Елдегі карантинге байланысты шай-балы хоккейден Қазақстан чемпионаты уақытынан бұрын аяқталды. Яғни, тұрақты біріншіліктегі матчтар толық ойналды. Бірақ, біріншіліктің плей-офф кезеңі тәмамдал-май қалды. Осылайша, ұйымдастыру комитеті биылғы маусымның жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жарияламау туралы шешім шығарды. Командалар бір-бірімен өз айдынында және сыртта өзара ойындар өткізетін тұрақты біріншілік қорытындысы бойынша Павлодардың «Ertis»-і екінші орынды иеленді. Ал Көкшетаудың «Арланы» топ жарды.

Қазақстан хоккей клубтарының басшыларымен өткен жиында келер жылы өтетін Құрлықтық кубокта ел намысын қорғайтын команда анықталды. Әдетте, осынау әлем-дік додаға тұрақты біріншіліктің жеңім-пазы қатысатын. Яғни, жол «Арлан» клубынікі еді. Бірақ, белгілі бір себептерге байланысты көкшетаулық команданың қатысуына рұқсат берілмеді. Осылайша, таңдау тұрақты біріншілікте екінші орын алған «Ertis»-ке түсті.

Осы жылдың 24 маусымында онлайн режимде Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының кезектен тыс Конгресі өтеді. Алқалы жиында 2021 жылғы Құрлықтық кубокты жаңа форматта ұйымдастыру ұсынылады деп күтілуде.

Еске сала кетейік, турнирдің іріктеу кезеңі 2020 жылдың 16-18 қазан күндері өтеді. Іріктеуден өткендер топтық кезеңде бақ сынайды. Онда 16 команда төрт топқа бөлініп өнер көрсетеді. Топ жеңімпаздары кубокты өзара сарапқа салады. Жарыстың финалдық кезеңі 2021 жылдың 8-10 қаңтарына жоспарланған.

Хоккейсүйер қауымға клубтағы соңғы жаңалықтарды да жеткізе отырайық. Шабуыл-шы Павел Развадовский клубтан кетті. Оның мұндай шешім қабылдауына коронавирус пандемиясы және жаңа маусымның басталу кезеңінің белгісіздігі себеп болған көрінеді. Келісімшарт қос тараптың өзара келісімімен күшін жойды. Павел Развадовский «Ertis» сапында 62 кездесуге қатысып, команданың 55 голының соғылуына ықпал еткен.

П.Развадовскийден бөлек, ресейлік ша-буылшы Андрей Демидов та командамен қош айтысты. Оның да мұндай шешім қабылдауына пандемия мен жаңа маусым-ға қатысты нақты шешімдердің жоқтығы түрткі болған. 44 шайбаның соғылуына үлес қосқан Андрей павлодарлық клубтың сапында 58 ойын өткізді.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz