлкетану музейінің қорында ресми құжаттар мен фото-суреттер сақталған екен. Сонымен қатар музей қорынан дәрігердің ұлы, елге белгілі онколог-дәрігер Арғын Сүлейменовтің өз қолымен жазған өмір жолы жайлы естелігі табылды. 

Павлодар облысында қазақ ұлтынан шыққан алғашқы медицина қызметкерлерінің бірі - Арын Сүлейменов 1877 жылы қазіргі Май ауданының аумағында, яғни Баскөл (Қызыл құрама) ауылында дүниеге келген. Ал 1999 жылы В.Болтина және Л.Шевелеваның құрастырған «Азалы кітап: атылғандар тізімі» атты мұрағат деректері негізінде жарыққа шыққан кітаптың бірінші шығарылымында «1877 жылы Павлодар ауданында туғаны айтылады».  Өлкетанушы, тарихшы Дәурен Аяшинов болса жақында тың деректер ұсынды. Яғни мұрағат деректерінде сақталған 1925 жылғы халық санағында Арын Сүлейменов 51 жаста, үлкен ұлы Арғын жеті жаста деп көрсетілген. Бұл құжатқа сүйенетін болсақ, ол  1874 жылы туған болып шығады. Сонымен қатар тарихшы шежіресін былай тарқатады. Арғын...-Бәсентиін...-Әйтей батыр-Ырысқұл (Төртсары)-Шындауыл-Мойнақ-Байтемір-Бердіқұл-Уса-Сүлеймен-Арын. 

Дәрігердің баласы Арғын 1991 жылы ақпан айында жазған естелігінде: «Арын  әкемді тәте деп атайтын едік. Ол кісінің айтқанын екі айтқызбай орындайтынбыз, әкенің алдынан көлденең өтпей өстік сыйлап. Туған жерімізді қазір Қызыл құрама совхозы, Май ауданы деп атайды. Ол - Ақсу өзенінің Ертістен бөлінетін жері, жардың басында 4-5 үй отыратынбыз. Біздің үй ағаштан салынған, жаз болса үйді жауып жайлауға көшетінбіз. Үлкен, кіші Шыңырау деген жазық жер болды. Құдығы терең болғандықтан Шыңырау деп қойған. Үйде бір үйір жылқы, 7-8 сиыр, 30-40 қой болатын. Әкей - фельдшер, дәрігерлік үйі болатын. Бір киіз үй тігеді, соған науқастар келіп қаралып жатады. Кейде әкей атын жегіп, трашпенкеге дәрі-дәрмегін салып, ел аралап кетеді. Әсіресе білетінім шешек ауруына қарсы балаларға екпе егетін.

Әкем Арын 1877 жылы туған, руы Арғын-Бәсентиін-Төртсары болатын. Жанымызда 6-10 шақырым жерде Күшік, Рысбек деген ауылдар болатын», - деп толғанады. Әкесі Сүлеймен жайлауда жүрген уақытта кенеттен құлап, өмірден жастай кеткен. Артында Арын, Әмір, Омар және Қатша деген қызы қалған. Әмір балташы болып еңбек етсе, 1935 жылы қайтыс болған Омар есепші болған.

1901  жылы 17 мамырда Омбы қаласында берілген куәлікте жазылғандай, Семипалатинск облысы Павлодар уезінің қырғыз баласы Арын Сүлейменов Омбы орталық фельдшерлік мектебінің курсын аяқтағаннан кейін  оған «медицина фельдшері» мәртебесі берілген. Жалпы, патша заманында қырдағы қазақ баласының Ертіс асып, патшалық Ресейдің іргелі де зиялы қауым өкілдері бас қосқан Омбыға барып оқуының өзі бір ерлік десек те болар. Тоғайдан доңыз көрсе сол жерді «Шошқалы» немесе «Доңыз жүрген» деп атап, аяқ баспай қоятын дінге берік қазақ елі патшалы Ресейге баласын оқуға беруге жүрексінгені де шындық. «Бай мен болыстар балаларын жат дінге салынып «шоқынып» кетеді деп қорқып, алыс жерге  жібергілері келмеген.  «Осылайша, сол ауылдан шыққан орта шаруаның баласы Арын Сүлейменовтің бағы жанады.  Сөйтіп, ол фельдшерлік мектепті Омбы қаласында 1901 жылы бітіріп шығады» делінген медицина ғылымдарының докторлары Аман Нұрмақов пен Қалдан Төлеуов бас болып бір топ авторлардың атынан бірге берілген 2015 жылы «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған Арын Сүлейменовтің баласы Арғын туралы «Қазақ медицинасының бастауында тұрған тұлға» атты мақалада. Аталмыш жазбада дәрігер атамыздың оқуын аяқтап келген соң Павлодар уездік ауруханасында еңбек жолын бастағаны, тіпті жаңа ғимараттың құрылысына белсене қатысып қоймай, оны басқарғаны да жазылады.

Арынның Омбыдағы орталық фельдшерлік оқу орнына 1897 жылы түсіп,  үздік белгімен бітіргенін де атап өткен абзал. Ал жерлес жазушы, өлкетану ісінің білгірі Қалмұқан Исабаев «Әке өсиеті» деген мақаласында Арын Сүлейменов туралы былай дейді:

«Сол жылдары Павлодар қаласының аумақты орамына уездік аурухана сала бастайды. Бертінге дейін өмір сүрген Рәбиғаның сөзіне қарағанда, құрылыс басына апамыз киіз үйін тігіп отырған. Арын атамыз әрі құрылысты басқарады, әрі ауру-сырқау жандарды қабылдап, ем-домдық жәрдем көрсетіп, екі міндетті атқарады. Артынан халық «Ақ бәлниса» деп атап кеткен екі  қабатты үйдің қабырғасына аты жазылып, осы қаланың жергілікті ұлт өкілдері арасынан шыққан тұңғыш фельдшер Арын Сүлейменовке бір көшенің есімі беріліп, мемориалды тақта ашылған  көрінеді».

Жас фельдшердің талассыз медициналық қабілеті сол кездегі медицина саласы басшылығының назарынан тыс қалмай, ол учаскелік дәрігер болып еңбек ете бастаған. Бұл оған деген зор сеніммен жүктелген қызмет болғаны даусыз. Мұндай міндет қатардағы фельдшерге құрдан-құр жүктелмегені анық. Себебі жергілікті тұрғындардың көбі Арын Сүлейменовке зор сенім білдіріп, шалдыққан кеселдерінен арылу мақсатында нақты соның алдына бару үшін кезекке тұрған. Яғни қазақтардың дені Арынның аялы алақанына сенген. Бұл - оның науқастармен жылы қарым-қатынаста ғана болғаны емес, сонымен қатар өз ана тілінде кеңес беріп, ем-дом жүргізгендігінің жемісі. Орыс тілін жетік білмейтін ол кезеңде қазақ ұлты өкілдерінің оған жүгіну сырының бірі де осы болса керек. Сол секілді, уездік аурухананың бір бөлмесінде ол отбасымен тұрғанын да атап өткен артық етпес.

Зейін Шашкин Павлодарда оқып жүргенде Баянауылдан келе жатып, жолда жолаушылармен бірге түнейді. Түнде бір адам ақырын түртіп: «Балам, сол жақ бүйіріңмен неге жатасың, жүрегіңе ауыр ғой. Оң бүйіріңе аунап жат», - деп ақыл берген екен. Кейін білгеніндей, бұл дәрігер Арын болған. Айта берсек, жақыны түгілі жатқа да жанашырлық пейіл танытқан оқиғалары жеткілікті.

Қайраткер

Арын Сүлейменов тек қана медицина саласында емес, сонымен қатар қоғамдық істерге де бой алдырған. Омбы көрген жастың білімін мойындаған және адал ісін құрмет тұтқан, сенім білдірген жергілікті жұрт адалдығына да шек келтірмегені әмбеге аян. Мәселен, ол сот ісіне де белсене білек түре араласқан. Құнды мұрағат деректерін сүзгіден өткізе отырып жазған белгілі өлкетанушы Дәурен Аяшиновтің «Аксуйская Волость Павлодарского уезда» атты зерттеу мақаласында мынадай дерек бар.  1908 жылы 21 ақпаннан бастап Момын Меңдібаев пен Сүлеймен Ыдырысов болыс басшысы болған. Ауылдарда олардың билері мен орынбасарлары да тағайындалған. Ал «Присяжным заседателем Павлодарского уезда назначен фельдшер Арын Сулейменов» деген дерек жоғарыда айтылған сөзімізге дәлел. Яғни ол уезде алқаби қызметін атқарған. Қалмұқан Исабаевтың жазуына қарағанда, 1897 жылы күзде Ресей көлемінде алғашқы халық санағы жүргізілген уақытта   осы саяси оқиғаға белсенді қатысқан 20 жасар Арын Сүлейменов 2500 адамнан мәлімет алуда тілмаштық қызмет көрсеткені үшін дала бас губернаторы жарлығымен 2000 рубльге, Патша жарлығымен қола медальға иегер болған екен.

Белгілі руханият жанашыры Қуат Есімханов Арын Сүлейменұлы 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» қол қойғандардың бірі болғанын зиялы қауымнан естігенін айтады. Бұл петиция Алаш арыстарының үкімет басына қазақ халқының жеке-дара ел болып өмір сүруіне, ұлттық мүддесінің сақталуына қатысты сауалдарды алға тартқан құжат болғаны тарихтан белгілі. Ал оған ұлттың қамын ойлаған жүректілер қол қойғанын ескеру керек.

1919 жылы 1 желтоқсанда А.Сүлейменов Павлодар уездік атқару комитетінің денсаулық сақтау бөліміне қызметке орналасады. Алғашында Ақсу фельдшерлік пунктінің меңгерушісі, одан кейін сот-медициналық сарапшысы болып еңбек етеді. Еңбек ете жүріп  білімін де жоғарылатып отырған. Яғни екі жыл уақыт бойы кешкі кеңестік мектепте білім алған.

Өлкетанушы В.Болтинаның мұрағат қорларынан жинақтаған деректері бойынша А.Сүлейменов 1925 жылы 5 қазанда уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайын-далған. Бірақ бір жыл қызмет атқарып, яғни 1926 жылы ауылдық аймаққа кеткен. Тарихшы М.Теренник «Дорогами ГУЛАГа» атты кітабындағы «Дело» Базыкена Оскенбаева» атты еңбегінде: «Переехав в Павлодар Б.Оскенбаев некоторое время работает управляющим аптекой, а затем приказом №7 заседания президиума Павлодарского уисполкома от 11 февраля 1926 года назначается заведующим уездным отделом здравоохранения вместо Арына Сүлейменова, удолившегося по состоянию здоровья», - деп жазады. Бұл деректер Б.Өскенбаевтың 1926 жылы 18 ақпанда жазған анкетасынан алынған.

В.Болтинаның жазуына қара-ғанда, «сақталған 1927 жылдың шілде айындағы құжатта «Ақсу болысының азаматы, Қалмаққырған болысында тұратын азамат Арын Сүлейменов 1926 жылғы бірінші шілдеден 1927 жылғы бірінші шілдеге дейін болыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен және өз міндеттеріне адал қараған». Болыстық денсаулық сақтау бөлімінде еңбек етіп жүрген уақытында ол ауылдарға түрлі тапсырмалармен барған. Яғни колхозшылар мен жеке шаруалардың денсаулығын қорғау, тұрғындар арасында түрлі ауруларға қарсы тұру туралы әңгіме-кеңестер өткізу, тырысқақ ауруының алдын алу шараларын кеңінен енгізген.

1927-1928 жылдар ел тарихында ірі шаруалардың төрт түлік малы мен тұрмыстық дүниесін тәркілеп, байларды жер аударып, халықты ұжымдастырып колхоздар құрылған, айранын ұрттап, қойын құрттап алаңсыз тыныш отырған елдің ішіне зобалаң орнатқан қауырт шақ орнағанын тарихтан жақсы білеміз. Дәл осы жылдары ел ішінде адам баласының терісі тірідей сыпырылып түсіп, жұмыртқаны жаңа жарып шыққан торғайдың балапанындай қызылшақа күйге түсіретін тырысқақ, сап-сау адам жүріп келе жатып шалқасынан құлап жүріп кете баратын оба, сүзек, балаларды қынадай қырған шешек секілді  індеттердің жойқын таралған шағы болды. Оның үстіне сол уақыттағы ауылдардағы дүрбелең кезінде  медициналық дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мардымсыз болғанын ескерсек, Арын Сүлейменовтің өз өмірін қатерге тіге отырып ауру жайлаған халық арасына шығып, бел буып, білек түріп еңбек етуін өз туған халқы үшін көрсеткен қайраткерлігі демеске лаж жоқ.

Жоғарыда аталған Арғын Арынұлының естелігінен тағы да бір үзінді келтірсек. «1928 жылы Қалмаққырған деген жерде фельдшерлік пунктке өзі барып тұрды, үй іші елде. Қалмаққырған Баянауыл тауларының шеті Қызылтау жағында жазық жерлі екі таудың ортасында отырған ел екен. Ол кезде конфискация болмаған кез. Әкем бір байдың үйінде тұрады екен. Мен ат арбамен өзімнің бір тазы итімді бірге алып келгенмін. Ат айдаушы бір туысымыз бар. Иттің аты «Аңқоймас» болатын. Содан әкем айтты: «Арғын, мына тазыңа ана бай қызығып жүр. Қасқыр мен түлкіге салайын, маған сат», - дейді. Мен «балам біледі» дедім. Сенен сұраса «сатпаймын де, ат берсе де көнбе» деді». Содан бай «тазыңды маған бер, мен саған бір жорға берейін, не түйе ал» деді. Мен көнбедім, әкем айтқан «берсең ел итін сатыпты деп сөз қылады» деген». Бұл Арынның ардың адамы болғанын аңғартады.

2005 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған Қоғабай Сәрсекеевтің «Профессор Сүлейменов» атты мақаласында жазушы былай дейді: «Сол бір заманда ел арасында лоқтыр танылған көзі ашық, көкірегі ояу Арын қартты біз бүгінде мақтан тұтуымыз керек... «Дәрігерлік сандығын» асып алып ел кезіп, жұрт аралап кететінін қызық баяндайды. Түрлі ауруларға қарсы медициналық профилактика жұмыстарының да негізін қазақ топырағында сол Арын сияқты емсек ақсақалдарымыз салмаса кетті...».

Дәрігер Арын 1935 жылы  Алматы қаласында өткен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің съезіне Павлодар уезінен төрт делегаттың бірі болып қатысқан және республикалық ана мен нәресте денсаулығын сақтау комиссиясына мүше болып сайланған. Ал 1936 жылы оңтүстік астанаға автономия тойына барған. Мұның барлығы оның ел ішіндегі абырой биігінде болғандығын көрсетсе керек. Атақты Майра Уәлиқызы, Сәбит Дөнентаев, Всеволод Иванов, фотограф-этнограф Дмитрий Багаев, Жұмат Шанин, Қаныш Сәтбаевтармен бірге қызмет жасаған. 1927 жылдан Бесқарағай ауруханасын басқарған, ал кейін құрсауына түскен 37-нің зұлматы уақытында Павлодар ауданындағы Ленин ауруханасының меңгерушісі қызметін атқарған екен.

Шеңгел

Дәрігер Арын қанқұйлы сталиндік репрессияға 1937 жылы 17 тамызда ұшырап, жазықсыз қамауға алынған. 29 қазанда сотталғанға дейін теперішті тергеуден өткені анық. Араға бес күн салып, яғни 1937 жылы 2 қараша күні атылған. Бұл дерек бірқатар мұрағатшылар мен өлкетанушылардың алқалық ақыл-кеңесімен В.Болтина және Л.Шевелеваның құрастырған «Азалы кітап: атылғандар тізімі» атты кітапта анық жазылған және ресми құжаттарға сілтеме жасалған. Ал Павлодар облыстық полиция департаменті Ақпарат және Байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік мұрағатының ұсынған ақпаратында тұтқындалғанға дейін Ленин ауылдық кеңесінде тұрған және сол кеңесте медициналық фельдшер болып еңбек еткені көрсетілген. Сонымен қатар 1945 жылы 25 наурызда өкпе туберкулезінен көз жұмғаны тайға таңба басқандай етіп жазылған. Арғын Арынұлының естелігінде де әкесінің 1945 жылы қайтыс болғаны айтылады және ол ақпаратты ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсынған делінген. Қолда ресми құжаттар болмағандықтан бұл екі түрлі деректің әзірге анық-қанығын анықтау мүмкін болмай тұр.

Арын Сүлейменовке де  қаншама арыстардың өмірін жалмаған кеңестік қылмыстық кодекстің 58 бабы бойынша «халық жауы» деген айып тағылған. Ол Павлодар облыстық соты төралқасының 1956 жылғы 28 маусымдағы қаулысымен ақталған.

Жалпы, ол айнала-сындағы зиялы қауымның жазықсыз қуғындалуын көріп, өзі де сақтанып жүрген секілді. Бұған дәлел ретінде жоғарыда аталған «Қазақ медицинасының бастауында тұрған тұлға» атты мақаладан тағы да бір үзінді келтірсек.

«Тарихтағы ақтаңдақтардың біріне айналған осы қасіретті 1937 жылдың жазында, дәлірек айтқанда, тамыздың он екінші жұлдызында Алматыдағы медицина  институтының 2-курсында оқитын Арғын аға мен інісі Ботабайға жол  қаражатын беріп  жатып әкесі:

– Ертең сабақтарыңа қайтыңдар, – депті. Арғын ағаның:

– Сабаққа әлі ерте емес пе? – деген  қарсылығына көнбепті.

Шамасы, Арын ақсақал да сол кездегі  жалпы елдегі жағдайды түсініп, өзіне де бір күні кезектің келетінін сезген секілді. Тек сол үшін ғана балаларын қорғаштап, сақтағысы келгені білініп тұр».

Әке көрген оқ жонар

Арын Сүлейменов өмірлік жұбайы Рабиғамен (1967 жылы 78 жасында дүниеден өткен, руы Найман) алты бала тәрбиелеп өсірген. 1908 жылы туған үлкен қызы Бәну Қазақ Ғылым академия-сында ғылыми қызметкер болып еңбек етсе, 1910 жылы дүниеге келген қызы Ұрқия медбике болып қызмет атқарған. Бұл жерде бір айта кетерлігі, Ұрқияның күйеуі Мақа Бейсенов Қашыр ауданында аудандық кеңес төрағасы болған, 1937 жылы нақақ жала жабылып репрессияға ұшыраған. Бұл туралы Арғын өз естелігінде жазған. 1916 жылы туған үлкен ұлы Арғын - Қазақстанда аты алысқа кеткен тұлға, медицина ғылымдарының докторы, профессор. 1940-жылдары Павлодар қалалық ауруханасында хирург, одан кейін 1947 жылға дейін Баянауыл аудандық ауруханасында бас дәрігер болып еңбектенген. Онкологиялық ауруларды емдеу турасында талмай түрлі зерттеулер жасаған, өмірінде 5 ғылым докторы, 12 ғылым кандидатын дайындап, 200-дей ғылыми мақала, 4 монография жазып, медицина саласына зор үлесін қосқан ғалым. Екінші ұлы Ботабай 1921 жылы туған, 1941 жылы маусым айында Ұлы Отан соғысында Брест қаласынан топырақ бұйырған. Үшінші ұлы Қызыркен болса 1926 жылы туып, ауыл шаруашылығы саласында еңбектенсе, 1929 жылы дүниеге келген  төртінші ұлы Қоңыр - техника ғылымдары саласында толымды табыстарға қол жетізген ғалым.

Балаларының ішінде Арғын Арынұлының шоқтығы биік екенін атап өтуіміз керек. 1916 жылы 16 қазанда қазіргі Май ауданы Баскөл ауылынан 5-6 шақырым қашықтықта орналасқан «Арынащы» деген жайлауда дүниеге келген Арғынның қазақ ұлты үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Соны ғылыми жаңалықтарды енгізгені былай тұрсын, «халық жауының баласы» деп саусақ шошайтқандардың теперішін сан тартса да, Алматыдағы мединститутты қазақыландыруға көп күш жұмсаған шоң тұлға екенін мойындауымыз керек. Жазушы-әлеуметтанушы Асқар Сәрсенбайдың сөзімен айтар болсақ, «Болашақ ғалым  1935  жылы оқуға  түскенде курстағы  300–400 студенттің  арасында  бар-жоғы  7–10 ғана қазақ  жастары  болыпты. Оған кедергі  қабылдау тәртібі тек орыс тілінде өткізілуі себеп  болған. Ол тұста  мұны  айту  мүмкін емес  болатын. Осындай әлеуметтік әділетсіздікті  көрген  Арғын аға  ойлана келе  белгілі ғалым, медицина ғылымының  докторы, профессор Естөре  Оразақовпен бірлесіп, институтта емтиханды  қазақша алуға, студенттердің 1-2-курста  қазақша білім алуларына  рұқсат сұрап, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші  хатшысы Д.Қонаевқа  өтініш жазады. Мәселе Орталық комитеттің  Білім және  ғылым бөлімінде  қаралып, оңды  шешім қабылданады. Осыдан соң 1962 жылдан бастап Медицина  институтына  қазақ мұғалімдерін  тарта бастайды. Соның  арқасында  институтқа түсетін қазақ  балаларының  саны  артады. Ұлт дәрігерлерінің  де саны  артып, ғылым кандидаттары, докторлары, профессорлары  шыға  бастайды. Мұндай азаматтық  бастамасыз  қазақ  медицинасы табысқа жете алмас еді. Оның  тұлғалық  қасиеті  осы  жылдары  айналасына таныла түсті. Үстінен арыз ұйымдастырылып, оның  бәрінен де адалшықты» («Мединститутты қазақыландырған Арғынның еңбегі неге еленбейді?» мақаласы. «Қазақстан дәуірі» газеті, 2018 жыл).

Жақында Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатының «30-40 және 50-жылдардың басында негізсіз жазаланғандардың істері және құжаттары топтамасы» деген қордан Арын Сүлейменовтің 1915 жылы баласы Арғынмен түскен (Суретте сол жағында баласы Арғын Сүлейменов. Автор) және 1907-1911 жылдары өзі еңбек еткен Павлодар уездік ауруханасы ғимаратының фотосуреті табылды. Бұл сурет «дәрігер Арынның» әулеті мүшелерінің бірінен тоқсаныншы жылдары Ертіс бойында жазықсыз жапа шеккендер мен қуғын-сүргін көргендер, ақтаусыз атылғандар туралы азалы кітапты жазу барысында алынған болуы да мүмкін. Ол жағы бізге беймәлім. Тек баласымен түскен сурет «1915 жылғы» екендігі күмән тудырады. Арғын Сүлейменов 1916 жылы дүниеге келген, сондықтан да оның 1915 жылы суретке түсуі қисынсыз. Біздіңше, құжаттың атауын жазу барысында бір саннан қате кетуі мүмкін. Қағаз «кеміріп» жұмыс істейтіндер бұндай жайттардың ойламаған жерден жиі болып тұратындығын біледі. Кешіріммен қарайық. Біздіңше, бұл 1924 жылы түсірілген сурет болуы мүмкін. Себебі Арын Сүлейменов баласы Арғынды сегіз жасында Керекудегі орыс мектебіне (Алғашқы Кеңес мектебі) оқуға береді. Өзі уездік денсаулық сақтау мекемесінде жауапты қызмет атқарады. Осы пайым санаға сыйымды секілді. Қала стилімен киінген екі балаға қатысты сұраққа тек әулет мүшелері болмаса, біздің дөп айтар дәлеліміз жоқ.

Бір ауруханаға есімі берілсе...

1991 жылы алғашқы уездік аурухананың қабырғасына (Абай көшесі, 115 мекенжайында орна-ласқан ғимарат) «Ертістің Павлодар өңірінен шыққан алғашқы қазақ фельдшер (1901 ж.) 1907-1918 жылдары уездік бірінші аурухана құрылысын басқарды, ауруларды емдеді және осында тұрды. Репрессия құрбаны. 1977-1938» деген мәтін жазылған ескерткіш тақта орнатылған.

1991 жылдан бері қанша жыл жөңкіліп өтсе де,  ардақты дәрігерге арналған ғылыми-зерттеу еңбек жазылды ма? Мерейтойлық даталар кең көлемде аталып өтті ме? Жоқ! Қаншама жұқпалы дертпен бетпе-бет келіп күресіп, өз өмірін қатерге тігіп, ұлтым деп өткен асыл ердің аруағын бір ауната алмай жүргеніміз - ащы да болсын шымбайға батар шындық.

Қорыта айтқанда, Ертіс бойындағы қазақтардан алғашқы болып суырылып шығып, медицина саласының мыңдаған сырын меңгерген алғашқы фельдшер-дәрігер Арын мен оның ұлы медицина білгірі Арғын Сүлейменовтердің есімі ел ішінде әлі де болсын кем аталып жүргені қынжылтады. Қазіргі таңда жазушы-әлеуметтанушы Асқар Сәрсенбай сынды қаламгерлер Алматыдағы көшелердің біріне Арғын есімі берілу керек деп мәселе көтеріп жүрсе, біз әкесі «дәрігер Арынның» аты Павлодар қаласындағы аурухана-лардың біріне сұранып-ақ тұрғанын айтқымыз келеді.

 

Бейбіт Бөжен.

saryarka-samaly.kz