- Қайролла аға, биыл Павло-дардағы алғашқы мұғалімдер курсының ашылғанына 100 жыл толғаны жөнінде жиі айтып, дәріптеп жүрсіз. Жалпы, бұл оқу мекемесі қалай құрылып еді?

- Кеңес өкіметі орнаған күннің ертеңінен бастап бірден халық ағарту бағытындағы мәселелерге көңіл бөлінді. Ал Қазақстанда 1920 жылы «Халықтың сауатсыздықты жою науқаны» басталып, ұзақ жылдар бойы жүргізілді. Қазақ АКСР ОАК-нің бұйрығы бойынша әр облыста өлкелік Халық ағарту бөлімдерінің жанынан мұғалімдерді тез арада даярлайтын қысқа мерзімді курстар ашылды. Дәл осындай оқу орны Павлодарда да құрылып, жұмыс істей бастады. Оған оқу-білімге құштар қазақ жастары көптеп тартылып, бірнеше айдың ішінде мұғалім мамандығын игеріп шықты. Яғни, Кеңес өкіметінің бұйрығы бойынша, бар болғаны үш ай немесе алты ай ішінде мұғалімдік қағаздарын алып шығуы тиіс. Содан кейін ауыл-ауылдарды аралап, елдің  жастарын оқу-білім және өнер үйренуге үгіттеп, ағартушылық бағытта жұмыс істеу керек болды. Бұл жаңа құрылған өкіметтің білім беру саласын бір арнаға түсіру, халықты топтастыру мақсатында ойлап тапқан саяси жүйесінің бір тармағы еді. Дей тұрғанмен, бұл біздің қазақ халқы үшін пайдалы болды. Қаншама жастарымыз білім алып, кейін ұлт үшін еңбек етті. Осы жерде астын сызып айтар бір мәселе бар. Бұрын қазақты Кеңес өкіметіне дейін қараңғылықта өмір сүрді, сауатсыз болды деген әңгіме жиі айтылатын. Тіпті, мұндай түсінік бертінге дейін болғанын жасыра алмаймыз. Кейбір тарихи мәліметтер қазақ халқының екі пайызы ғана сауатты болды деп жазады. Бұл – жаңсақ әңгіме. Иә, кирилл алфавиті бойынша оқып, жазуға шабан болған шығар. Бірақ, сол кезде, яғни революцияға дейін халықтың кем дегенде 50 пайызының ескіше сауаты бар еді. Қазақтар төтеше қаріппен оқу-жазуды әлдеқашан меңгеріп алған. Латын жазуына да жаман болған жоқ. Олай дейтініміз, ол кезде әр ауылда немесе екі-үш ауыл арасында бір молдадан болатын. Үлкен мешіт, медреселері болмаса да, кішігірім киіз үйлерге балаларын жинап, оқытқызатын. Ауыл молдалары алдына келген шәкірттеріне Құран жаттатып, намаз үйретіп қана қойған жоқ. Қоғамға қажетті пәндерді - математика, тарих, химия, жағрапия сынды сабақтарды да оқытты.

- Ертіс-Баян өңірінде ашылған алғашқы мұғалімдер курсын қанша қазақ баласы тәмамдады? Кімдердің есімін білесіз?

-  Бұл курс алғашқы құрылған жылы 80-дей қазақ жастары оқып, бітірген. Олардың арасында академик Әлкей Марғұлан, Ешмағамбет Құнанбаев, Әбілқасым Түлкібаев, Жандай Тіленшин, Шәкібай Байғұланұлы, Қалимолла Алшынбаев сынды жерлестеріміз бар. Бұлар Ертіс-Баян өңірінің халқын, соның ішінде қазақ жастарын өнер-білім үйренуге шақырып, «халықтың сауатсыздығын жою науқанына» белсене қатысты. Қысқа мерзімді мұғалімдер курсына ешкімді көшеден әкеп кіргізе салған жоқ. Оқуға келгендердің барлығы бұрын ауыл молдасының алдынан өтіп, ескіше хат таныған адамдар еді. Себебі, олар бірнеше ай оқи сала мұғалім болып кету мүмкін емес еді ғой. Яғни, бұған дейін де жан-жақты білімі бар, көздері ашық азаматтар болатын. Мысалы, көбі - Тройцкідегі «Расулия» медресесінде, Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып, сауаттарын ашқандар.

- Алғашқы мұғалім ретінде есімдері тарихқа жазылған адамдар сол тұста халыққа пайдалы қандай жұмыстар атқарып кетті?

- Олардың әрқайсысы - бір-бір тұлға. Атқарған істері де ауқымды. Тек ұлт мүддесі жолында еңбек еткен адамдар. Мысалы, жоғарыда айтқан Шәкібай Байғұланұлы - елімізге танымал тұлғалармен көп жүздесіп, олардың әңгімесіне қанық болған адам. Мысал ретінде айтсақ, 1924-25-інші жылдары қазақтың алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлымен кездесіп, біраз күн бірге жүрген. Тіпті, өзінің үйіне қонақ қылған екен. Ол туралы Қостанай қаласында шығатын «Коммунизм туы» газетінің 1971 жылдың 22 маусымы күнгі санында жарияланған. Ол кезде Шәкең Ертіс ауданында мұғалім болып жүріпті. Сол оқиғаны былайша еске алады өзі: «Оқу жылы жаңа басталған кез. Октябрь революциясының жеті жылдық мерекесіне дайындалып жатқанбыз. Сабақтан босап пәтеріме келсем, төрде аудандық оқу бөлімінің бастығы Жандай Тіленшин атан түйедей биік, зор денелі, басы үлкен, жақтары жебелі, мойны ұзын, бұрын мен көрмеген бір ғажап адаммен әңгімелесіп отыр екен. - Е, міне, өзі де келді, – деді Жандай маған қарап. Мен аңырып тұрып қалыппын. Соны сезген Жандай: танысып қойыңыз, мына кісі - Қажымұқан деген атақты палуанымыз. Сіздің жаныңызда жатқаны жөн болар деп, ертіп келіп отырмын, деді. Жол болсын, дедім мен қол беріп амандасып жатып. Қарсылық жоқ, қайта батырмен бір жатқаным қуаныш емес пе дедім».

Атақты әнші Иса Байзақовқа ауылда мал бағып жүрген жерінен жол нұсқап, білім алуына себепкер болған осы Шәкібай ақсақал екен. Оқу бітірген соң Ертіс ауданынан ары қарай жиектегі ауылдардың біріне мұғалім болып барады. Сол жақта бір өнерлі бала бар деп естіп жүреді. Ол – атақты ақын, әнші Иса Байзақов болатын. Бір күні Шәкібай мұғалімді Исаның өзі іздеп келеді. Енді бүр жарып келе жатқан жас таланттың өлеңін оқып, әнін тыңдағаннан кейін бірден қалаға баруға кеңес береді. Тіпті, қайда барып, кіммен кездесу керектігін де бүге-шігесіне дейін ұқтырады. Содан әнші аға ақылын тыңдап, жолға шығады. Алдымен Павлодар уезіне келіп, алдында айтқан адамдармен жүздеседі. Солардың көмегімен Семейге барып, жұмысшылар факультетіне оқуға түскен. Шәкібай Байғұ-ланұлының алғашқы медресеге оқу іздеп барған оқиғасы тіпті қызық. Шамамен 13-14 жаста болса керек. Ол кезде ата-анасымен бірге Қызылжар ауылында тұрған. Сол ауылдың молдасында оқитын көрінеді. Кейін одан да қажиды ғой. Бір күні өзімен қатарлас жүретін екі досымен бірге үйлерінен жасырынып жолға шығады. Бағыты – Омбы қаласы. Мақсаттары – білім алу. Сол кезде Тобылжаннан Омбыға кіремен тұз апарады екен. Жазда өзен пароходымен жеткізсе, қыста ат шанамен тасиды. Жаяу жолға шыққан үш балаға ат шанамен тұз тасушылар кез болып, аман-есен Омбыға жеткізіп тастайды. Содан сұрастырып жүріп медресені тауып алып, бірден оқуға мүмкіндік алады.

- Тағы бір сөзіңізде Чернорецк ауылындағы балалар үйі осы алғашқы ұстаздардың бастамасымен ашылғанын айтқан едіңіз...

- Иә, дұрыс айтасың. Жоғарыда есімін атаған Қалимолла Алшынбаев деген ағамыз Чернорецк ауылында облыстағы алғашқы балалар үйін ашқан. Сол балалар үйінің алғашқы директоры - жаңағы Шәкібай Байғұланұлының әйелі  Сәбира деген апамыз. Ұлты татар болатын. Сәбира апамыз да - сол алғашқы мұғалімдер курсының түлегі. Ол кезде ел ішіндегі әлеуметтік топтар мен таптар арасында жиі қақтығыс болып тұратын. Міне, соның салдарынан жан-жаққа босып кеткендердің балалары қабылданған. Одан кейін 30-шы жылдары алапат аштыққа тап болдық. Сол кезде де ата-анасы аштықтан бұралып өліп, қараусыз қалған балалар алынды. Міне, бұл балалар үйі қанша қазақ баласын аштық ажалының құрығынан құтқарып, адам қатарына қосты. Бұл – сол алғашқы мұғалімдердің орасан еңбегі.

- Жалпы, Павлодардан шыққан тұңғыш ұстаздардың сол еңбектері қазір қаншалықты бағалануда? Біздің өңірдің білім саласы тарихында осындай тұлғалар болғанын жұрт біле ме?

- Мені қынжылтатыны – осы мәселе. Өкінішке қарай, алғашқы мұғалімдердің еңбектері  мүлдем ескерусіз қалды. Есімдері ел есінен шығып кетті деуге болады. Олардың еңбегі неге насихатталмай қалды, бұл сұрақ жұмбақ күйінде қалып келеді. Тек Жандай Тіленшиннің атына ғана Ақтоғай ауданы бір мектеп берді.  Ол 1920 жылы сол мұғалімдер курсын бітіріп, өмірінің соңына дейін білім саласында жұмыс істеді. Бастапқыда мұғалім болып жүріп, кейін Ертіс аудандық білім беру бөлімін басқарды. Негізі, мұғалімдер курсына бармас бұрын Тройцк қаласындағы «Расулия» медресесінде білім алған екен. Тағы бір айта кетерлігі, 1920 жылғы түлектердің кейбіреуі оқу бітіргеннен кейін басқа салаға кетіп қалды. Мысалы, құқық қорғау саласына ауысып, сот, прокурор болып қызмет істегендер бар. Олардың барлығы - бай-ауқатты адамдардың балалары. Сонымен қатар, Алаш идеясын саналарына сіңірген еркін ойлы, ұлтшыл азаматтар болатын. Иә, биліктің пәрмені оларға кеңестік саясатты дәріптеуге жүктегені рас. Бірақ, олардың түпкі мақсаттары ұлттық сананы жаңғырту, қазақ жастарының көзін ашу
болатын.

Ендігі міндет - осы 100 жылдықты лайықты деңгейде атап өту. Осы мерзімде біздің білім қандай деңгейге көтерілді және оған кім қалай үлес қосты? Яғни, біздің өңірдегі ағарту саласының жүйеге түскеніне алғашқы мұғалімдердің ауыз толтырып айтар еңбегі барын жұртқа жеткізу керек. Сонымен қатар, сол оқу курсын бітіргендерді білетін біреулер бар ма? Соған сұрау салу қажет. Бұл – бірер күннің шаруасы емес. Айлап, жылдап айналысатын мәселе. Мұны жергілікті архивтерден ақтарып, музейлерден іздестірген жөн. Мүмкін біреудің дипломы, біреудің анықтамасы табылатын шығар.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

 

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz